Жаңалықтар
3 мин оқу 341
Парсы шығанағындағы сенімді серіктесіміз
Кеше Сыртқы істер министрлігінде журналистермен кезекті брифинг болып, оны Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріп өткізді.
Елші алдымен БАӘ туралы біршама қызықты, танымдық анықтамалар беріп өтті. Әмірліктердің 10 млн.-ға жуық тұрғыны 83,6 мың шаршы шақырым жерге қоныстанған. Тұрғындардың 13 пайызы ғана осы елдің азаматтары, қалғандарының бәрі экспатрианттар, яғни көшіп келгендер. Ел астанасы – Абу-Дабиде 1,5 млн., ал ең үлкен қалалары – Дубайда 2 млн.-нан артық адам тұрады. 1971 жылы қабылданған конституцияға сәйкес, биліктің жоғары органы – елдегі жеті әмірліктің билеушілерінен тұратын Жоғары кеңес. Олар өз қатарынан 5 жылға президент сайлайды.
2015 жылғы дерекке қарағанда, елдің барлық ІЖӨ-сі 432 млрд. АҚШ доллары көлеміне жеткен, бұл жан басына шаққанда 44 771 мың доллар деген сөз. Осыған қарағанда, БАӘ әлемдегі ең жоғары дамыған елдердің қатарына енеді. Елге шетелдік тікелей инвестиция тарту жөнінен де БАӘ әлемдегі алдыңғы қатарда, былтыр оның көлемі 10,1 млрд. долларға жеткен.
Қазақстан мен БАӘ арасындағы қатынастардың тығыз дамуына Мемлекет басшыларының жасаған ресми және жұмыс сапарлары игі әсерін тигізіп тұрады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев БАӘ-ға соңғы рет 2014 жылдың 28-30 қазаны күндері ресми сапармен болды. Сол жолы Н.Назарбаев Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының 10-отырысына қатысты. Осы форумда Н.Назарбаевқа «Ислам қаражаты бойынша жаһандық көшбасшы» атты сыйлық берілді.
БАӘ – Қазақстанның Парсы шығанағындағы араб елдерінің арасында бірінші орында тұрған сауда әріптесі. Әлемдік экономиканың қиын жағдайда екендігіне қарамай, Қазақстан – БАӘ арасындағы сауда-экономикалық байланыс былтыр 109,4 млн. АҚШ долларын құрап, бұрынғы көрсеткіштерден кем болған жоқ. Жалпы, шығанақ аймағы Қазақстан үшін сыртқы сауданың өсуі мен отандық экономиканың бәсекелестігін арттыру жолында маңызды рөл атқарады. Бұған келесі үш фактор тікелей әсер етеді:
- Бұл аймақ Азия мен Еуропаның сыртқа шығаратын жүгінің эпицентріне айналып келеді. Соның ішінде Қытайдың Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қап тауындағы елдерге тасымалданатын жүгінің негізгі бөлігі осында шоғырланады;
- Әлемнің ең үлкен көлік хабының бірі ретінде мұндағы порттық және қоймалық қызметтің әлеуеті зор. Осы жерден тауарлардың Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығы елдеріне жөнелтілетін қысқа жолдары басталады;
- Азық-түлік тауарларына деген экспорттық әлеуеттің (аймақ тамақ өнімдерінің 80-90 пайызын сырттан тасиды) артуы да оған деген қызығушылықты арттыра түсуде.
Бөлісу: