Қоғам • Кеше

Астанада Қытай мен Орталық Азия жастарын біріктірген E-LIGHT 2026 фестивалі өтті

3 мин
оқу үшін

Елордада E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтті. Халықаралық диалог күніне арналған іс-шара Энергетикалық Жібек жолы тақырыбын арқау етіп, энергетика, инновация, жастар саясаты және мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада Қытай мен Орталық Азия жастарын біріктірген E-LIGHT 2026 фестивалі өтті

Форумға Қазақстан, Қытай, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген энергетика саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, жас инженерлер мен студенттер қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – Қытай мен Орталық Азия арасындағы кәсіби және мәдени диалогты нығайтып, жастардың халықаралық ынтымақтастықтағы рөлін арттыру.

CNPC Central Asia Ltd. мен CNPC Kazakhstan бірлесе ұйымдастырған фестиваль Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Елшілігінің, Қытай Сауда палатасының және Қазақ ұлттық хореография академиясының қолдауымен өтті.

Іс-шараның ашылуында қатысушылар «Жібек жолының энергетикалық іздері» атты көрмені тамашалады. Көрмеде Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың даму кезеңдері, инфрақұрылымдық жобалар және цифрлық технологиялардың салаға енгізілуі таныстырылды.

Форумның мәдени бағдарламасы ерекше форматта ұйымдастырылды. «Домбыра Саурденмен кездескенде» атты музыкалық қойылымда қазақ және қытай мәдениетінің үндестігі көрсетілді. Сахнада күйші Ержан Әлімбетов, қытайлық орындаушы Лю Хуэй және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.

Энергетикадағы оң өзгеріс: Қазақстан профицитке қол жеткізді

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы Елшілігінің, CNPC компаниясының, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компанияларының өкілдері сөз сөйледі. Олар энергетика саласындағы халықаралық серіктестіктің маңызын атап өтіп, жастардың кәсіби әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.

Форум аясында бес панельдік сессия ұйымдастырылды. Алғашқы сессияда «Бір белдеу – бір жол» бастамасының әлеуеті мен жаңа буынның жауапкершілігі талқыланды. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне назар аударды.

«Білім мен тәжірибе бірлігі: жастардың дамуы» атты екінші сессияда мамандар кадр даярлау, тәжірибе алмасу және кәсіби өсу мәселелерін көтерді. Еңбек  нарығында теориялық біліммен қатар практикалық дағдылардың маңызы артып келе жатқаны айтылды.

Үшінші панельдік сессия ғылыми-техникалық инновацияларға арналды. Цифрландыру, жасанды интеллект және заманауи технологиялардың өндіріс пен энергетика саласына әсерін сөз етті. Сондай-ақ энергетика секторын жаңғыртудағы инновациялық шешімдердің рөлі талқыланды.

Атом қуаты: Энергетикалық белеске сенімді қадам

Форум жұмысы «Энергетикалық Жібек жолы: жаһандық тұрақтылық» тақырыбындағы төртінші панельдік сессиямен жалғасты. Сессия барысында қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты тереңдету, энергетика саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықаралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Форумның қорытынды панельдік сессиясы «Цифрлық шығармашылық: мәдени бірегейлік» тақырыбына арналды. Цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдени мұраны дәріптеу және жастар арасында мәдени сәйкестікті нығайту мәселелері айтылды.

E-LIGHT 2026 алаңы энергетика, инновация және мәдениет бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді. E-LIGHT 2026 халықаралық форум-фестивалі Қытай мен Орталық Азия елдерінің жастары арасындағы байланысты нығайтып, энергетика, ғылым және мәдениет салаларындағы жаңа жобаларға жол ашады.

Жанбота БАХЫТБЕК,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар