Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Алдын ала дайындалған абзал
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы – тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған жаңа жоба. «Отбасы банктің» мәліметінше, бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау 10 наурызда басталып,
31 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында үміткерлер құжаттарын тапсырып, қатысуға мүмкіндік алады. Банк өкілдері азаматтарға құжаттарды алдын ала дайындап, өз мүмкіндігін саралап алған дұрыс деп отыр. Себебі бағдарламаға қатысудың бірнеше талабы бар. Өтінім беретін азаматтың атында кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауға тиіс. Сонымен қатар қатысушының ресми табысы болуы керек. Бұдан бөлек, кейінгі 6 айдағы зейнетақы жарналары аударылып тұрғаны да тексеріледі. Тағы бір маңызды талап – «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинағы болуы шарт.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі азаматтың санатына байланысты белгіленеді. Егер әлеуметтік санатқа жатса, оған ипотека 7% мөлшерлемемен беріледі. Ал қалған қатысушылар үшін мөлшерлеме 9% деңгейінде болады. Бастапқы жарна да сатып алынатын баспананың жағдайына байланысты өзгереді. Егер тұрғын үй таза әрленген күйде болса, бастапқы жарна 10% болады. Ал әрлеу жұмысы жүргізілмеген пәтер болса, бастапқы жарна 20% болуы мүмкін.
Несие сомасының көлемі де өңірге қарай әртүрлі белгіленген. Мысалы, Алматы мен Астана қалаларында несие мөлшері 36 млн теңгеге дейін жетсе, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Ипотеканы берудің ең ұзақ мерзімі 19 жылға дейін қарастырылған. Бұл азаматтарға ай сайынғы төлемді аз-аздан бөліп төлеуге мүмкіндік береді.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарлама аясында отандастарымыз тек баспана алушы ғана емес, сонымен бірге инвестор да бола алады. Банк биылғы 12 наурызда KASE биржасына әлеуметтік облигацияларды орналастырып, бағдарлама қатысушыларын қаржыландыру үшін шамамен 200 млрд теңге тартуды жоспарлаған. Бір облигацияның құны – 1 мың теңге. Осы облигациялардан алынатын сыйақыға салық салынбайды, ал оларды жеке тұлғалар Alatau City Invest, bcc.kz, Halyk Finance сияқты брокерлік платформалар арқылы сатып ала алады.
– Қазір бағдарламаға қатысты сұрақ өте көп түсіп жатыр. Өздеріңізге мәлім, былтырғы қарашада қосымша іріктеу кезеңі өтті. Сол кезде мақұлдау алған азаматтар желтоқсан айында Baspana Market порталы арқылы өз пәтерлерін алып жатты. Бұл үдеріс қаңтардың соңы мен ақпанның басына дейін қалыпты түрде жалғасты. Сондықтан мұндай жағдайда асығудың қажеті жоқ. Өйткені «Наурыз» бағдарламасы арқылы адам өмірінде бір рет қана өзінің алғашқы баспанасын таңдайды. Сол себепті барлық нұсқаны мұқият қарап шығу маңызды. Қай жерде балабақша бар, мектеп қайда орналасқан, аудан қаншалықты ыңғайлы – осының бәрін ойланып, дұрыс таңдау жасау керек. Бұдан бөлек, төлем қабілеттілігін бағалау мерзімі – 6 ай, яғни, шамамен 180 күн күшінде болады. Егер сіз желтоқсан айында төлем қабілеттілігін растаудан өткен болсаңыз, онда пәтер таңдауға жеткілікті уақыт бар, – дейді Л.Ибрагимова.
Ең маңыздысы – депозиттегі жинақ пен сыйақы
Жалпы, бағдарламаға қатысып, кейін конкурс нәтижесінде өте алмай қалған адамдар аз емес. Тұрғын үй маманы Мақсат Серікұлының айтуынша, басты мәселе – бағдарламаның балл жүйесін көпшіліктің толық түсінбеуінде.
– Бағдарламада нақты критерийлер бар. Соған сәйкес балл жиналады. Бірақ кейбір азаматтар тек өтінім берсем болды, автоматты түрде өтемін деп ойлайды. Шын мәнінде бәрі жиналған ұпайға байланысты анықталады. Мысалы, егер азамат әлеуметтік жағынан осал топқа кіріп, тұрғын үй кезегінде тұрса, оған 10 балл беріледі. Отбасында бала болса, тағы 10 балл қосылады. Бұл жерде бала саны маңызды емес. Бір бала болса да, бірнеше бала болса да, бәрібір 10 балл беріледі. Сонымен қатар отбасылы азаматтарға – 5 балл, ал жасы 35 жасқа дейінгі қатысушыларға тағы 5 балл қосылады. Осылайша, негізгі талаптарға сәйкес келген адам ең көп – 30 балл жинайды. Одан кейінгі маңызды фактор – депозиттегі сыйақы. Яғни, Отбасы банкіндегі депозитте жиналған сыйақы мөлшері жоғары болған сайын конкурсқа өту мүмкіндігі де артады, – дейді маман.
Сарапшының айтуынша, балл депозиттің өзінен емес, депозиттен жиналған сыйақыдан есептеледі. Әрбір 1 мың теңге сыйақыға 1 балл беріледі. Сондықтан депозитті ертерек ашып, сыйақы жинаған адамның конкурстан өту мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады.
– Кейінгі кезде өткен конкурстардың нәтижесі де осыны көрсетеді. Мысалы, 2025 жылдың басында болған конкурстардың бірінде 12 мың адам іріктеуден өткен. Бертіндегі конкурстардың бірінде шамамен 9 мың адам іріктелген. Сол конкурстарда ең жоғары балл 1556 болған. Ал ең төменгі өткен балл шамамен 121 деңгейінде тіркелген, оған жету үшін 90 мыңнан астам теңге сыйақы болуы керек. Сондықтан конкурсқа қатысатын адамдарға депозиттегі сыйақы шешуші рөл атқарады. Бағдарламаға 18 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бұл дегеніміз, студенттердің өзі де бағдарламаға қатыса алады деген сөз. Олар табысын стипендия арқылы растай алады. Бағдарламаға қатысамын деген адам тек өтінім берумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – депозиттегі жинақ пен сыйақы. Егер сыйақы жоғары болса, конкурсқа өту мүмкіндігі де жоғары болады, – дейді сарапшы М.Серікұлы.
Несие алып, қарызға батудың қажеті жоқ
Рас, көптеген отандасымызға бұл бағдарлама – үлкен мүмкіндік. Тіпті кейбір азаматтар бағдарлама үшін несие алып жатқан көрінеді. Осы тұрғыда адам құқықтары жөніндегі заңгер Әлішер Қожағұлов қатысушыларға маңызды ескерту жасады.
– Адамдар өтінім берер алдында депозиттегі соманы көбейту үшін жедел түрде кредит алып, есепшотты толтырып жатады. Олар осы арқылы балл көбейеді деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде бұл стратегия жұмыс істемейді. Бағдарламада ең басты көрсеткіш – депозиттегі сыйақы. Яғни ақша қанша уақыт жатқан болса, соған қарай балл беріледі. Ал конкурс алдында есепшотқа ірі соманы бірден салу нәтижеге айтарлықтай әсер етпейді. Ипотекалық бағдарламаға қатысу – ұзақмерзімді қаржылық міндеттеме. Сондықтан адамдар алдымен өз мүмкіндігін дұрыс есептеп алуы керек. Қатысамын деп кредит алып, қарызға батудың қажеті жоқ. Ең дұрысы – жинақты алдын ала қалыптастырып, қаржылық шешімді салқынқанды қабылдау, – дейді заңгер.
Әлеуметтік желілерді бақылағанда түсінгеніміз, көптеген қатысушы 2 млн теңге болса жеткілікті деп қателесіп жүр. Бірақ бұл қаражат тек конкурсқа қатысуға ғана қажет. Конкурстан өткеннен кейін үйдің бастапқы жарнасын төлеу керек. Ипотека сарапшысы Ақерке Бодаубекқызы осы мәселені нақты түсіндіріп берді.
– Мысалы, егер 30 млн теңгеге пәтер алатын болсаңыз, сіздің есепшотыңызда кемінде 6 млн теңге болуға тиіс. Табысты растау кезеңінде де кедергілер бар. Оны да ескеру керек. Себебі банк адамның барлық шығынын есепке алады. Мысалы, отбасындағы балалар саны, сондай-ақ бұрын алынған несиелердің барлығы шығын ретінде қарастырылады. Сондықтан ипотекаға өтінім бермес бұрын қолданыстағы несиелерді жауып, олардың жабылғаны туралы анықтама алған дұрыс. Бұл банктің төлем қабілеттілігін бағалауы кезінде шешуші рөл атқарады. Егер биыл бағдарламаға өте алмай қалсаңыз, уайымдаудың қажеті жоқ. Бұл жоба 7 жылға жоспарланған. Қазірдің өзінде оның бірнеше жылы өтті, бірақ әлі шамамен төрт жылдай уақыт бар. Сол уақытты тиімді пайдаланып, қаржылық жағдайды жақсартып, жинақ көлемін арттыруға болады, – дейді А.Бодаубекқызы.