Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
Қаржы қызметі қалай жеңілдеді?
Кейінгі жылдары елімізде осы бағыттағы ірі бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Суперкомпьютерлер іске қосылып, жасанды интеллект орталықтары құрылды, логистика мен мемлекеттік қызмет көрсету саласына цифрлық шешімдер енгізілді. Бұл жобалардың жүзеге асу барысы туралы бұған дейін де жазған едік. Ендігі маңызды мәселе – олардың экономикаға қандай нақты әсер беріп жатқаны жайында.
Еліміз кейінгі жылдары финтехтің даму қарқыны жөнінен көп мемлекеттен озық. Бүгінде миллиондаған азамат күнделікті төлемнен бастап несие рәсімдеуге дейінгі қызметтердің басым бөлігін смартфон арқылы пайдаланады. Finratings.kz бас директоры, банк және әкімшілік құқық саласының сарапшысы Болат Маханалиннің айтуынша, финтехтің өзі жаңа құбылыс емес. Тек кейінгі жылдары ол экономиканың дербес бағытына айналды.
«Финтех термині алғаш рет 1990 жылдардың басында америкалық Citicorp банкінің ішкі технологиялық бағдарламасында қолданылған. Алайда бұл ұғым жеке индустрия ретінде 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін қалыптасты. Сол кезде дәстүрлі банк-терге деген сенім әлсіреп, технологиялық стартаптар нарықтағы бос кеңістікті тез толтыра бастады. Олар қаржылық қызметтерді бюрократиясыз, ұзақ күтусіз әрі жасырын комиссияларсыз ұсынды. Осы кезеңде PayPal жаңа деңгейге көтерілді, алғашқы p2p-кредиттеу платформалары пайда болды, кейіннен необанктер қалыптасты. Бұрын мұндай өтінімді банк қызметкерлері бірнеше күн бойы тексеретін. Қазір жүйе кредиттік бюролар дерегін, клиенттің транзакциялық тарихын, төлем тәртібін автоматты түрде талдап, шешімді небәрі 90 секунд ішінде қабылдай алады», деп түсіндірді сарапшы.
Әлемде мобильді қаржы сервистері кең тарағанға дейін шамамен 1,4 миллиард адамның банк қызметтеріне қолы жетпеген. Себебі олар банк бөлімшелерінен алыс тұрды немесе қажетті құжаттарды жинай алмады. Финтех осы кедергілердің көбін жойды. Елімізде бұл әсіресе ауылдық өңірлерде анық байқалады.
«Елімізде халықтың орташа жасы – шамамен 31 жас. Бұл – смартфонды негізгі құрал ретінде қабылдаған буын. Екіншіден, елімізде дәстүрлі банк инфрақұрылымы барлық өңірде бірдей дамымаған еді. Сондықтан азаматтар ескі жүйеден жаңа жүйеге көшкен жоқ, бірден цифрлық қызметтерді пайдалана бастады. Үшіншіден, eGov, электронды цифрлық қолтаңба, цифрлық құжаттар секілді мемлекеттік сервистер қоғамды цифрлық ортаға ертерек бейімдеді. Соның нәтижесінде онлайн несие рәсімдеу немесе қаржылық операцияларды қашықтан жүргізу қалыпты құбылысқа айналды. Сондықтан болашақтағы бәсеке банк-тер арасында емес, тұтас цифрлық экожүйелер арасында жүреді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның белгілі бір артықшылығы бар. Елде мұндай модельдер қазірдің өзінде қалыптасып үлгерді», дейді Б.Маханалин.
400 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Дегенмен цифрлық инфрақұрылым құру, суперкомпьютерлерді іске қосу немесе жаңа платформаларды енгізу өз алдына мақсат емес. Оның түпкі нәтижесі экономика мен еңбек нарығында көрінуге тиіс. Сондықтан жасанды интеллект төңірегіндегі басты сұрақтардың бірі – бұл технология жұмыс орындарын қысқарта ма, әлде жаңа мүмкіндіктер аша ма деген мәселе.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы 10 жыл ішінде жасанды интеллектіні енгізуге байланысты елімізде 400 мыңға дейін адам жұмысынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мұндай болжам қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, сарапшылар мәселені тек тәуекел тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз екенін айтады. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың пікірінше, жасанды интеллект еңбек нарығына белгілі бір қысым түсіргенімен, оның экономикалық әлеуеті әлдеқайда ауқымды.
«Бүгінде еліміздің экономикасында шамамен 9,8 миллион адам жұмыспен қамтылған. Егер 400 мың жұмыс орны қысқарса, бұл жалпы жұмыспен қамтудың шамамен 4 пайызына тең болады. Еңбек нарығы үшін бұл елеулі көрсеткіш екені сөзсіз. Алайда технологиялық өзгерістерді тек қысқаратын жұмыс орындарының саны арқылы бағалау дұрыс емес. Тарих көрсеткендей, әрбір технологиялық төңкеріс белгілі бір мамандықтарды ығыстырғанымен, сонымен қатар жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашқан. Жасанды интеллект ел экономикасы үшін тәуекел ғана емес, жаңа өсім көзі де бола алады. PwC компаниясының бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 15 триллион доллардан асады. Бұл цифрлар технологияның ауқымын ғана емес, оның жаһандық экономикалық құрылымды қаншалықты өзгертетінін көрсетеді», деп түсіндірді сарапшы.
Бізге ең маңызды мәселенің бірі – еңбек өнімділігі. Бұл – көп жылдан бері айтылып келе жатқан құрылымдық түйткілдердің бірі. Ұзақ мерзімде жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі факторларының біріне айналуы мүмкін. Бизнес тұрғысынан қарағанда бұл – операциялық шығындарды азайту, үдерістерді жеделдету, аналитика сапасын арттыру және ресурстарды тиімді басқару деген сөз. Мұндай мүмкіндіктер әсіресе банк секторында, логистикада, тау-кен өнеркәсібінде, саудада және мемлекеттік басқаруда анық байқалады. Құжат айналымы мен күнделікті операцияларды ішінара автоматтандырудың өзі мемлекет пен бизнеске жыл сайын жүздеген миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беруі ықтимал.
«Жасанды интеллект экономиканы көлеңкеден шығарудың да маңызды құралына айнала алады. Үдерістер цифрлық форматқа көшкен сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмендейді, көлеңкелі схемаларға мүмкіндік азаяды, адами фактордың ықпалы қысқарады. Мемлекет үшін бұл салық түсімдерінің артуын және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын білдіреді. Сонымен бірге мемлекеттік секторда да елеулі өзгерістер болуы мүмкін. Қазақстан дәстүрлі түрде жоғары әкімшілік шығындар мәселесімен бетпе-бет келеді. Мемлекеттік қызметтерді, аналитиканы және деректерді өңдеуді автоматтандыру бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», дейді С.Тілеуленова.
Бәсекенің жаңа ережесі
Жасанды интеллект еңбек нарығын ғана емес, бизнес пен қаржы секторындағы бәсеке қағидаларын да өзгертіп жатыр. Бұған дейін цифрландырудың негізгі мақсаты қызмет көрсетуді жеделдету болса, енді мәселе жылдамдықтан да терең деңгейге өтіп барады. «Bereke Bank» шағын және орта бизнес сатылымдары департаментінің директоры Асқар Қалиевтің айтуынша, кәсіпкерлердің қаржы институттарына қоятын талабы түбегейлі өзгерген.
«Бизнес банктен жай ғана жылдам қызмет күтпейді. Ол жылдам әрі дәл шешім күтеді. Қазір жылдамдықтың өзі бәсекелік артықшылық болудан қалды. Қазақстандағы финтех компаниялары мен мемлекет цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарды. Біз жеке тұлға ретінде көптеген қызметті бір-екі батырмамен аламыз. Сол себепті кәсіпкер кешке тамағына тапсырысты бірнеше секундта рәсімдеп, келесі күні кеңсесіне келгенде корпоративтік қаржы қызметтерінің әлі де баяу жұмыс істейтініне таңырқайды. Клиент үшін шот ашу немесе қызмет көрсету ғана жеткіліксіз. Оған күрделі жағдайда сапалы сарапшылық қолдау қажет. Сондықтан жаңа экономикада батырманы тез басатын банк емес, клиентке қай батырма қажет екенін өзгелерден бұрын түсінетін банк жеңеді», дейді Асқар Қалиев.
Сондықтан қаржы ұйымдарының бәсекелік артықшылығы басқа бағыттарға ауыса бастайды. Ең маңызды фактордың бірі – банк қызметінің клиент бизнесіне неғұрлым терең кірігуі. Егер қаржы ұйымы сыртқы сауда келісімшарттарына, логистикаға, төлем жүйесіне және операциялық үдерістерге еніп үлгерсе, кәсіпкер тариф айырмашылығы үшін серіктесін ауыстыра қоймайды. Себебі бизнес-үдерістерді қайта құру шығыны әлдеқайда жоғары болады.
«Кәсіпкерге жай ғана өнім емес, нақты мәселесін шешетін құрал қажет. Біреуге айналым қаражатын басқару маңызды болса, екіншісіне тендерге қатысу немесе келісімшарт міндеттемелерін орындау маңызды болуы мүмкін. Сондықтан қаржы сервистері клиенттің нақты жағдайына бейімделуге тиіс. Меніңше, қаржы саласында жауапкершілікті толықтай алгоритмге беру мүмкін емес. Жасанды интеллект талдайды, ұсынады, көмектеседі. Бірақ ірі халықаралық келісімшарттар немесе қауіпсіздікке қатысты мәселелер туындағанда клиент жауапкершілікті өз мойнына алатын серіктесті көргісі келеді. Сондықтан алгоритмдер күнделікті жұмысты жеңілдеткенімен, стратегиялық серіктестік пен кәсіби сараптама құнын жоғалтпайды», дейді ол.
Бір кездері интернет пен смартфон күнделікті өмірді қалай өзгертсе, жасанды интеллект те экономикаға дәл сондай ықпал етуге жақын тұр. Қазір бұл өзгерістердің алғашқы белгілері ғана көрініп жатыр. Ал негізгі нәтиже алдағы жылдары анық байқалады. Еліміз осы жаңа кезеңге қандай дайындықпен барады, қай салалар ұтады, еңбек нарығы қалай өзгереді? Бұл сұрақтардың жауабы әлі талай талқыланары анық. Біз де осы тақырыпқа алдағы уақытта қайта ораламыз.