Жаңалықтар
12 мин оқу 375
Бірлескен бастамалар – тиімді байланыстар тетігі
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары одан әрі жалғасты. Бұл күні Елбасы бірнеше маңызды келіссөздер мен іс-шараларға қатысты.
Сенімді серіктестікке – соны серпін
Қазақстан Президенті, ең алдымен, Жапонияның Сыртқы істер министрі Фумио Кисидамен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі елдің өзара іс-қимылының түрлі аспектілерін талқылап, халықаралық өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Жапония серіктестігінің жоғары деңгейге жеткенін және сапар аясында өтіп жатқан келіссөздер алдағы уақытта оның аясын кеңейтуге бағытталатынын атап өтті.
«Біздің елдеріміз ядролық қарудың зардабын тікелей өз басынан өткерді. Жапония мен Қазақстан антиядролық қозғалыстың көшбасшылары болып саналады. Бұл жұмысты біз бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін. Менің Хиросимаға алдағы сапарымның мақсаты – жапон халқымен ниеттестігімізді білдіру, біз ХХІ ғасырда ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолында бірлесе жұмыс жүргізудеміз», – деді Қазақстан басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимылының белсенді түрде жүргізіліп отырғанына назар аударды. «Жапония дипломатиясының барлық бағытта, соның ішінде Орталық Азиядағы белсенділігін атап өткім келеді. Жапония мен Қазақстанның бүкіл халықаралық істерге қатысты ұстанымдары ұқсас», – деді Елбасы.
Фумио Кисида Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапония Премьер-министрімен өткізген келіссөзінің жемісті болғанын айтты. «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі Сіздің көшбасшылығыңызға шынайы құрметпен қараймыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – Сіздің табысты жетекшілік етуіңіздің көрсеткіші», – деді Жапония Сыртқы істер министрі.

Университеттер әріптестігі
Іскерлік байланыс артады
Тарихи тағдырластық тамыры тереңде
Сапар шеңберінде Елбасы Жапония Парламентінде сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді кеңінен қозғады. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД кеңістігі бойынша бүгінге дейін жапон Парламентінде сөз сөйлеген алғашқы Президент болғанын айта кету керек. Ал өзінің сөзінде Қазақстан басшысы Жапония Парламентінде сөз сөйлеуге мүмкіндік алғаны үшін ризашылық білдірді. «Елдеріңіздің заң шығару жиналысы халық билігінің тамыры терең тарихи дәстүріне ие бола отырып, мемлекеттің демократиялық тұрғыдан табысты дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Жапония көп сала бойынша көш бастап тұр, ол – экономикасының өсімі жөнінен әлемдегі үшінші ел», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жапон халқының еңбексүйгіштігі мен өзін өзі жетілдіруге деген құштарлығы елдің өркендеуіне септігін тигізіп отырғанын атап өтті. «Жапонның «кайдзен» философиясы тек басқару мен технологиялық биіктерді бағындыруға ғана мүмкіндік беріп қоймай, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтар қазынасына қосылды. Жапон халқының ойлау жүйесі қазақтардың дүниетанымына жақын әрі онымен үндес екенін айта аламын. Біздің халықтарымызды қиын да күрделі, кейде тіпті тақсыретті тағдыры тығыз байланыстырады. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып-жоятын қарудың бүкіл қасіретін бастан өткерді», – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында Қазақстанның атқарып жатқан іс-шараларына тоқталып, ядролық қауіптен ада әлем қалыптастыру үшін бірлесе күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды. «Біз Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет деп санаймыз. Біз ұсынған «АТОМ» жобасы да дәл осы мақсатты көздейді. Жапон достарымызды осы бастамаға қолдау көрсетуге шақырамын. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша Ядролық қарудан ада әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация жөнінде қарар қабылдады. Біз ұсынған БҰҰ қарарына Жапония да тел автор ретінде қосылды. Сол қарарға сәйкес, менің өз Жарлығым арқылы полигонды жапқан күн – 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жарияланды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жапония Парламентінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі 9-шы конференцияның тең төрағасы міндетін атқаруға кіріскенін және соған орай тараптар аталған құжаттың тезірек күшіне енуіне қатысты маңызды екі саяси мәлімдеме қабылдағанын еске салды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті биылғы наурыз айында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде жария еткен өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне де тоқталып өтті. «Онда мен соғыстар мен қақтығыстардан ада әлемге қалай қол жеткізетініміз туралы ой-пікірлерімді ортаға салдым. Бұған қоса, мен Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін берілетін халықаралық сыйлық тағайындау туралы шешім қабылдадым. Ол біздің планетамызда халықтардың бейбітқатар өмір сүруін орнықтыруға бағытталған игі қызмет атқарған әлемдік көшбасшылар мен саясаткерлерге құрметімізді білдіруге арналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қазіргі таңда ядролық қарудың қолданылу қаупін «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан бергі қай кезеңге қарағанда да жоғары екенін атап өтті. «Әлем жаңа ядролық дәуірге бет бұрды. Ол әлдеқайда қатерлі және оның барысын алдын ала болжап-білу мүмкін емес. ХХІ ғасырдың ең күрделі проблемаларының бірі – ядролық терроризм қаупі, сондай-ақ ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы. Жаһандық ойыншылар арасындағы сенімнің бұрын-соңды болмаған дағдарысы ядролық қаруды қолданудың алдын алу кепілдіктерінің де тығырыққа тірелуіне әкеліп соқтырып отыр. Бүгінгі таңда осы ұнамсыз үрдістерді тоқтату үшін барлық жаһандық көшбасшылардың саяси ерік-жігері ауадай қажет», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне назар аударып, Азия елдері арасында өзара сенімді нығайтудың маңыздылығын және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымына айналдыру қажеттігін атап өтті. «Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі міндетін атқаратын болады. Қазақстан мен Жапонияның 2017 жылы Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне қатысу мерзімінің сәйкес келуі алдағы уақытта өзара іс-қимылды қолға алуға қосымша мүмкіндіктер туғызады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, көптеген жапондықтың тағдыры Қазақстанмен байланысты екеніне тоқталды. «Кеңестік Қазақстандағы қиын кезеңде тағдыры тәлкекке түскен жапон әскери тұтқындарының асқан ауыр жағдайдағы төзімділігі әлі күнге дейін біздің жадымызда. Біз туысқандарының тағдыры туралы білгісі келетіндердің бәріне қажетті көмек көрсетуге әзірміз», – деді Елбасы. Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламенті мүшелеріне лагерьден босағаннан кейін Қазақстанда қалған әскери тұтқын Ахико Тецуроның оқиғасын әңгімелеп берді. Бүгінде ол өз отанына келгеннен кейін Қазақстанға қайта оралып, отбасымен бірге осында тұрып жатыр», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы келесі кезекте қазір жетекші державалардың Еуразия кеңістігінде бірқатар интеграциялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Қазақстанның осы идеяны ілгерілету жұмысын жүргізіп, соның ішінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асырып, ЕАЭО-ны және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұштастыру бағытында жұмыс істеп, сондай-ақ «ЕАЭО – Еуропалық одақ» үнқатысуына бастамашылық танытып отырғанын атап өтті. Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан жоспарлы әкімшілік жүйеден нарық жүйесіне көшіп, ауқымды қайта құрылу кезеңін бастан өткергенін және қазіргі уақытта «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдау арқылы маңызды институттық реформаларға кіріскенін жеткізді. «Жобаны іске асыру аясында азаматтық қоғам институты мен экономикасы дамыған үйлесімді саяси жүйесі бар ХХІ ғасырдағы Қазақстанды қалыптастыру көзделген. Мұның бәрі елімізге жаһандық жағымсыз трендтерге лайықты қарсы тұрып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Осы үлкен мақсатымызға жету жолында Жапониямен арадағы ынтымақтастыққа зор үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын да айтты. «Біз ғылымды қамтитын салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға, сіздің елден озық технологиялар мен ноу-хау тартуға мүдделіміз. Жапония компанияларын Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына және жекешелендіру жөніндегі ауқымды науқанға атсалысуға шақырамыз. Стратегиялық серіктестік пен елдеріміз арасындағы өзара түсіністік рухы қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұл сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толу қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды. «Өзара тиімді іс-қимыл мен жасампаздық сипаттағы сенім Азиядағы жақындасудың кілтіне айналады деп сенемін. Қазақстан мен Жапония халқы бірлесіп, өңірімізді өркендету және халықаралық аренада бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілету ісінде маңызды рөл атқара алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Елбасы еңбегіне – лайықты баға
Ресми сапар аясында Қазақстан Президенті Боао Азия форумы басқармасының төрағасы, Жапонияның экс-Премьер-министрі Ясуо Фукудамен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Қазақстанның Боао Азия форумының жұмысына белсене қатысатынын, себебі, ол саясаткерлер, бизнесмендер және ғылым қайраткерлері үшін жоғары деңгейдегі маңызды үнқатысу алаңы саналатынын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Боао Азия форумы мен Астана экономикалық форумының ұйымдастыру комитеттері арасындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары аясында өткен келіссөздердің нәтижелі болып жатқанын жеткізді. «Мен Премьер-министр Синдзо Абэмен келіссөз жүргіздім, сіздердің Парламенттеріңізде сөз сөйледім, іскер топ өкілдерімен кездестім, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Гои бейбітшілік қорының президенті және төрайымы, ерлі-зайыпты Хироо және Масами Сайонджилермен кездесті. Аталған қор жетекшілерімен кездесу аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшіліктің түйткілдерін тарқату, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау, терроризммен күрес және өңірлік проблемаларды ретке келтіру мәселелері бойынша ауқымды үлес қосып отырғанын жеткізді. Қазақстан Президенті Гои бейбітшілік қоры елімізде білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыра алатынына тоқтала келе, Қазақтан алдағы уақытта адамгершілік және әлем мәдениеті құндылықтарын одан әрі ілгерілету бағытында әріптестікті дамытуға дайын екендігін айтты. Гои бейбітшілік қоры 1999 жылы құрылған. Ол – бейбіт бастамаларды ілгерілету саласы бойынша кең көлемді халықаралық қызметті жүзеге асыратын Жапониядағы ірі үкіметтік емес ұйымдардың бірі. ЮНЕСКО-мен ресми серіктестік байланыс орнатқан. Қазіргі таңда Гои қорының маңында шамамен 7 мыңға тарта адам шоғырланған. Құрамында 100-ге тарта көпбейінді ұйымдар, топтар, қозғалыстар, сондай-ақ, «Тойота Мотор», «Кёсэра», «Сони», «Хакуходо», «Шисэйдо» секілді жетекші жапон компаниялары бар. Қор президенті Хироо Сайонджи – Жапонияның байырғы аристократтық отбасыларының бірі Император отбасымен дәстүрлі әрі тығыз байланыс орнатқан. Ал Гои қорының миссиясы – Жер шары тұрғындарының, бүкіл адамзат баласының жүректері мен ой-санасын бейбітшілік жолында біріктіру. Елбасы аталған қордың 2016 жылғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығымен марапатталды. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шарада биылғы Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығының өзіне табыс етілуі Семей полигонындағы ядролық сынақ зұлматын басынан өткерген Қазақстан халқымен ниеттестіктің көрінісі екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, полигонның жабылған күнінің аса маңызды белес екенін, өйткені, дәл сол кезден бастап біздің ел ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру жолына бет бұрғанын көлденең тартты. Мемлекет басшысы, бұған қоса, келер жылы Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі жауапты миссиясына кірісетініне тоқтала келе, былай деді: «Бұл – халықаралық қоғамдастық тарапынан бізге көрсетілген зор сенім. Таратпау мәселелерімен қатар, біз Жапониямен және басқа да әріптестерімізбен бірге азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелерін шешуге де атсалысатын боламыз». Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ядролық қатерден ада әлемге лайықты жол таба алатынына сенетінін жеткізді. «Сындарлы ұжымдық іс-қимылды қолға алған әлемдік қоғамдастықтың ерік-жігері мен парасаты Жер шарының ядролық апат құрдымына кетуіне жол бермейді деп сенемін. Біз Хиросима мен Нагасакидегі, сондай-ақ Семейдегі, Маршалл аралдарындағы және басқа жерлердегі қасіреттер туралы ұмытпауға тиіспіз. Әлемді ядролық апат қатерінен құтқару үшін талмай күрес жүргізуге шақырамын», – деді бұл орайда Қазақстан басшысы. Бір айта кетерлігі, Гои қорының Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығы бейбітшілік мәдениетін таратуға және оны ілгерілетуге қосқан мейлінше маңызды үлесі үшін жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға беріледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Токиодан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алындыБөлісу: