Жаңалықтар
3 мин оқу 364
Тәуелсіздікке тарту
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда, басқасын былай қойғанда, халықтың еңбекақысы мен зейнетақысын берудің өзі оңай болмағаны белгілі. Қаржының тапшылығы салдарынан әлеуметтік сала күрделі жағдайға тап болғанын білеміз. Арада ширек ғасыр уақыт өтті, қазір бұл саланың хал-ахуалы қалай? Әлеуметтік саланың бүгінгі тынысын өңірлерден келген төмендегі пікірлерден айқындауға болады.
Егемендіктің елең-алаңында ауылдық жерлерде қиындық болғаны рас. Ауылдан қалаға қарай қоныс аударғандар көп болды. Алайда, Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бұл қиындықтар артта қалды. Шалғайдағы Қарой селосында да оң өзгерістер жүзеге асты. Ауылда заманға сай еңселі мектеп бой көтеріп, жаңа оқу құралдарымен жарақтандырылды. Балабақша жұмыс істейді.
Көптен кенеуі кетіп тұрған Мәдениет үйі жөнделіп, ауылдықтарға қызмет етуде. Сапалы байланыс жүйесі бар. Ең бастысы, ауыз су мәселесі оң шешілді. Қазір таза су әр үйдің ауласында. Бұған ауылдықтар дән риза. Бұл бюджетке 37 миллион теңгеге түсті. Енді игілігін жұрт көріп отыр. Жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бір сөзбен айтқанда, халық Елбасының алыс ауылдарды дамытуға баса назар аударып отырғанын айқын сезінуде.
Біздің аудан – ең шалғай аудандардың бірі. Жетпіс жыл бойы қатты жамылғы жолы болмаған ауданға асфальт жол келді. Күні кеше ғана аудан орталығына газ берілді. Осының бәрі тәуелсіздіктің тартуы.
Зоя БОЗШИНА,
Ойыл ауданының тұрғыны,
Қараой мектеп-балабақшасының кітапханашысы
Ақтөбе облысы
Ольга ИСАЕВА,
Орал қаласының тұрғыны, әлеуметтік сала қызметінің ардагері
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік салада қызмет жасадым. Ыстығы мен суығын өз басымнан өткергендіктен, сол уақыттағы жағдай мен мемлекет тарапынан халыққа қандай әлеуметтік көмек болғаны көз алдымда. Елбасының тапсырмасына орай, атаулы әлеуметтік көмек белгіленді. Басқа бірде-бір елде баламасы жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға арналған осы бір қаржылық қолдау сол тұста оларға үлкен көмек болды. Қазір де осындай атаулы әлеуметтік-қаржылық қолдау бар, бірақ сол жылдармен салыстырғанда өте аз. Себебі, соңғы жылдары республикамызда жаңа жұмыс орындары көбейді. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір отбасының барлық мүшесі жұмыссыз қалған болса, қазір бұл көрініс келмеске кетті, жұмыссыздар күрт азайды. Батыс Қазақстан облысы Гүлнар ПАРМАНОВА,Тараз қаласының тұрғыны
2000 жылы Жамбыл облысында бар-жоғы 15 мәдениет үйі мен клуб болған екен, қазір – 199. Ал 1999 жылы 21 ғана кітапхана болса, бүгінгі таңда – 287. Яғни, қазір Жамбыл өңірінің өнері мен мәдениеті ерекше өркендеді. 545 мәдени мекеме халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бұл – Тәуелсіздіктің тартуы. Тәуелсіздік туы желбірегелі бері Жамбыл облысында 92 жаңа білім нысаны іске қосылған. Оның 71-і мектеп, 20-сы балабақша, 1-еуі колледж. Осының арқасында 46 тозығы жеткен, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі шешілді. Тәуелсіздік жылдары тек Тараз қаласының өзінде 11 мектеп, 56 мектепке дейінгі мекеме, екі мектептен тыс балалар шығармашылығы орталығы, алты денсаулық нысаны, бір мәдениет және алты спорт кешені пайдалануға беріліпті. Әрине, бұл жағдайлардың бәрі – Елбасының ел болашағына жасап отырған үлкен қолдауы, қамқорлығы. Жамбыл облысыБөлісу: