Шақыртулар Астана, Алматы қаласында, Түркістан облысында жиі тіркелген. Жан сақтау көрсеткіші 8,2%-ға өсіп, 60,3%-ды құраған. Шұғыл санат бойынша жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыртудың орташа уақыты – 1,7 минут, жеделдіктің бірінші санаты бойынша жетудің орташа уақыты 8,8 минутты құрайды. Шақырулардың басым үлесі тыныс алу ағзаларының ауруларына тиесілі. Жедел жәрдем дәл осындай себеппен 1 778 189 мекенжайға барған. Бұл пайызға шаққанда жалпы шақырудың 23,8%-ы. Сол секілді жүрек-қан тамырлары аурулары себебімен – 1 434 483 (19,2%), басқа аурулар – 1 249 223 (16,7%), жарақаттар, улану, жазатайым оқиғалар – 735 183 (9,8%), соның ішінде жол-көлік оқиғалары – 40 972, неврологиялық аурулар – 714 915 (9,6%).
Өткен жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 52 097 адам зардап шексе, оның 64,3%-ы стационарларға жеткізілген. Қаза тапқандардың үлесі зардап шеккендер санының 2,4%-ын құрады. Жол-көлік оқиғасы кезінде жетудің орташа уақыты – 8 минут. Осыған қоса, жедел жәрдем қызметі жіті миокард инфарктісі жөнінде 27 378 шақыртуға, инсультке қатысты 52 207 шақыртуға қызмет көрсетіпті.
Бүгінде еліміз көлемінде бір ауысымда 1 618 көшпелі бригада, оның ішінде 258 мамандандырылған дәрігерлік, 1 360 фельдшерлік топ жұмыс істейді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің кадрлармен қамтылуы 86,8%-ды құрайды. Оның ішінде дәрігерлермен қамтылуы – 74,8%, орта медицина қызметкерлерімен қамтылуы – 88,1%.