Фото: gov.kz
Бұл туралы Сенатта өткен брифинг барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді. Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес үшінші төлем 2026 жылдың 1 ақпанынан кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Алайда бұл күн жексенбіге сәйкес келгендіктен, қаржыны аудару мерзімі алға жылжытылған.
«Төлем сомасы белгілі. Әр балаға шамамен 130 доллардан түседі», деді Әлия Молдабекова Сенаттағы брифингте.
Бағдарлама аясында бұған дейін де балалардың есепшотына қаражат аударылған. 2024 жылы әр балаға 100,52 доллар, 2025 жылы 129,38 доллардан есептелді. Инвестициялық табысты қоса алғанда, үш жыл қатарынан төлем алып келе жатқан балалардың жинағында шамамен 370 доллар болады.
«Балалар кәмелет жасына жеткенге дейін бұл қаражат бос жатпайды, ол инвестицияланады. Сондықтан бағдарламаға үш жыл қатарынан қатысқан балалардың есепшотында инвестициялық кірісті ескере отырып, шамамен 370 доллар жиналады», деп нақтылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
78 мыңнан аса бала «Ұлттық қордан» түскен қаржыға оқу ақысын төлеген
Мамандардың айтуынша, жыл сайынғы төлем көлемі Ұлттық қордың валюталық активтеріне және оның инвестициялық табысына тікелей байланысты. Балаларға арналған қаражат Ұлттық қордың ұзақмерзімді инвестициялық кірісінің жартысы есебінен қалыптастырылады.
«Ұлттық қор – балаларға»: төлемдер көбіне қандай мақсаттарға жұмсалып жатыр?
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы елімізде кәмелет жасына толмаған барлық балаға арналған ұзақмерзімді қаржылық қолдау тетігі ретінде жүзеге асырылып келеді.