Фото: апостроф
Ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан шамамен 1°С жоғары, ал оңтүстік-шығыс бөлігінде нормаға жуық болады (Жетісу облысының басым бөлігінде, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында).
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп, ал Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының шығысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының солтүстігінде нормаға жуық болады деп болжанады.
Ай бойы елімізде ауа райы құбылмалы болады. Кей күндері елдің солтүстік жартысында қар, батыс және оңтүстік жартысында жаңбыр және қар аралас жаңбыр жауады. Жел күшейіп, әлсін боран соғып, тұман және көктайғақ болуы да ықтимал.
Наурыз айының бірінші жартысында аязды күндер мен жылы ауа райы қатар болады.
Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады
«Еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде наурыз «қыстың жалғасы» болып саналады. Сондықтан қысқа тән суық ауа райы, қар жаууы, боран, жиі көктайғақ пен тұман күтіледі. Дегенмен кейбір күндері көктемнің лебі сезіледі. Бірінші онкүндікте түнгі температура -28-38°С-тан -5-10°С-қа дейін, күндіз -10-20°С-тан 0-8°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды. Онкүндіктің соңында температура қайта төмендейді. Батыс өңірлерде де наурыз айы құбылмалы, көктемге тән өзгермелі болады. Ай бойы суыту мен жылыну кезеңдері алмасып отырады. Бірінші онкүндікте түнде -5-15°С-тан 0-5°С-қа дейін, күндіз 0-8°С-тан -3+7°С-қа дейін ауытқиды. Оңтүстік жартысында бірінші онкүндікте түнгі температура -8+2°С-қа дейін, күндіз +5+15°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды», делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Қаңтар айында 51 жыл бойы сақталған температуралық рекорд жаңарды
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -3+2°С-тан -8-15°С-қа дейін, кей жерлерде -20-25°С-қа дейін, күндіз +5+13°С-тан 0-8°С-қа дейін ауытқуы болжанған. Оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде кей күндері күндіз +13+22°С-қа дейін, ал қиыр оңтүстікте +27°С-қа дейін жылынады. Антициклон ықпалымен қысқа мерзімді суық толқындары да болуы мүмкін.