Салтанатты іс-шараның көркін Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі аша түсті. Әскери музыканттар Головкиннің жекпе-жектер алдындағы дәстүрлі әніне айналған Seven Nation Army туындысын орындады.
Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері де жоғары саптық шеберліктерін көрсетіп, акцияның әсерін күшейтті.
Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, Геннадий Головкиннің табандылығы мен спорттағы жетістіктері жастарға үлгі. Оның есімі енді Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді әлемдік бокс аңыздарымен қатар аталады.
Айта кетейік, Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды. Кейін кәсіби рингте де жоғары нәтижелер көрсетіп, елдің спорттағы абыройын әлемдік деңгейде танытты.
Еске салайық, 15 маусымда Геннадий Головкин ел тарихында алғаш рет Халықаралық бокс Даңқ залына қабылданған спортшы атанды. Кейін Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына қабылдануына қатысты пікір білдірді.