Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

ЖИ-ді білмей, мақтанба!

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. «2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Озық технологиялар еліміздің саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ», деді Президент. Осыған орай, бүгіннен бастап газетіміздің «Цифрлық ел» атты арнайы беті оқырманға жол тартады. Мұнда цифрландыру саласындағы өзгерістер мен жасанды интеллект бағытындағы бастамалар туралы жазылып, олардың қоғам мен экономикадағы маңызы сараланады. Сондай-ақ ел дамуының негізгі бағыттарындағы цифрлық трансформация төңірегіндегі жаңалықтар тұрақты түрде жарияланып отырады.

ЖИ-ді білмей, мақтанба!

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінгі кезде «стартап», «жасанды интеллект», «цифрландыру» деген сөздерді жиі еститін болдық. Бірақ бұл атаулардың артында қандай үдеріс жүріп жатқанын, бір идеяның қалайша өнімге айналатынын, оны жасаған адамдардың кім екенін көпшілік біле бермейді. Телефондағы қосымша, автоматтанған қызмет, ақылды жүйе дегендердің бәрі сырттай қарағанға жеңіл жұмыс секілді көрінеді. Ал шын мәнінде оған ұзақ ізденіс, тәжірибе, тәуекел, ең бастысы идея күйіндегі жобаны нарыққа алып шығатын қолдаушы орта қажет. Мінеки, осындай технологиялық экожүйенің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қалай жұмыс істейтінін толық түсіну мақсатында ЭКСПО аумағында орналасқан «Astana Hub» технопаркіне арнайы барғанбыз. 

нр

Маман болам десеңіз...

Бәсеке табалдырығын 2018 жылы аттаған алғырлар ордасы бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық хабқа айналып үлгерді. Төрт қабатты ғимаратқа кірген бетте-ақ мұндағы жұмыс ырғағы да, кеңістік мәдениеті де әдеттегі кеңседен өзгеше екенін байқадық. Мәселен, кіреберістегі «Алақан» жүйесі бірден назарымызды өзіне аударды. Өйткені келушілер ішке қарай өту үшін рұқсат қағазын емес, алақанын экранға тосқан кезде жасыл шам жанып, есік ашылып жатты. Ұсақ деталь сияқты көрінгенімен, бұл – хабтағы жобалардың өмірде қолданылып жатқанын көрсететін нақты мысал. Оның үстіне, осы идеяның өзі «Astana Hub»-тан шыққан стартаптың бірі екен.

Тағы бір таңғалдырғаны, бізді адамға ұқсас роботтың қарсы алғаны. Кішкентай құлтемір сәлемдесіп қана қоя ма десек, «технопаркті да өзім таныстырамын», дейді. Ал керек болса! «Ендеше, жол бас­таңыз», дедік экскурсия жасайтын робот-қыз­меткерге.

Технопарктегі бірінші аялдамамыз – «Tomorrow School» кеңсесі болды. Еліміздегі алғашқы жасанды интеллект мектебінің ерекшелігі – мұнда дәстүрлі оқытушылар жоқ, студенттер бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасады.

«Astana Hub»-тың аса маңызды бағыты – адам капиталын дамыту және технологиялық таланттар қауымдастығын қалыптастыру. Қазір «Tomorrow School»-да елімізден бөлек, АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген 300-ден астам студент білім алып жатыр», дейді «Astana Hub» қатысушыларды қолдау кеңсесінің директоры Нұрмахан Закарин.

р

Студенттердің орташа жасы – 27, оның ішінде 35%-ы – қыз-келіншектер. Бұл кейінгі жылдары әйелдердің IT саласына қызығушылығының артып келе жатқанын айғақтайды.

«Мамандығым экономист болса да, IT және жасанды интеллектіге қызығу­шы­лы­ғым бар еді. «Tomorrow School» адамның өзін-өзі дамытуы туралы түсінігімді түбегейлі өзгертті. Мұнда бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасамыз. Бұл жерде білім алумен ғана шектелмей, командамен жұмыс істеуді, кәсіби байланыс­тар орнатуды үйреміз. Бұл – қарқынды өзгеріп жатқан IT нарығында аса маңызды дағдылар», дейді «Tomorrow School»-ға экономика саласынан келген студент Әмір Жақышев. Демек, қай мамандықтың өкілі болсаңыз да, ІТ бағытында білім алып, жаңа жоба бастап көр­сеңіз әбден болады.

Оқу бағ­дар­ла­масын тәптіштеп түсін­дір­сек, 18 айдың ішінде студенттер 20-дан астам бағдарламалау тілін меңгереді. Ең бастысы, оқу үдерісі икемді әрі тәулік бойы қолжетімді, яғни студенттер өздеріне ыңғайлы уақытта білім ала алады. Айтпақшы, бұл бағдарламаның оқуы толығымен тегін. Тіпті шалғай өңірлерден келген үздік студенттерге тегін жатақхана беріледі.

«Сондай-ақ жақында 12–18 жас ара­лы­ғын­дағы жасөспірімдерге ар­налған TUMO орталығы іске қосылмақ. Мұнда балалар роботтехника, бағдар­ламалау, 3D-модель­деу сынды креа­тивті технология­ларды меңгеріп, генеративті жасанды интеллект, ойын жасау, цифрлық музыка, кинематография, графикалық және моушн-дизайн, веб-әзірлеу секілді 11 негізгі бағыт бойынша оқиды», деді «Astana Hub» қатысушыларды қолдау кеңсесінің директоры Нұрмахан Закарин.

Стартап сырын білсеңіз...

Осылайша, жасанды интеллектіні мең­ге­ру ұзақ сапардың алғашқы һәм маңызды қа­­дамы екенін ұқтық. Ал сол білімді «қол­ға ұстай алатын» өнімге айналдыруға нарықтың тілін түсініп, оны клиент алдында сынап көретін жүйе керек екен. Мұны бізге әлгі адам тәріздес робот айтты. Ол тіпті «Маған сенбесең, мамандармен жолықтырайын» дегендей, бізді жоғарғы қабатқа жетелеп, стартаптар кеңсесіне қарай алып келді.

«Astana Hub» бас­қарушы ди­рек­торы Таңат Өскембаев стар­­таптың қалай құры­латынын ұғынықты етіп жеткізді. Оның айтуынша, мұнда стартаптың жолы көбіне идеядан немесе MVP-ден басталады. MVP дегеніміз – өнімнің ең алғашқы, ең қарапайым нұсқасы.

«Astana Hub»-та «идеядан өнімге» жолын түсіндіретін алғашқы қадамдардың бірі – «Startup Academy». Бұл – техно­логиялық кәсіпкерлікті үйрететін онлайн курс. Мұны жай «лекция көрдім» деп қабылдауға болмайды. Аталған курс­та клиентпен сөйлесу, нарықты бағам­дай білу, командаға керекті гипотезаны тексеру сияқты базалық дағдылар сіңіріледі. Ең маңыздысы – «Startup Orda» бағдарламасына өтінім берудің міндетті шарты да осы курс екен.

р

Ал «Startup Orda» идея сатысындағы әлі шикі, бірақ үміті бар жобаларға арналған. Мұнда қаты­­сушылар ко­манда құрып, өнімді дамытып, MVP жасап, келесі өсу кезеңіне да­­йындалады. Осы уақытта салалық сарап­шылармен практикалық сес­­­­­­­сиялар өтеді, жеке консультация барысында мамандар жобаңыздың қай жері ақсап тұрғанын нақты түсін­діріп береді.

Осы кезеңнен өткен соң, стартап иесі: «Жарайды, MVP бар. Енді оны кім сатып алады?» деп ойлайды. Міне, осы тұста екінші ірі кезең басталады. Нақтырақ айтсақ, келесі баспалдақ – инкубация және акселерация. Таңат Өскембаевтың сөзінше, «Startup Garage» бағдарламасы MVP-ден алғашқы сатылымдарға дейін қолдау көрсетеді. Ал одан кейінгі «Silkway Accelerator» – инвестиция тартуға, команданы өсіруге, идеяны түбегейлі растауға бағытталған үдеріс.

Бір сөзбен айтқанда, мұнда стартапты тек сөз ретінде емес, кезең-кезеңімен өсетін тірі ағза сияқты тәрбиелейді. Экожүйе дейтініміз де дәл осы, яғни білім, менторлық, сараптамалық қолдау, инфрақұрылымға қолжетімділік, сондай-ақ технологиялық бизнесті дамы­ту­ға арналған салықтық және визалық жеңіл­діктер – бәрі-бәрі бір арнаға тоғысқан орта бұл.

Бес бағытты машық қыл

Кеңселерді аралай жүріп, «Astana Hub»-та – бәрі «әдемі сөз» үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтініне көзіміз жетті. Бір жерде бір топ MVP жасап әуре болып жатса, екіншісі инвес­тор алдында презентация­­сын қорғап, ал үшіншісі тіпті шетел нарығына шығудың жос­парын пысықтап жатыр. Осы орайда «бұлардың бәрі қай бағдарламаның аясында жүр?» деген сұрақ туындады. Сол сәтте бізді «Astana Hub» бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры Әшімбек Әбілғазинов қарсы алып, технопарктегі «жол картасын» қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, «Astana Hub»-тың басты артықшылығы – стартапты бір­­ден «үлкен бизнес» қылып жіберу емес, кезең-кезеңі­­мен өсіретін жүйенің болуы. Яғни идеясы бар адамға – бір бағдарлама, алғашқы өнімі дайын командаға – басқа бағдарлама, ал халықаралық нарық­қа шығам дегендерге бөлек бес бағыт қарас­ты­рылған.

Бірінші, көпшілікке жиі естілетін «Silkway Accelerator» туралы сөз болды. Әшімбек Әбілғазинов бұл бағдарламаны «Google for Startups»-пен бірлескен ең ауқымды акселерацияның бірі ретінде атады. «Silkway Accelerator» бүгінге дейін 70-тен астам табысты стартап шығарды. Олардың жалпы нарықтық бағасы 575 миллион долларға жетіп отыр», деді ол.

е

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – өнімін жинақтап, сатылымын өсіргісі келетін, нарыққа шығудың нақты жоспары бар командаларға арналған «жедел жәрдем» сияқты.

Екінші, «халықаралық тәжірибе керек» дейтіндерге «Astana Hub»-та «Hero Training» бар. Бұл – «Draper University» серік­тес­тігімен Кремний алқабы экожүйе­сіне жақын форматта өтетін бағдарлама. «Hero Training» 40-қа жуық стартапқа ха­лықаралық тәжірибе жинап, инвестиция тартуға мүмкіндік берді», дейді кеңсе директоры. Яғни мұнда жай ғана теория емес, «Инвестор қалай ойлайды, команда қандай тілде сөйлейді, өнімді қалай дәлелдейсің?» деген сұрақтарға нақты жауап ізделеді.

Үшінші, келесі бір деңгей – өнімді елімізде ғана емес, АҚШ-та да өткізу. «Astana Hub»-та мұндай мақсатқа бағыт­тал­­ған серік­тестік бағдарламалар бар. Соның бірі – «AlchemistX & Silicon Valley Residency». Әшімбек Әбілғазинов бұл бағыт өңір стартаптарына АҚШ нары­ғына шығу­дың жаңа мүмкіндіктерін аш­қанын айтады.

5

Төртінші, техно­парк­те жүріп бай­қаған тағы бір ерек­ше­лік, мұн­дағы стар­таптар қала­ның нақты қаже­тін де ескереді. «Astana Innovations Acce­le­rator» дәл соған ар­нал­­ған. Бағдарлама ая­сында қатысу­шы­лар мектеп, емхана, жедел қызмет сияқты ортада өнімдерін сынап, нақ­ты жағдайға бейімдейді. Жуырда бұл бағдарламаның қоры­тын­­дысы шығарылыпты: барлығы 160 үміт­кер­дің ішінен 8 стартапты іріктеп, жеңім­паз­дар­ға SAFE келі­сім­дері аясында 5 000 000 теңгеден табыс­­таған.

Бесінші, «Astana Hub»-тың тағы бір ірі бағдарламасы – «Startup Orda». Мұны Әшімбек Әбілғазинов еліміздегі стартап-инкубацияның ең ауқымды бастама­ла­ры­ның бірі ретінде сипаттады. Ел бойынша 752 өтінімнің ішінен 212 жоба финалға өткен. Бағдарлама бір мезетте 16 өңірлік IT-хабта жүзеге асырылған. Қатысушылар нарықты зерттеу, бизнес-модель құру, сату, инвестиция тарту, заңды тіркеу секілді тақырыптарды қамтитын 12 модульден өтіп, жеке консультация алған.

Тобықтай түйін: Сыртқа беттегенде кіреберістегі «Алақан» жүйесіне тағы да көзіміз түсті. Алға­­­шында оны жай ғана қызық деталь деп қабыл­­­даған едік. Бірақ хабтың қайнап жат­қан тыныс-тіршілігін көрген соң, осы қара­пайым шешімнің астарында үлкен ұстаным жатқанын ұқтық. Мұнда әрбір игілікті идея қағаз жүзінде қалмауы керек, жасалған дүние нарықта қолданыс табуға тиіс. «Astana Hub»-та әр стартаптың өз жолы бар. Технопарк сол сапарда бағыт көр­сетеді, орта қалыптастырады, қажет тұста сүйеніш болады. Ал қалғаны коман­да­ның өзіне байланысты... 

Соңғы жаңалықтар