Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Сөз басында мына жайды ескертіп алғымыз бар. Кез келген тарихи тұлғаның еңбегін бағалау үшін оның қандай іс тындырғанын ғана емес, сол істі қандай жағдайда бастағанын да білу шарт. 1976 жылғы қыркүйекте «ұлы жолбасшы» Мао Цзэдун өмірден өткенде сол кезге дейін «үлкен секіріс» және «мәдени революция» дейтін авантюралық эксперименттерге байланысты қасіретті кезеңдерді бастан кешкен Қытай аса қиын жағдайда болатын. Ол кезде Қытайда жұмыссыздар 120 миллиондай деп есептелетін, 200 миллионнан астам адам үнемі ашқұрсақ жүретін. Өмірдің орташа ұзақтығы 35-40 жасты құрайтын. Қытай шаруаларының басым көпшілігі жерді ағаш соқамен өңдейтін, ал басты және жалғыз дерлік тағам түрі күріш еді. 1958 жылы өрістетілген атақты «үлкен секірісті» ойлап табушылар болат өндіруді түбегейлі ұлғайтып, Англияны басып озамыз деп шешті. Аулаларда кішкентай домналар салына бастады, шаруаларды халықтық коммуналарға қуып тығып, тіпті ұсақ меншіктер қоғамдастырылды. Әр деревня, коммуна, фабрика, тіпті мектеп темір балқытуға міндетті болды. Науқан Мао Цзэдунның «Үш жыл қажырлы жұмыс, он мың жыл бақыт!» деген ұранымен жүрді. Әсіресе ауыл тұрғындарына қиын тиді, өйткені, деревнялардың көпшілігінде темір рудасы болмады, содан да берілген жоспарды орындау үшін тұрмыстық заттарды балқытуға жіберіп жатты. Бүкіл елде жұмыс аспабы қажетсіз темір құймасына балқытылды. Егіс даласындағы жұмыс пен экономиканың басқа салаларындағы қызмет іс жүзінде тоқтатылды. 1959 жылдың басына қарай «үлкен секірістің» сәтсіздікке ұшырайтыны айқындалды. Оның салдары тым сойқан болды: ауыл шаруашылығы толық күйреп, келесі үш жылдық ашаршылық 43 миллион адамның өмірін жалмады. Бұл тіпті миллиардтан астам халқы бар Қытай үшін де едәуір сан. «Ұлы жолбасшының» қайтыс болуы Қытай өміріндегі тұтас дәуірдің аяқталғанын білдірді. Көптеген жылдардан кейін алғаш рет қытай қоғамында елдің ондаған жылдар социализм жағдайында дамығанына және бүкіл қытай халқының қажырлы да жанқиярлық еңбегіне қарамастан, Қытайдың қандай да бір елеулі нәтижелерге қол жеткізе алмай-ақ қоюы, ал ең бастысы – мешеулік пен кедейлікті еңсере алмауы неліктен деген мәселені ашық көтеріп, талқылай бастады. Өрістеген пікірсайыс партиялық басқарушылар мен экономист ғалымдардан бастап қатардағы азаматтарға дейін – бүкіл қоғамды қамтыды. Пікірсайыстардың ауанын қытай реформаларының болашақ сәулетшісі Дэн Сяопин айқындады. Дэн Сяопиннің дүниетанымы үш ұстынның: марксизм идеяларының, батыс әлемінің нақты болмысын білудің және өз халқының тарихы мен психологиясын жетік түсінудің ықпалымен қалыптасты. Қытай экономикасын түбегейлі реформалаудың өте қажеттігін айқын түсіне отырып, Дэн Сяопин өз ойларын Мао Цзэдун бар кезде-ақ, 1974 жылы ҚКП-ның ІХ съезінде алғаш рет айтқан еді. Көп адамдар үшін бұл ашық күнде жай ойнағандай болды. Ол мұндай реформаторлыққа қалай келген еді? Дэн Сяопин 1904 жылғы 22 тамызда Сычуань провинциясының Гуанань уезінде жергілікті шенеуніктің отбасында туған. Он алты жасқа жете салысымен Дэн оқу үшін Францияға аттанады. Ол онда алғаш рет К.Маркс пен Ф.Энгельстің идеяларымен танысады. Солардың ықпалымен ол жас қытай революционерлерінің бірі Чжоу Эньлаймен жақындасады. Онымен достық кейіннен Дэннің өмірінде маңызды рөл атқарады. 1925 жылы Дэн француз полициясының «қара тізіміне» ілігеді де, елді тастап кетуге мәжбүр болады. Ол Кеңес Одағына жол тартады, осында Мәскеудегі Қытай еңбекшілерінің коммунистік университетіне қабылданады. Университеттегі оқу Дэннің коммунистік көзқарасын біржолата орнықтырды. 1927 жылғы қыркүйекте ол Қытайға оралады, бұл кезде ел азамат соғысының от-жалынына оранған еді. Басты қарсыласушы күштер Чан Кайшидің ұлтшыл-гоминьданшылары мен Маоның коммунистері болатын. 1931 жылғы қыркүйекте ұзаққа созылған азамат соғысы қансыратқан Қытайға Жапония басып кіргенде елдегі жағдай бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Сыртқы қатер жағдайында ортақ жауға бірлесіп қарсы тұру үшін Мао Цзэдун мен Чан Кайши бітімге барды. 1945 жылы, Жапонияның сөзсіз тізе бүгуінен кейін, Қытайдағы азамат соғысы жаңа күшпен бұрқ ете қалды. Уақытша одақтастар – коммунистер мен гоминьданшылар – қайтадан баррикаданың екі жағына шықты. Азамат соғысы 1949 жылға дейін жалғасып, Чан Кайшидің жеңілісімен және Тайвань аралына қуылуымен аяқталды. Нақ осы кезеңде Дэннің дербес ұстанымы қалыптаса бастайды, бұл ұстаным кейіннен оның өз басына талай қиындық тудырады, ал елге өркендеу мен сәттілік әкеледі. 1932-1935 жылдары ол жоғары партиялық басшылықтың қаһарына ұшырап, өзінің алғашқы қуғындалуын бастан кешеді. Алайда, байырғы досы Чжоу Эньлайдың қолдауы оған қатал жазадан құтылуға мүмкіндік берді. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы жарияланатын кезде Дэн Сяопин Қытай Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып, талантты да жеңілмес әскери қолбасшылардың бірі ретінде даңққа бөленген еді. Маоға ең жақын жүрген саясатшы Дэн Сяопиннің қызметі енді биліктің орталық арналарында өрістеуге тиісті болып көрінген. Бірақ та сақ әрі күмәншіл Мао Цзэдун үлкен үміт күттірген Дэнді 8-ші армияның бастығы етіп, жас мемлекеттің шеткі шептерін «нығайтуға» жіберді. Солай болсадағы, 1956 жылы Дэн Сяопин ҚКП-ның Бас хатшысы болып сайланып, партияда төрағадан кейінгі екінші адамға айналады. Енді Дэн елді басқаруға тікелей қатысудың нақты мүмкіндігіне ие болады. Және осы сәттен бастап оның өз ұстанымы Мао Цзэдунның көзқарастарына барған сайын жиі кереғар келе береді. Әсіресе бұл «үлкен секіріс» саясаты басталғанда ашық көрінеді. Ал бұл саясаттың салдарлары қандай болғанын жаңа айтып өттік. Дэн әрдайым «мылжың сөз аз болсын, нақты іс көп болсын» қағидатын ұстанатын, осы жолы да ол «үлкен секірістен» кейін дереу Маоның ойсыз саясатының салдарын түзетуге кірісті. Дэн Сяопиннің «Жеке меншік шаруашылық – егер ол тиімділік әкелсе, жаман емес. Мысықтың түсі қандай екенінде тұрған не бар, ол тышқан ұстаса болды» деген қанатты тіркесі нақ осы уақытта айтылған. 1960-шы жылдардың басында-ақ Маоның төңірегіндегі көптеген парасатты ой адамдары елдің экономикалық және саяси өміріндегі реформалардың қажеттігін айқын түсінді. Дэн Сяопиннің партиялық басшылықтың саяси арнасын ырықтандыру әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Бұл Дэннің екінші саяси «ажалының» себебіне айналды, бұл «мәдени революцияның» басталуымен тұспа-тұс келді. 1967 жылы ол ҚКП-ның Бас хатшысы лауазымынан шеттетіліп, қамауға алынады. Бұл кезде жазалау мәшинесінің жайпауышына Дэннің іс жүзінде барлық серіктестері түскен болатын. «Капиталистік жолмен жүруші бірінші адам» деп жарияланған республика Төрағасы Лю Шаоци түрмеде өледі. Дэн Сяопинді «капиталистік жолмен жүруші екінші адам» деп атағанымен, оның өзі аман қалады. Оны айыптап, Цзянси провинциясына «қайта тәрбиелеуге» айдатады, бір кездері ол бұл жаққа Қызыл армияның жетінші корпусын бастап салтанатпен кірген еді. Бірақ бұл жолы Дэн мұнда трактор зауытының слесары, ал оның әйелі бұрама шеге жуушы ретінде келеді. Дэн Сяопин ол кезде 65 жаста еді. Цзянсиде Дэн алты жыл болды. 1973 жылы Дэн Сяопин билік Олимпіне қайта оралады. Сол кездегі Қытай Үкіметінің басшысы Чжоу Эньлайдың он екі орынбасарының бірі болып, елдің мемлекеттік және саяси өміріне қайтадан қосылады. Бірақ 1976 жылғы қаңтарда Чжоу Эньлайдың қайтыс болуы және Мао төңірегіндегі жымысқылық Дэннің қайта қуғындалуына соқтырды. Оны барлық партиялық және басқа лауазымдардан кетірді. Бұл кезде Мао елде «Дэн Сяопинді сынау және дұрыс ұйымдық тұжырымдарды қайта қараудың оңшыл уклонистік құйынына соққы беру» (Мао Цзэдунның өз тұжырымы) жөніндегі науқанды өрістетті. Алайда бұл акция ойдағыдай нәтиже бермеді. Керісінше, ел тұрғындарының көз алдында Дэн халықтық батырға айналды. 1976 жылы 83 жастағы Мао Цзэдун қайтыс болғаннан кейін Дэн Сяопин Бейжіңге оралды. ҚКП Орталық комитетінің маусым пленумында ол ҚКП ОК Төрағасының орынбасары, Әскери кеңес төрағасының орынбасары және ҚҰАА Бас штабының бастығы, ҚХР Мемкеңесі премьерінің орынбасары болып бекітіледі. Дэн Сяопин бірінші лауазымдарды алмағанымен, жұрттың бәрі де билік тізгіні жаны сірі Дэннің қолында екенін жақсы түсінді. Ол жаңа басшылар буынының уақыты келді деп біліп, әдейі жастарды алға жылжытты. Сонымен қатар, Дэн қайтыс болған Мао Цзэдунның қошеметтелуін сақтап қалды. Оның қателіктерін атап көрсете отырып, ол өз әрекетін Маоның шынайы іліміне оралу ретінде сипаттады. Дэн тағы да жеңіске жетті, сонымен өз идеяларын іске асыру мүмкіндігі ақыры ашылды. Қытайдағы реформалардың бастапқы нүктесі деп Қытай Компартиясы Орталық комитетінің 1978 жылғы ІІІ пленумы саналады, онда төрт жаңару бағдарының басталғаны жарияланған болатын. Өз халқын тамаша білген және марксистік қағидаттарды берік ұстанған, сонымен бірге осы заманғы әлемнің сырын терең түсінген Дэн қытай қоғамын дамытудың жаңа моделін – қытайлық ерекшелігі бар социализм моделін ұсынды. Жаңаруды дәстүрлерге қарсы қоймайтын бұл жол халықтың көңіліне бірден қона кетті. Дэн Сяопин болашаққа арналған өз стратегиясының басты басымдылықтарын «Алдымен халықты тамақтандырып, содан кейін құрылыс жүргізу керек», деп айқын тұжырымдады. Дэн стратегиясы 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Онда үш негізгі кезең айшықталған: бірінші кезеңде – 1981-1990 жылдарда – халықты азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, екінші кезеңде – 1990-2000 жылдарда – өндіріс көлемін ұлғайту және халықтың тұрмыс деңгейін екі есе көтеру, үшінші кезеңде – 2000-2050 жылдарда – жоғары дамыған елдердің өмір сапасына қол жеткізу міндеті алға қойылды. Реформалаудың басым салалары ретінде бірінші кезекте жаңарту қажет болған төрт бағыт айқындалды: олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым және Қарулы Күштер. Өрістеген жаңаруда шешуші рөл аграрлық реформаға берілді. Село реформасының айрықша мәні болды, өйткені, сол кезде аграрлық сектор Қытай экономикасының негізі болды, халықтың басым бөлігі (80 пайыздан астамы) деревняларда тұрды, сондықтан да оның әлеуметтік проблемасын шешу – не болу, не бордай тозу мәселесі еді. Жалпы, алып елді азық-түлікпен қамтамасыз ету әрдайым Қытайдағы кез келген биліктің бас қатырар басты мәселесі болып келген. Өзіңіз ойлап қараңызшы: бір миллиард үш жүз миллион адамның бір миллиард үш жүз миллион ауызы күн сайын үш рет, кемінде төрт миллиард рет тамақ ішуге тиіс!.. Алғашқы қадам ретінде маошылдықтан мұра болып қалған халықтық коммуналар таратылып, атымен жаңа көзқарасқа құрылған отбасылық мердігерлік енгізілді. Сөйтіп, жер отбасыларға мұраға қалдыру құқығымен жеке жалға берілді. Кейіннен шаруаларға жалдау құқын ақысы үшін үшінші тараптарға беруге рұқсат етілді, мұның өзі жерге жекеменшік енгізбей-ақ жер рыногын құруды білдіретін еді. Бұл қадам шын мәнінде революциялық қадам болды. Дэн Сяопиннің реформалары арқасында бүгінде Қытай аграрлық салада жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қытай 1,3 миллиард адамды тойындыру мәселесін шешіп қана қойған жоқ, бүгінде бұл ел азық-түліктің ірі экспорттаушысына айналды. Аграрлық секторды тұрақтандырғаннан соң Дэн Сяопин өнеркәсіп кешенін реформалауға кірісті. Реформалар басталғаннан кейін жиырма жылдан астам уақыт өткенде экспорттың көлемі 20 есе дерлік, ал импорт кем дегенде 15 есе өсті. Бұл цифрлар айтуға ғана оңай. Әйтпесе, Қытайдай алып елдің жағдайында 20 пайыз емес, 15 пайыз емес, 20 есе, 15 есе өсу дегеніңіз шын мәнінде керемет көрсеткіш. Тұтастай алғанда Қытай реформалар кезінде ғылым мен техника саласында әсерлі табыстарға қол жеткізді, ал ядролық және ғарыштық технологиялар, жоғары энергия физикасы, биология, есептеу техникасы және телекоммуникациялар секілді салаларда әлемнің жетекші елдерімен бәсекелесуге әбден қабілетті. Бұл тұрғыда Қытайдың қысқа мерзімде өзінің әскери-ғарыштық кешенін жасап, ғарыштық державаға айнала алуы атап айтарлықтай. «Үлкен өзгерістер» кезеңінде ұлттық қарулы күштер – Қытай халық-азаттық армиясы да түбегейлі өзгерістерге түсті, ал ол 1980 жылдардың басында әлемнің ең көп адамдық, бірақ нашар жарақтанған армияларының бірі болатын. «Төрт жаңару» ұраны жарияланып, ол ойдағыдай іске асырылғаннан кейін елдегі зиялылар «бесінші жаңаруды» – қоғамды демократияландыруды да талап ете бастады. Бірақ бұл тұрғыда Дэн Сяопиннің өз пікірі бар еді. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қалпында ұстау реформаларды іске асырудың басты кепілі, деп атап көрсеткен болатын Дэн. Мұнда да ол дана ел билеушісінің шешуші міндеті – мемлекетте тәртіп пен тепе-теңдікті ұстап тұрып, тәртіпсіздік пен бей-берекетсіздікке жол бермеу деп үйреткен Конфуцийдің ойын қайталады. Дэн Сяопин 1980 жылғы ақпанда Конституциядан «пікірлерді кеңінен айту, көзқарастарды толық баяндау, кең пікірталас» туралы қағиданы алып тастауды ұсынды. Іс жүзінде бұл қадам реформалардан саяси құрамдастықты шығарып тастады. Сол тұста бұл өзгеріске байланысты батыстағылардың қалай бажылдағанын шамалау қиын емес болар. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесіне негізделген азиялық жаңару моделі үшін тұтастай алғанда қатаң кезең-кезеңдік тән екенін атап өткен жөн, мұнда саяси жүйені ырықтандырудың алдында міндетті түрде қарқынды экономикалық даму кезеңі болады. Бұл елдердің тәжірибесі қатаң мемлекеттік биліктің өтпелі қоғамдарда едәуір реформаторлық қабілетке ие екендігін көрсетіп берді. Айтқандай, Қазақстан да өтпелі қоғамдар қатарына жатады. Реформалар мен ашықтық саясаты жарияланғаннан кейін көптеген батыс талдамашылары Қытайдағы қоғамдық құрылыс көп кешікпей ауысады деп болжам айта бастаған еді. Бірақ Дэн Сяопин өз еліндегі идеологиялық қайта бағдарланудың өзін жоққа шығарып, «нарық экономикасы – капитализмнің синонимі емес» екенін айтумен болды. Студент жастардың Тяньаньмэнь, дәлме-дәл «Аспанасты тыныштығы» деп аударылатын алаңында 1989 жылдың көктеміндегі демократия, көппартиялылық институтын ендіру және сыбайлас жемқорлықпен күрес ұранымен бас көтеруін Дэн Сяопин сақтана қарсы алды. Ол бұл оқиғаға елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік тәртіпті бұзуға ұмтылыс ретінде, «мәдени революция» жылдарындағы хунвейбиндердің қиратулары секілді бейберекетсіздік пен ретсіздік қатері ретінде баға берді, Аспанасты елінің тыныштығына төнген қатер деп қарады. Бас алаңдағы митинг жеті аптаға созылды, содан кейін билік қатаң шаралар қолданды, әскери бөлімшелердің көмегімен демонстранттарды қуып таратып, акцияның негізгі бастаушыларын тұтқындады. Талай адам оққа ұшты. Талай адам танк табанында жаншылып қалды. Әлем жұртшылығы Қытай басшылығының күш қолдану әрекетін айыптады, бірақ бұл жетекші батыс мемлекеттерінің Қытаймен қатынасына ешқандай әсер еткен жоқ. Дэн ойыннан тағы да жеңімпаз болып шықты. Дэннің даналығы Қытайдың сыртқы саясатындағы атақты «бір ел – екі жүйе» формуласынан да айқын көрінді. 1980-ші жылдардың басында Дэн Сяопин алғаш рет «бір ел – екі жүйе» идеясын айтып, оны Тайваньның, Гонконгтың және Макаоның құрлықтық Қытаймен бірігуі үшін ұсынды. Сөйтіп, 1984 жылы ҚХР мен Ұлыбритания Гонконгты Қытайдың қарауына беру туралы тарихи келісімге қол қойды, ол қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес 1997 жылғы шілдеде іске асты. Бүгінде Гонконг – Қытайдың ажырамас бөлігі және қытай дипломатиясының тарихындағы аса ірі жеңістің нышаны. Осынау аса күрделі мәселе бойынша келіссөздердің қалай жүргені жайында бір мысалдан-ақ пікір түюге болады. Келіссөздер тағы да тоқтап қалған бір сәтте Дэн Сяопин британ жағына: «Егер бір жылдан кейін келіссөздер аяқталмаса, онда Гонконгпен не болатынын мен өзім жариялаймын», деп тікелей мәлімдеген. Бұл келіссөздер үдерісін айтарлықтай жеделдеткен. Осындай қатаң мәлімдеумен Дэн бүкіл әлемге Қытай бұрынғы әлсіз де кемсітілген ел емес, санасу қажет болатын нақты күш екенін көрсеткен. Қытай-британ уағдаластығына сәйкес Гонконг өзін-өзі басқару құқы бар ерекше әкімшілік аудан болып жарияланды. Оған дербес атқарушы, заң шығарушы және сот билігі болуының, сондай-ақ дербес көші-қон және салық саясатын жүргізу, экономикалық және мәдени ынтымақтастық саласында екіжақты халықаралық келісімдер жасасу құқы берілді. Гонконг билігінің құзырынан тыс қалған жалғыз нәрсе – сыртқы саясат және қорғаныс мәселелері, олар тек Пекиннің құзыретіне ауысты. 1999 жылы Қытай мен бұрын Португалияға тиесілі болған Макаоның бірігуі де осындай сұлба бойынша жүзеге асты. АҚШ пен ҚХР арасында ресми дипломатиялық қатынас тек 1979 жылы орнап, осыдан кейін АҚШ-тың ҚХР үкіметін бірден-бір заңды билік, ал Тайвань аралын құрлықтық Қытайдың ажырағысыз бөлігі ретінде танығаны белгілі. Бүгінде ҚХР мен Тайвань арасындағы барлық келіспеушіліктер еңсерілді деп айтуға әлі ертерек. Алайда «бір ел – екі жүйе» идеясын іске асыру жөнінде Дэн Сяопин жасаған қадамдардан кейін Тайвань бұғазының екі жағындағы ұзақ жылдарғы егес біртіндеп жұмсарып, сан тарау байла-ныстар кеңейе түскені талас тудырмайды. Дэн Сяопин реформалары Қытайдың тағдырында ғана емес, сонымен бірге әлемдік тарихта өзінің лайықты орнын алды деуге әбден болады. 1990-шы жылдардың басына қарай ҚХР-да экономикалық өсу жылдық 12-14 пайызға жетті. Сол кезде-ақ «Busіness Week» журналы Қытайға «ХХІ ғасырдың экономикалық асқан державасы» болу жазылған дейтін болжам жасаған еді. Жағдайдың өзі де соған әкеле жатқандай. Қазірдің өзінде Қытай әлемдегі екінші экономикаға айналды. Осыдан біраз жыл бұрын Жапонияны, одан кейін Германияны қуып жетіп, басып озған болатын. Қытайдың бұл тамаша табысы қытай реформаларының атасы Дэн Сяопиннің тікелей еңбегі еді. Дэн Сяопин дүние қалай жедел өзгеріп жатқанын көрді және басқарушылардың жаңа ұрпағын қалыптастыру жөніндегі саясатты дәйектілікпен жүргізді. 1994 жылы ол орнына лайықты ізбасарлар қалдырып, өз еркімен отставкаға шықты. Алайда оның өмірінің соңғы күніне дейін Қытай басшылары барынша маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде патриархпен кеңесіп тұрды. Дэн Сяопин есімі қазір де Қытайда ерекше құрметпен аталады. Қытайдың бүгінгі басшысы Си Цзиньпин Бейжіңнің Шет тілдердегі әдебиеттер баспасынан өткен жылы орыс тілінде жарық көрген «Мемлекеттік басқару туралы» атты кітабында: «Ұлы мақсатты жүзеге асыру үшін таймас және қайтпас күш-жігер керек. Партия, ұйымдар, барлық ұлттар мен топтардың өкілдері, қоғамның түрлі шоғырларының қайраткерлері ҚКП Орталық Комитетінің төңірегіне тығыз топтасуға, ҚКП-ның ХVІІІ съезінің рухын жан-жақты жүзеге асыруға, Дэн Сяопиннің теориясын, «үштік өкілдік» теориясы мен ғылыми даму тұжырымдамасын басшылыққа алуға, дәулеті орташа қоғам құру барысында және социалистік жаңғыртуды жеделдетуде жаңа жеңістерге қол жеткізуге, сөйтіп түптің түбінде адамзатты өркендетуге жаңа, қазіргіден де үлкен үлес қосу үшін әрдайым кішіпейіл және абайшыл болуға, қажырлы түрде күресуге, жан сала жұмыс істеуге, алға құлшына ұмтылуға тиіс!» деп жазған. Дэн Сяопин 1997 жылы 92 жасында қайтыс болды. Қарапайым өмір сүрген адамның жерленуі де қарапайым өтті. Дэн Сяопиннің өсиетіне сәйкес оның мәйіті өртеліп, күлі мұхиттың үстіне шашылды. Ол жерлеуге тек өзіне жақын адамдарды шақыруды өтінсе-дағы 1997 жылғы 25 ақпанда қытай халқының 10 мыңнан астам үздік өкілдері өздерінің ұлы перзентімен қайғыра қоштасты. Бүкіл әлем көңіл айтуын білдіргенімен, шетелдік өкілдер рәсімге жіберілмеді. Қытай басшылығы аза апталығын жариялады, ол апталық кемеңгер басшы, саяси және әскери стратег, шебер дипломат және қытайлық социалистік реформа моделінің бас сәулетшісінің өткен өмір жолын ой сарабынан өткізуге арналды. Кейіннен де Дэн Сяопинге ескерткіш те, мавзолей де тұрғызылмады. Дэннің өзінің ерік-қалауы осындай болыпты. Бұл орайда біз өткен аптада осы айдардың аясында жарияланған мақаламыздағы «Сингапур кереметі – сол мемлекетті тақыр жерден құрып, қалыптастырып, қуатты етіп, құрметті етіп, дәулетті етіп берген саясаткерге қойылған ең ғажайып ескерткіш» деген ойымызды қайталай айтқымыз келеді. Қазіргі қуатты Қытай, болашақта бұдан да қуатты бола түсетін Қытай – елді жаңа өмірге бастаған ұлы тұлғаның ең ғажайып ескерткіші. Жылдар өткен сайын еңселене беретін ерекше ескерткіш.Жетісу облысында қар құрсауында қалған алты адам құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 10:15
Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші бой көтерді
Әдебиет • Бүгін, 09:20
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше