Жаңалықтар
2 мин оқу 290
Грант кімге бұйырады?
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында еліміздің ЖОО-на қабылдау жөніндегі жұмыс қорытындыланды.
Министр комиссияның өз жұмысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына – ең алдымен, Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы, сондай-ақ, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің даму мақсаттарын іске асыру қажеттіліктеріне назар аударғандығын атап өтті. Аталған басымдықтар ескеріле отырып, 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға, 5 000-ға жуық грант – педагогикалық, 2 690 грант – ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына, 3000 грант – медициналық мамандықтарға бөлінгенін тілге тиек етті.
«Биыл жалпы 31 702 грант бөлініп отыр, оның ішінде, 2 950 грант – ЖОО дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант – ЖОО-ның 1-курстарында оқуға (күндізгі оқу бөлімдеріне – 28 452, сырттай оқу бөлімдеріне – 300 грант). Оқу гранттары 87 ЖОО-ға бөлінді. Өткен жылы 64 оқу орны қамтылған еді. Оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысты. Олардың 47 342 – қазақ тілінде, 12 335-і орыс тілінде оқиды. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша өткізілетін конкурста
9 797 адам бақ сынайды. Олардың ішінде 2 208 «Алтын белгі» иегерлері, 303 колледж түлектері, 169 халықаралық және республикалық олимпиадаларының жеңімпаздары, 854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 948 халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары, 9 Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары бар. Сонымен қатар, конкурсқа 492 жетім бала, 363 I және II топ мүгедектері, 37 соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер санатындағы абитуриенттер, 1053 ҚР азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдері қатысады. Оларға квоталар белгіленіп отыр», – деді Е.Сағадиев.
Биылғы білім гранттары иегерлерінің есімдері де жылдағы дәстүр бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатынын естеріңізге саламыз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Бөлісу: