Сурет: freepik.com
Бір анығы жиырмадан астам жасөспірім аудандық көпбейінді ауруханаға түскені расталды. Қызылордалық жасөспірімдер Меркідегі «Тұран» демалыс аймағынан ауруханаға жеткізілген. Олар мұнда оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін келген екен.
«2026 жылғы 21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12-17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Олардың 21-і бойынша алдын ала диагноз – этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит. Балалардың біреуі аяқ жарақаты бойынша дәрігер көмегіне жүгінген.
Аурудың себебін анықтау мақсатында науқастар мен тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған, қорытындысы әлі жария етілген жоқ. Аталған жағдай бойынша облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар бұл дерек 2026 жылғы 21 қаңтарда Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті үдерістік шешім қабылданатын болады.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізді. Балалар медициналық бақылауға алынған, тиісті органдар тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы тұрады. Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулықтары қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Демалыс орнындағы басқа балаларға медициналық тексеру жүргізілді, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, профилактикалық шаралар жалғасып жатыр», делінген ресми ақпаратта.
Өзге де жауапты тұлғалар мен құзырлы органдар аталған жағдай бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп отыр. Алдағы уақытта қайдан ағаттық кеткені толыққанды анықтала жатар. Десе де кейінгі жылдары Жамбыл облысында мұндай оқиғаның жиі тіркеле бастағаны кімді де болсын толғандырмай қоймайды.
Жамбыл облысы