Жаңалықтар
15 мин оқу 1,050
Халық қалауы
Елбасымен біргеміз!
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды
Халық қалауы
Бұл күндері қазақ қоғамы үлкен серпіліс үстінде тұр. Бұл күндері қазақ әлеуметінің, Қазақстан Республикасының болашақ тағдыры шешіліп жатыр. Және қоғамдық сананың түйткілі халықтың өз қалауы, елдің келешегін ойласқан мыңдаған асыл көкіректің қалауы арқылы шешімін табайын деп тұр.
Бастан өткен тарих – ең үлкен ұстаз. Алайда, тарих өткенге ғана сәулесін түсіреді. Еңбегің еш, тұзың сор, кеңестік тоталитарлық жүйеде кешкен жетпіс жылдық өмірдің тәжірибесінен пайда жоқ еді, себебі, ол ұлттың асыл арманы тапталған, бойындағы ынтасы өлген тарихтың тағылымы ғана болатын. Жаңа заманға – жаңа тәжірибе. Байқасақ, егемендік алғаннан бергі ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде біз мүлдем басқа халыққа айналып.
пыз. Ұлттың бойында өскелең күш ояныпты. Осының бәрі бір адамға – асау теңіздей дүниенің төсінде елдігіміздің, егемендігіміздің кемесін аударып алмай басқарып келе жатқан Президентімізге, оның қажыр-қайраты мен ақыл-парасатына байланысты.
Ақылды кітаптарда айтылған, адамды басқа емес, тындырған ісіне қарап бағала деп. Алға жылжыған сайын өзінің орнын тауып жатқан игілікті істердің шежіресіне көз жүгіртейікші.
Халықаралық қауымдастық мойындаған егемендігіміздің алғашқы жылдарында Қазақстанның ахуалы қандай еді? Кеңес Одағының ең ауыр салығы мен салмағы бізге түсетін, шикізат қана өндіретін өлке едік. Одақ тарағанда өзіне тиесілі еншісін де ала алмай күйреп шыққан ел едік.
Ешқашан іске аспайтын коммунистік утопия аяқталды. Қолымызда – егемендіктің туы, қарсы алдымызда – аяусыз өмір, аяусыз тарих шындығы. Тәуелсіздік деп аталатын тайғақ кешуі мол осы қиын жолды бастарда Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің талантына ғана, қажыры мен қайратына ғана сенді. Ол өтірік уәде берген жоқ. Шындықты айтты. Бәрі де оп-оңай, аспаннан түсе қалады деген жоқ. Өркениет деген теріңді аямай төккенде ғана жетіліп гүлдейтін өскін деді. Кейде жеңіске жету үшін шегіну керек, болашақта ұлтқа керекті ұтысқа қол жеткізу үшін қимасыңды беруің керек деді. Өз бетінше тұрған бостандық болмайды, бостандық деген ең әуелі жауапкершілік, сондықтан арланбайық, озық елдерден жауапкершілікті болудың амалдарын үйренейік деді. Ауруын жасырған өледі, шындық қана мұратқа жеткізеді, сондықтан барлық жағдайда тіпті Отанымызға, елімізге қатысты жағдаяттарға келгенде де шыншыл болайық деді.
Егемендіктің шежіресін толғағанда, әлбетте, ең әуелі Астананы – тәуелсіз елдің жаңа астанасын айтамыз. Астананың қоныс аударуы – ұлы мемлекеттердің тарихында талай рет қайталанған жәйт. Бүгінде әлемге зор ықпал етіп отырған Ресей, Жапония, Қытай, Түркия жұмхұриеті – астаналарын әлденеше рет жаңартқан елдер. Тіпті Германия сияқты ұлы мемлекеттің өзі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Бонн қаласын амалсыз уақытша астана еткен. Шығыс Германия қосылғаннан кейін Берлинді қайтадан астана деп жариялаған.
Біздің жағдайымыз да осыған ұқсас. Қазақ Ордасы, хандардың заманы келмеске кетті, ал қазақ жерінде салынған жаңа қалалар отаршылдықтың тарихымен тығыз байланысты еді.
Рас, Алматы жетпіс шақты жыл қазақтың астанасы болды. Бұнда бірнеше ұрпақ қазақ туып-өсті, жетілді. Қазақ санасы осы Алматыда оянды. Бүгін де Алматының мәнін ешкім жоққа шығара алмайды. Алатаудың етегіндегі жауһар қала қазақтың рухани астанасы болып қала бермек.
Заманынан озып туған бірегей тұлға алдына заңғар мақсат қойып, сол мақсатты орындай біледі. Басқалар үшін мүмкін емес болып саналатын істерді тындырады. Шынын айту керек, Астана іргесі қалана бастағанда көп адам бұл жаңа іске күмәндана қараған. Алайда, бірнеше ғана жылдың беделінде қиян даланың төсінде бүкіл құрылымдары өскелең заманға лайық, зәулім ғимараттары аспанмен таласқан шаһар пайда болғанда көлденең жұрттың өзі қуана қол соққан.
Қазақстан экономикасы бұл күнде тоқтаусыз даму үстінде. Шикізатты өндіру ғана емес, оны өңдеуді қолға алдық, көптеген салаларда көршілес елдерге, олардың экономикасына тәуелділіктен құтылдық. Бұрын метрополияның құқығында ғана болған күрделі құрылысты игердік. Бұл ғана емес, қазақтың ұл-қыздары біз үшін бұрын бейтаныс болған талай өнерді осы азғантай жылдың ішінде түбегейлі меңгерді. Жұмысшы табы қалыптасып кемелденді. Ел іші компьютерленді. Жаңа ұрпақтың интеллектуалдық деңгейі көтерілді. Айта берсе ұлтымыздың жеткен жетістіктерінде есеп жоқ. Алайда, осының бәрінің сыртында, осы игілікті құбылыстарды мүмкін еткен ең басты жетістігіміз – ел тыныштығы, қоғамдағы татулық.
Елбасы билікке келгендегі ең басты мұраты – осы татулық еді. Және күні бүгінге дейін ол осы мұратынан айныған емес. Біз жоғарыда қысқаша айтып өткен байырқалы дамудың жетістіктері – осы ел ішіндегі тыныштықтың, бейбіт заманның жемісі. Заманында Бенджамин Франклин айтыпты: «Кішкентай қайықтар жағаға жақын жүру керек», – деп. Біз енді ғана дамудың даңғыл жолын тапқан кішкентай қайықпыз. Сақтық – қорқақтық емес. Ақымақ қана ештеңеден қорықпайды. Нұрсұлтан Назарбаев көзсіз ерлікті емес – ақылды ерлікті уағыздайтын Президент. Екі қарап, үш қарап бір шоқымасаңыз, қандай биік қабілетіңіз болса да ақыр соңында қасіретке, сәтсіздікке ұрынасыз. Сол себепті, сақтық – ақылдың ең биік түрі. Сол себепті, сақтық – ерліктің ең биік түрі.
«Әйнектен салынған үйлерде тұратын адамдар бір-бірімен тас лақтырыспауы керек», – дейді ағылшын мақалы. Бір-бірімен егескен мыңдаған, миллиондаған мүдделерден тұратын, шытынаған әйнек-заманада өмір сүру – біздің маңдайымызға жазылған несібе. Мұндай кезде әлемді апаттан алып қалудың бір ғана жолы бар. Ол – мәміле, тіл табысу, татулық. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың республика деңгейіндегі ғана немесе аймақ деңгейіндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі бейбітшілік шараларын, осы, әлемдік мәміле, әлемдік татулық сияқты биік мұратты көздеген ерлік істері деп танимыз.
Әрине, Азияның түкпірінде жатқан Қазақстанның жаһандық саясатқа араласуы, әлемге зор ықпал етіп отырған елдердің саяси қайраткерлерінің, бүкіл әлемдегі діндер басшыларының Астанаға қайта-қайта жиналуы көлденең көзге түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мәселенің сырт көрінісі ғана. Бүгінде ешкім ештеңеден тыс бола алмайды. Жаһанданған дүниеде ешкім де оңаша жүріп жол таба алмайды. Ал бұл қағиданы мойындамай бұра тартпақ болған елдердің қандай күйге ұшырағаны белгілі. Айдаладағы, дүниенің ана шетіндегі бір елде болған зобалаң шым-шытырық саяси-экономикалық байланыстар арқылы келіп еліңіздің ахуалына ықпал етеді. Және көп жағдайда бұл – теріс ықпал болуы мүмкін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, басқаға келетін зияннан өз еліне келетін иненің жасуындай пайданы жоғары қоятыны – осыдан. Бұл анық прагматик саясаткер екендігінің дәлелі.
Сынғаннан – иілген артық. Қандай да болмасын бір іске аяқ басарда, ол істің өзін ғана салмақтамау керек, сондай-ақ өзіміз жайында, өткеніміз, бүгінгіміз және ертеңгіміз, ол істің салдары, басқа адамдарға, бізден кейін келетін ұрпақтардың тағдырына қатысы жайында ойланып, осы жәйттердің барлығын бір-бірімен байланыстыра білмек керек. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың еппен жүргізген сыртқы саясатының мән-мағынасы осы.
Мемлекет дегеніміз – күш. Бұл оның басты сипаты. Герцог Чарльз V-нің айтқаны бар: «Билік дегеніміз – жұмсақ қолғап киген темір қол», деп. Яғни, мемлекеттің жалғыз ғана кемшілігі – әлсіздігінде. Күшті мемлекет қана өзінің азаматтарына бостандықты қамтамасыз ете алады.
Қоғамдық тәртіпті жолға қоя алмаған елдің мемлекет болып ұйысып өркендегенін көріп пе едіңіз. Маңайдағы жапсарлас елдерде болып жатқан түрлі-түсті революцияларды пайымдаңыз, ол елдердің босқындары басқа емес – Қазақстанды паналап, тыныш өмірге қалай жетілгенін зерделеңіз. Сонда ел ішіндегі бейбітшілік пен байырқалы дамуды бұрынғыдан да бағалайтын боласыз.
Бірақ Елбасы алақайдан аулақ. Себебі, туған елді байлыққа, бақытқа жеткізу жолында әлі бойымдағы барымды бере алмадым, тындырғанымнан тындырмағаным көп деп біледі. Біз де осыған сенеміз, себебі, Елбасы бойында қажыр-қайраты мол, кемел шағына енді келді. Көкірегінде қаншама арман, көңілінде ел игілігін көздеген қаншама заңғар жобалар.
Өмірлік істі орта жолдан тастап кетпей ұшығына шығарған, осылайша туған жұртын әлемнің ең дамыған елдердің қатарына жеткізіп барып байырқалаған талай басшыны мысалға келтіруге болады.
Малайзияның отаршылдықтан құтылған кездегі ахуалы өте аянышты еді. Мемлекет болу үшін керекті бірде-бір тетігі жоқ, тіпті сыртқа шығарып сататын шикізаты жоқ, күйзеліс, ашаршылық үстіндегі ел еді. Алайда, Малайзияның бағына орай билік басына Махатхир Мохамед сияқты ақылды, отаншыл азамат келді. Қазір Малайзия ең дамыған елдердің қатарында. Неге? Себебі, басшысына сенді, билігін уақыт жағынан шектемеді. Ел ағасының айтқанын екі етпеді. Ақыры мұратына жетті.
Сингапур дамыған батыс елдерінен келген туристердің көңіл көтеретін жері ғана еді. Коррупция, қылмыс жайлаған жахил ел, жабайы өлке еді. Бағына орай билік басына Ли Куан Ю сияқты азамат келді. Сингапурдың қазір қандай елге айналғаны экономикалық ғажайып ретінде оқулықтарға еніп отыр.
Тарих тағылымынан аңдағанымыздай, бір адамның билік басында байырқалап отыруы орнықты дамудың кепілі болады екен. Себебі, көп жағдайда, билікке заман талабымен келген адамның алдына қойған мақсатының үлкендігі сондай, оған бөлінген уақыт аздық етеді.
Міне, еліміз дамудың ең қиын бір өткелінен өтіп, келесі жүретін жолдың басына келіп тұр. Тағы да таңдаудың алдында тұр. Мұндайда, халық бойкүйездікке жол бермеу керек. Сіз, жақсы басшыны сайлауға қатыспай, оған дауыс бермей үйде отырғаныңыз – өзіңізге жаман басшы сайлағаныңыз. Сіз саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады деген қағида бар ғой.
Референдум да – сайлау. Соның бір түрі. Екеуінің айырмасы, сайлауға халық электорат болып анонимді түрде қатысады. Ал референдумда халық өзінің басшысымен болашақ билік мәселесін бетпе-бет келіп, жүзбе-жүз шешеді.
Рас, Президент референдумге тыйым салды. Бұл белгілі бір халықаралық талаптарға сай жасалған қадам болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан халқы әлемдік қауымдастықтың шарттарын құрметтей отырып, өз тағдырын өзі шешуі керек. Сондықтан Қазақстан халқына, зиялыларға, өнер қауымына, барлық қоғамдық топтарға қаратып айтарымыз – ағайын, береке-бірлікте болайық, бірауызды болайық. Егемендіктің байрағы тігілген күні басталған келелі іс, өзінің жалғасын тауып мұратына жетсін десек – онда бүгінгі басшымызға тағы бір өкілет берейік. Мойнына ауыр міндет артайық. Халқына аянбай еңбек етсін. Осыған тоқтайық.
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
«Елбасы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!»
атты акцияға 10 мың қызылордалық қатысты
Мына фәниде сатып алуға болмайтын, құны ақшамен өлшенбейтін дүниелер болады. Соның бірі – пейіл, адамдардың көңілі. Ат басындай алтын беріп адамның көңілін аулау, оның саған деген ниетін сатып алу мүмкін емес. Сыйластық – сатылмайды. «Жақсыларды Құдай жолықтырады» деген тәмсіл бар. Асылында, Жаратушы жаппар иеміз қазақ жұртына жақсы басшы жолықтырған. Өйткені, елдің Елбасыға деген пейілі ерекше. Ақмешіт алқабы ақ қарға оранды. Қыс бойына Табиғат ана тосын мінез танытып, қар болмап еді. Бірнеше күн бұрын Қызылорда ақ көрпе жамылды. Бұған дейін төбесінде күн күліп тұрған Қызылордада қазір аяз салтанат құрып тұр. Сонда да жұрт қаланың орталық алаңына қарай ағылуда. Себебі, мұнда облыстық азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен «Елбасы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!» атты акция өтіп жатқан. Бір сөзбен айтқанда, қызылордалықтар Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға үн қосып жатыр еді. Елбасы мерзімін ұзартуға қатысты акцияны ұйымдастырушы – Қызылорда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы. Акциядағы алғашқы сөзді қауымдастық төрайымы Дариға Ақмағамбетқызы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ол Елбасының ерен еңбегіне, мемлекетті нығайту ісіне қосқан өлшеусіз қажыр-қайратына, жұртты жұмылдырып, халықты қайырымдылыққа бастап отырған көреген саясатына ерекше тоқталды. Төрайымнан кейінгі сөз тізгіні дербес зейнеткер, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абдолла Дәулетұлына тиді. – Бүгінде қазақты әлем таныды. Азулы, саясаттағы сан қилы алпауыттар Қазақстан деп аталатын мемлекетті білді, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі салиқалы саясаткер ретінде мойындады. Мұның бәрі бір күнде қона салған бақ емес. Елбасының сындарлы саясатының арқасында жеткен, елдің ауызбірлігінің нәтижесінде келген даңқ еді. Сондықтан мен Елбасының мерзімін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдауға шақырамын, – деді. Сыр сүлейлерінің соқпағын жалғастырып келе жатқан Мұхтар Ниязов мінберден көрінді. «1986 жылы Алматыда жастар алаңға ағылды. Не үшін? «Әр елді өз ұлы басқаруы керек» деген ұранмен шықты олар. Билігіңнен айырылып, басқаның тізгін ұстағанына шыдай алмады. Сондықтан дәл бүгінгідей болып алаңға барып, ұран тастады. Ал бүгінгі біздің алаңға шығуымыз бөлек дүние. Өйткені, елімізді басқарып отырған Ер бар. Елбасын қолдайтын елі бар. Көреген Көшбасшы қазақ көшін бұдан әрі де бастай беруі керек. Сол себепті Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды бірауыздан қолдайық». Ақынның арынды сөзінен кейін алаң ұранға басты. «Қазақстан! Нұрсұлтан! Нұр Отан!» деген ұранды тіркестер аспанда қалықтап тұрып алды. «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбековтің сөзі де көптің көкейіне қонды. – Қаңтардың қақаған қасиетті қысы, Ақмешіттің аңқылдаған айналайын желі сіздерді, аналарымыз, аталарымыз, ардагерлеріміз, сан түрлі өндіріс орындарының жұмысшы қызметкерлерін және мыңдаған жастарды ешбір тоңдыра алмайды. Себебі елім, жерім, халқым деп тұрған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласқа толы, тұла бойыңды жылытар қамқор көңілін сезініп, бүгінге де, ертеңге де сенімді сезімде тұрасыздар. Мен сөзімді сауалмен бастағанды жөн көрдім. Сыр бойында алып өндірістер болып па еді? Сыр бойында әлем бағалаған Олимпиада саңлақтары қаншалықты еді? Сыр бойында мыңдаған бала оқитын мектептер болды ма? Жетпіс жыл бойы жол жөндеу көрмей, ауыл арасы алыстап кеткен емес пе еді? Біз кешеге дейін құдықтан сапалы ауыз су ішіп пе едік? Тамақты талғап ішетін, киімді таңдап киетін халықтың жағдайы осындай дәрежеде ме еді? – деді Өлмесхан Мәтенұлы. – Ал осының бәрі көреген Көшбасшы, сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті еңбегінің арқасы, – дегенде алаң жаппай қолдады. – Тарих бетінде теңізді екіге бөлген жағдай жоқ, қуатты Қазақстан Арал теңізіне осыны жасады. Қазақстан дегенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын бейнесі, парасатты ісі көрінеді. Арал қаласында тұратын 105 жастағы көкірегі күмбез әже Әлпеш Садықова айтады: Айналайын Өлмесхан, жасым болса 106-ға қарады. Нұрсұлтан балам менен 40 жастай кіші, әлі қанша болашағы бар, соны үлкен болсам да көргім келеді. Ендеше, сол күнге жетуге Қазақстан, Нұрсұлтан, «Нұр Отан» есімдерімен ертеңгі күнге бірге бару бақытын бұйыртсын, – деп аяқтады сөзін. Президент мерзімін ұзартуға қатысты акцияға Қызылордадағы барлық азаматтық қоғам өкілдері қатысып, бастаманы бірауыздан қолдайтындарын білдіріп жатты. Олардың қатарында «Руханият» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Атабай Базарбай, «Қазақстанның орыс ұлты» қауымдастығының облыстық бөлімшесінің басшысы Владимир Толоконников, «Қызылорда жастары» қауымдастығының төрағасы Бауыржан Мастеков, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы Диана Сәдуақасова, Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық «Атамекен» одағының Қызылорда филиалының жетекшісі Алмасбек Тұртаев, «Игілік» корпоративті қорының президенті Ақтолқын Шерехандар бар. Жиын барысында акцияға қатысушылар облыс жұртшылығына үндеу қабылдады. Үндеуде «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің жұртшылығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасына қолдау білдіре отырып, Елбасымыздың мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикалық дамуымызды, халықтың әлеуметтік игілігін арттырудағы өзі бастаған игі істерін өзі аяғына дейін жеткізуін қалайды және Елбасына зор сенім білдіреді» делінген. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.Келешек үшін керек
Заң ғылымдарының докторы, кәсіпкер Қайрат Балабиев осыдан аттай жеті жыл бұрын Елбасының халыққа Жолдауында кәсіпкерлерді әлеуметтік нысандар салуға шақырған бастамасын қызу қолдағандардың бірі. Халыққа қажетті сауда орындарын салып, тасы өрге домалап тұрған жігіт ағасы жұбайы Қарлығаш Бекбосыновамен кеңесіп, “АТФ” және “Центркредит” банктерінен 10 млн. доллар несие алады да бала бақшалар мен мектеп салу ісіне кірісіп кетеді. Бастапқыда банктердің үстемесі 18 пайыз болған. Ел мүддесі үшін тәуекелдің қайығына мінген Қайраттай жігіттерді долы дауылдың өтіне тастамапты Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен әлеуметтік нысандар салып жатқан кәсіпкерлердің банкке берешегі 11 пайызға дейін азайған. Соның нәтижесінде, халықаралық стандарттарға сай “Әйгерім”, “Бала би” бала бақшалары мен еркін ойлы, талантты мұғалімдердің өзіндік бағдарламаларын жүзеге асыруға жағдай жасайтын қазақша, орысша және ағылшынша оқытатын “Бәйтерек” мектебі ашылған. Дүние жүзін дағдарыс салқыны сергелдеңге салғанда біздің Қазақстан ел экономикасына орасан қаржы салып жатты, дейді Қайрат Рахымұлы. Референдум туралы игілікті бастама көтерілген соң Шымкент қаласындағы өзім және зайыбым Қарлығаш екеуміз құрылтайшы ретінде басшылық жасайтын сегіз серіктестіктің басшылары мен мүшелерінің бізге білдірген өтініштеріне сай «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен осы партияның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібековке арнайы хат жолдадық. Елбасының өкілеттік мерзімін ұзартуды толық қолдайтынымызды және баршамыз бірауыздан дауыс беретіндігімізді шынайы ниетпен мәлім еттік. Сегіз серіктестікте үш мыңға жуық адам қызмет етеді. Осының барлығы Елбасының өкілеттігін ұзартуды толығымен қолдап отыр. Тәуелсіздік алған жылдары кеше ғана кеңестік жүйеде болған мемлекеттер секілді Қазақстанның да жағдайы мүшкілдеу болғаны белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында 19 жыл ішінде әлем танитындай, мойындайтындай дәрежеге жеттік. Қарапайым іске бейімі бар сан мыңдаған кәсіпкерлер өздері игерген кәсіпті жетілдіруден нәсібін тауып, бизнес саласындағы жолдарын табысты жалғастыруда. Осының барлығы кімнің арқасында орындалып, жүзеге асырылуда дегенде, оның ең ұшар басында біздің бүгінгі Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сынды биік тұлғаның тұрғандығын қандай мақтанышпен айтсақ та артықтық етпейді. Ұлт Көшбасшысы жайында ұлағатпен ойланғанда ол кісінің ел үшін атқарған ісінің, жеке үлесінің біздің өлшемімізден әлдеқайда биік екеніне әлемдік деңгейдегі сарабдал саясатшылар мен сарапшылар өздерінің оң бағасын әлдеқашан беріп қойған. Дамыған елдердің өзі дағдарыстың тұсауында бұлқынып жатқанда, сол қиындықтан халқын алып шыққан әрі оның ілгері өркендеу деңгейін төмендетпеген санаулы мемлекет басшыларының басында тағы да Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сондықтан да Қазақстан халқы тағдырын Елбасымен тікелей байланыстырады. Басқосуда сегіз серіктестіктің басшылары осындай ой қозғады. Инновациялық орталықтың директоры Наталья Тен кейбір ақпарат құралдарының арандатушылығымен келіспейтіндігін айтты. “Кейбір мемлекеттер демократия дегенді алға тартып, өздеріндегі жүйені бізге күштеп таңғысы келеді. Елді олай дүрліктіру жақсылық емес. Халық қалауы – Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына бар керекті беріп келеді. Ең бастысы, әр түрлі этностар арасында жарасымды ынтымақ бар. Сондықтан, біз Елбасымызбен біргеміз. “Бәйтерек” мектебінің директоры Марина Понтий қазақстандық білім жүйесінің деңгейі жыл сайын өсу үстінде екендігін айтты. Ал, білімді ұрпақ – мемлекеттің кемел келешегі. Ата Заңымызға Елбасы атауының мәртебесі мен референдум өткізу жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды енгізу жөніндегі Парламент мүшелері жасаған ұсыныстар мемлекет кемелдігі үшін бірінші кезектегі қажеттілік екендігін естен шығармағанымыз абзал. Міне, референдум бізге осы үшін қажет. Осындай ойларды серіктестік басшылары Амантай Мамедов, Елена Касьянова, Жанәбіл Сабаев, Қарлығаш Нәдірқұловалар да айтты. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.Референдумға жұртшылық көзқарасы қандай?
2011 жылдың қаңтар айы бойына бірқатар қазақстандық ұйымдар Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінен референдум өткізу бастамасына азаматтардың көзқарастарын білу бойынша әлеуметтік сұрау салулар жүргізді. Референдум өткізу туралы оң шешім қабылдана қалған жағдайда респонденттердің 85 пайызы дауыс беруге қатысуға дайын. Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінен референдум өткізу туралы бастаманы сұрау салынғандардың 93 пайызы қолдайды. Құлшыныс үлкен «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен демократиялық күштердің жалпыұлттық «Қазақстан-2030» коалициясының құрылуына орай Семейде қала активінің жиыны болып өтті. Жиынға саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар көптеп қатысты. Жиын жұмысын ашқан референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ төрағасы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бүгінгі күн тәртібіндегі мәселеге қысқаша тоқтала келіп, референдум өткізу мен коалиция құру саясат жалауы емес, уақыт, ел қалауы екендігін айтты. Ол солай дей келіп, референдум өткізу жөнінде бастама көтеріліп жатқан еліміздің шығыс аймағы, Семей өңірінде саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар тарапынан коалицияға кіруге зор құлшыныс болатындығына сенім білдірді. Айтқандай-ақ, жиында сөз сөйлегендердің бәрі бір тоқтамға келіп жатты. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова осында басталған бастама жеріне жеткізілуі тиіс десе, «Ақ жол» демократиялық партиясы қалалық филиалының төрағасы Орынбек Сәрсенбин жиналғандарды елімізді бір белестен екінші белеске бастап алып келе жатқан Елбасымызды қолдауға шақыра отырып, ақжолдықтардың коалиция қатарынан табылатындықтарына сендірді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері, татар ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ғазиз Ахмеров болса, осы мәселе бойынша Астанада ардагерлер пленумы коалицияға кіретіндіктерін мәлімдегенін айта келіп, бұл игі бастамадан семейлік ардагерлердің де сырт қалмайтындықтарын білдірді. Сервис колледжіндегі жастар комитетінің төрағасы Олжас Соғымбаев жастар тілегін жалынды жыр жолдарымен жеткізді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.Бөлісу:
