Қала әкімі Мұрат Бәйменовтің айтуынша, облыс орталығының алдағы ондаған жылдарға арналған стратегиялық құжаты 2023 жылдан бері әзірленіп жатыр. Орал шаһарының ұзақ мерзімді, жүйелі дамуына бағытталған бұл шешім 2030, 2040 және 2055 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Мамандар қаланың батыс бағытта дамуына басымдық беріп отыр. Соның бірі – жаңадан салынып жатқан «Ақжайық» шағын ауданы. Ол «Ақжайық-1» «Ақжайық-2», «Ақжайық-3» деген бөліктерден тұрмақ. Жалпы бұл жерде 1,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 112 мың адамға дейін қоныстанады.
«Біздің басты ұстаным – тек баспана емес, инфрақұрылымы толыққанды аудандар қалыптастыру. Мектеп, балабақша, емхана, спорт және қоғамдық нысандар қатар дамуы тиіс», дейді Орал қаласының әкімі.
Алдағы 20 жылда қала аумағында 79 балабақша, 36 мектеп, 3 емхана, 2 аурухана, 11 қоғамдық орталық, 5 спорт кешені және 18 өрт ғимаратын салу көзделген.
Оралдағы жапондық «Hitachi» турбинасының жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды
Бұрынғы «Зачаганский» бау-бақша серіктестігі, қазір «Құс фабрикасы» аталатын аумақ ақыры тұрғын үй аймағына ауыстырылатын болды. Бұл сол жерді мекендеген халықтың көптен бергі талабы болатын. Қазір мұнда 12 мыңға жуық адам тұрады. Енді ол жерге инженерлік инфрақұрылым салынып, шағын аудан жүйелі дамыитын болды. Бірақ сәулетшілердің айтуынша, бұл жерде көпқабатты үйлер салу жоспарланбаған.
Болашақта Орал қаласының көлік инфрақұрылымы да күшейтіледі: үш жаңа көпір салынып, батыс айналма жолын қалыптастыру және көлік жүктемесін азайту көзделген.
«Сонымен қатар 153 тарихи-мәдени нысанды қорғау шаралары күшейтіледі. Қаланың тарихи келбетін сақтау – басты міндеттің бірі», дейді Мұрат Бәйменов.
Батыс Қазақстан облысы