Футбол • Кеше

Бүгін Испания Кабо-Верде құрамасымен кездеседі

2 мин
оқу үшін

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңі аясында 15 маусым күні төрт кездесу жоспарланған. Турнир кестесіне сәйкес бүгін Испания Кабо-Верде құрамасымен кездеседі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін Испания Кабо-Верде құрамасымен кездеседі

Фото: FIFA

Алғашқы ойын 01:00-де F тобындағы Нидерланд пен Жапония құрамалары арасында өтті. АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

04:00-де Кот-д’Ивуар мен Эквадор құрамалары кездесті. G тобындағы ойын 1:0 есебімен африкалық команданың пайдасына шешілді.

Ал 07:00-де өткен Швеция мен Тунис арасындағы ойында еуропалықтар басым түсті. Грэм Поттердің шәкірттері қарсылас қақпасына 5 гол соқса, Тунис тек бір голмен жауап берді. Матч 5:1 есебімен аяқталды.

Бүгін сағат 21:00-де H тобындағы Испания мен Кабо-Верде құрамалары кездеседі. АҚШ-тың Атланта қаласында өтетін ойында иорданиялық маман Адхам Мохаммад төрелік етеді.

H тобында Испания мен Кабо-Вердеден бөлек Сауд Арабиясы мен Уругвай құрамалары да өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Испания құрамасы әлем чемпионатына 17 рет қатысып, 2010 жылы чемпион атанған. Соңғы жылдары команда ірі турнирлерде тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. 2024 жылы Луис де ла Фуэнте баптаған құрама Еуропа чемпионатын жеңіп алған болатын.

Ал Кабо-Верде құрамасы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Африкалық команда іріктеу кезеңінде Камерунды артта қалдырып, сенсациялық түрде жолдама алды.

Еске сала кетейік, футболдан XXIII Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді болады.

Соңғы жаңалықтар