фото: ашық дереккөз
Жаңа қағидаларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар арнайы шот ашқаннан кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін электронды өтініш береді. Өтініште арнайы шоттың нөмірі, қаражатты пайдалану мақсаты және қолжетімді сома көрсетіліп, электронды цифрлық қолтаңбамен расталады.
Енді өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдерін көрсету талап етілмейді.
Жаңартылған талаптарға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін ипотекалық қарыздың негізгі қарызын толық немесе ішінара өтеуге, сондай-ақ бір банк қарызы шеңберінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге пайдалануға болады. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеке тұрғын үй салуға немесе жеке тұрғын үй құрылысы мен жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер телімін сатып алуға рұқсат етіледі.
Зейнетақы жинағы есебінен емделу мүмкіндігі қашан қайта беріледі?
Сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына немесе жақын туыстарына беру мүмкіндігі сақталады. Алайда бұл құқықтарды үшінші тұлғаларға қайта беруге жол берілмейді.
Егер белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаса, пайдаланылмаған қаражат өтініш берушінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылады. Қате қайтарылған сомалар белгіленген тәртіппен қайта аударылады.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастады.