Жаңалықтар
7 мин оқу 450
Жаңа дәуір жауапкершілігі
Көкшетауда «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының ХІІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Форум жұмысына жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Парламент депутаттары қатысты.
Конференцияда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға қатысты референдум өткізу бастамасын қолдау, «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасын талқылау мәселелері қаралып, Ақмола облыстық филиалының есепті кезеңдегі жұмысы қорытындыланды және алға қойылған мақсаттар айқындалды.
«Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко өз баяндамасында есепті кезең ел дамуы мен Қазақстан азаматтарының өміріндегі аса маңызды мемлекеттік және қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болғандығын атап көрсетті.
– Біздің Отанымыз партия жетекшісі, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендік саясаты нәтижесінде әлемдік дағдарыс зардаптарын еңсеріп, демократиялық мемлекет қалыптастырудағы ерен қабілетін дәлелдей білді, – деді ол. – Ұлт жетекшісінің биік беделі мен дипломатиялық талантының арқасында әлемнің барынша дамыған 56 мемлекетінің басын қосып отырған ірі халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық табысты аяқталып, Астана саммитінде арнайы Декларация қабылданды.
Жетекші партияның белсенді қатысуымен Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу акциясы қызу өріс алды. Ақмолалықтар бүкіл қазақстандықтар сияқты бастаманы қолдап, Орталық сайлау комиссиясына 310 мыңнан астам қол жиналғандығы туралы дерек берді. Бұл шара жалғасын табуда. Халықтық мүддені ұлықтайтын бастаманы «Нұр Отан» партиясы өзінің басты мақсаты санайтыны мәлім.
Облыстық партия ұйымы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына елулі үлес қосып отыр. Баяндамашы өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары дағдарысты толық тоқтатып, тұрақты жұмыс істегенін осымен байланыстырды. Индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы шеңберінде 15 жоба жүзеге асырылса, тағы да 6 жоба табысты жалғасын табуда. Соңғы жылдары ауылдар мен қалалардағы әлеуметтік инфрақұрылымдар қарқынды дамыды. Жұртшылық, әсіресе, шалғай ауылдардағы қоғамдық монша, шаштараз, тігін шеберханаларының, мәдениет ошақтарының, мектептер мен балалар бақшасының көптеп ашылғандығына ризашылық білдіруде.
Жарыссөзге қатысқан партияның Аршалы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ермек Маржықбаев, облыстық филиал саяси кеңесінің мүшесі, егіндікөлдік кәсіпкер Мақсат Серікбаев, Бурабай ауданы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Яков Стерлигов, А.Мырзахметов атындағы университет ректорының кеңесшісі Ғалым Бекмағамбетов және Целиноград аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әшіров күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұртшылыққа ой салар пікірлерімен, нақты ұсыныстарымен бөлісті.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин конференцияда облыстық филиалдың жалпы жұмысына оң бағасын берді.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағалығына облыс әкімі С.А.Дьяченко қайта сайланды.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Партия сапында мемлекеттік қызметкер неге аз?
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының ХІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда филиал саяси кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысы қорытындыланып, «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасы талқыланды. Жиында партия филиалының төрағасы, саяси кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы мен «Нұр Отанның» ХІІІ съезіне облыстық партия ұйымынан делегаттар сайланды. Конференцияға «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес ұйымдастыру кеңесінің төрағасы, Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімов, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов, облыс әкімі Елеусін Сағындықов, партия филиалының мүшелері қатысты. «Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев өткен жылдың қорытындылары туралы баяндады. – «Нұр Отан» – халық сеніміне ие болған еліміздегі ең үлкен саяси күш. Қазір құрамымызда 32 674 адам бар, есептік мерзімде партия мүшелігіне 7797 адам қабылданды. Алайда, біздің мақсатымыз – партия құрамының санын ғана арттыру емес, сапасын да жақсарту. Жетістіктеріміз баршылық, кемшіліктеріміз де жоқ емес, сол кемшіліктердің себебін анықтап, партия жұмысын оңалтуға бар күшімізді салуға тиіспіз. Партия құрамын арттыру бағытында мемлекеттік мекемелердің бөлімдері мен басқармаларындағы партиялық ұйымдар нашар жұмыс жасады деуге болады, олар өз жұмыстарына енді-енді ғана белсенді кірісе бастағандай. Мемлекеттік қызметкерлер қатарында да нұротандықтар тым аз, мысалы, қазір 16 324 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасап жатқан болса, соның бар болғаны 2697-сі ғана біздің партиямыздың мүшесі. Қатарымызда шағын және орта кәсіпкерлер де аз. Міне, бастауыш ұйымдар мен филиалдарымыздың ең бірінші қолға алатын жұмыстары осылар, – деді Б.Ордабаев. Ол, сонымен қатар, партияның бастауыш ұйымдары АЗФ, темір жол басқармасы, Дөң кен байыту комбинаты, АЗХС, облыстық аурухана, қала емханалары және жоғары оқу орындарымен бұрынғыдан да гөрі тығыз жұмыс жасауы қажеттігін тілге тиек етті. Партиялық-саяси оқу, саяси кеңес отырыстары, ашық қоғамдық қабылдаулар мен партия филиалының ақпараттық-насихаттық жұмыстары туралы әңгімеледі. Шешен «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы туралы да сөз қозғады. Ал есеп беру-сайлау конференциясында сөз алған жергілікті «Жас Отанның» атқарушы хатшысы Әсел Бөлекова ақтөбелік жасотандықтардың екі жыл қатарынан «Үздік филиал» атанғанын мақтанышпен жеткізді Бірақ, деді ол, кемшіліктер де бар. Сұрақ туындайды: жұмыс жоспары, жүйелік кестесі және партия филиалына ұқсас күнделікті ұйымдастырушылық жұмысы бар саяси жастар ұйымында штаттық бірлік болмаса, тиімді жұмыс қайдан келеді? Облыстық филиал жанынан бөлім немесе аудандардан штаттық бірлік құруды жөн санаймыз. Сонда ғана «Жас Отан» толық күшінде жұмыс жасай алады. Тағы бір мәселе – кадрлар тұрақтамайтыны, бізде дарынды жастар көп, бірақ түрлі себептермен біз оларды ұзақ уақыт ұстай алмаймыз, екіншіден, жас көшбасшының жұмысына арналған әдістемелік нұсқаулық жоқ, ал бұл мәселелер типтік іс-шаралардың өткізілуіне әкеліп соқтырады. Конференция барысында партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Ұ.Маменова, филиал жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Ғ.Нұрышев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Р.Кемалова, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Б.Қаумешов сөз сөйледі. Конференцияны облыс әкімі Елеусін Сағындықов қорытындылады: – «Нұр Отан» партиясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен идеясы маңына халықты топтастыра білген ұйымдастырушы орган, алып саяси күш. Елбасын, оның бастамаларын қолдаймыз. Қазіргі біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығында партиялық ұйымның зор үлесі бар деп толық сеніммен айта аламын. Бұл конференция өте мазмұнды болды, – дей келе, Е.Сағындықов облыс экономикасындағы жеткен жетістіктер туралы біраз әңгімеледі. Конференция соңында партия филиалының төрағасы, саяси кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы мен «Нұр Отанның» ХІІІ съезіне облыстық партия ұйымынан делегаттар сайланды. Партия филиалының төрағасы болып Балғали Ордабаев қайта сайланды. «Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын», –деді ол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Мейрамгүл САТАЕВА, журналист.Кемшіліксіз кемелдену жоқ
Өскеменде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оның жұмысына «Нұр Отан» ХДП хатшысы Н.С.Громов, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Тілеухан, Шығыс Қазақстан облысының әкімі жергілікті филиал төрағасы Бердібек Сапарбаев қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Бердібек Мәшбекұлы баяндама жасады. Соңғы екі жылда халықпен біте қайнасып кеткен «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны 7 мыңға артып, бұл күндері Кенді Алтайда олардың саны 66 532 адамға жетті деді баяндамашы. Бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес сияқты. Бірақ, облыста 1,5 миллионға жуық адам тұратынын ескерсек, аздау көрінеді. Сондықтан бастауыш ұйымдар бұл бағытта өз жұмыстарын ширата түскендері жөн. Б.Сапарбаевтың баяндамасында кемшіліктер аз айтылған жоқ. Өз қатарларын сенімді кадрлармен толықтырып отыруда «әттеген-айлар» бар, жарғы тәртібін бұзушылық Абай, Бородулиха және Көкпекті аудандарында орын алған. Сонымен бірге, Риддер, Зырян қалаларында да атқаратын іс бастан асады. Кейбір аудандардағы партия белсенділері білімдері мен біліктерін жетілдіру мәселесіне де салғырт қарайды. Демек, партия мүшелері қарапайым адамдармен тығыз жұмыс жасап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене араласқандары жөн. Бұдан кейін баяндамашы облыстың экономикалық жағдайы жайлы хабардар етті. Есепті кезең ішінде облыста бір триллионнан астам теңгенің өнімдері шығарылған. Тек өнеркәсіп бойынша 624 миллиард теңгенің, ал ауыл шаруашылығы бойынша 151 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліпті. Өкінішке қарай, азық-түлік бағасының өсіп кетуіне кезінде тоқтау сала алмадық. Қазір жер-жердегі партия бастауыш ұйымдарының белсенділері баға саясатын дұрыстауға белсене араласқандары керек. «Жол картасы» бойынша облыста соңғы екі жылда қыруар істер тындырылды, деді Б.Сапарбаев. «Біздің облыстық бастамашы топ еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын көтергені белгілі. Кенді Алтай жұртшылығы Елбасының қамқорлығы мен көмегін үнемі көріп келеді. Өңірдегі түсті металлургияның алыптары «Қазмырыш», «Өскемен титан-магний комбинаты» және «Үлбі металлургия комбинаты» АҚ-тары сияқты алыптардың «екінші тынысын» ашқан Нұрсұлтан Әбішұлы. Ендеше, Елбасын қолдауға шақырамын», – деді филиал төрағасы. Баяндамашы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне нақты міндеттер жүктеді. Жарыссөзге шыққандар күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, ел Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдумды қолдау жөнінде пікірлерін білдірді. «Нұр Отан» ХДП хатшысы Н.Громов жиналғандар алдында сөз алып, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Конференцияда партияның облыстық филиалының төрағасы болып Б.Сапарбаев бірауыздан қайта сайланды. Партия съезіне делегаттар сайланды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.Бөлісу:
