Жаңалықтар
3 мин оқу 246

Алматыда 90-ға жуық ұйым жекешелендірілмек

Алматыда 90-ға жуық ұйым сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА. Бұл туралы «Ұлт жоспары - 5 институционалдық реформаларды іске асыру бойынша 100 нақты қадамды» іске асыру барысын жариялау бойынша брифингте  қалалық Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Құдайбергенова хабарлады. Алматы қаласында өңірлік Коммуникациялар  қызметінің алаңында сөз алған спикер Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметтің алдына ауқымды жекешелендіру және бәсекелестікті кеңейтудің тиімді аспабы ретінде пайдалана отырып, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босату бойынша міндет қойғанын атап өтті. Құдайбергенова бірінші кезекте мемлекет ел экономикасына өзінің қатысу үлесін 15 пайызға төмендетуі қажет екенін атап өтті. Тапсырманы іске асыру үшін Үкімет 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті. Жекешелендірудің мақсаты - жеке бизнестің одан әрі дамуына, қосымша инвестиция, жаңа технологиялар, қызмет көрсету сапасына серпін беру. Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, Алматыда 8 спорт клубы сатылды. Сатылған активтердің жалпы құны 54,2 млн теңгені құрады. «Жаңа меншік иелері келешекте осы спорт клубтардың қызметін дамытуы тиіс деп санаймыз. Біз мемлекеттік тапсырысты сақтаймыз және жалпы негізде орналастырамыз, конкурстық негізде қатысып,  аталған клубтар қызметінің  бейінін сақтаймыз.  Мемлекет басшысының тапсырысымен талдау жүргіздік, бізде портфельде 356 коммуналдық кәсіпорын бар. Оның 90 пайызы әлеуметтік сала нысандары», - деп хабарлады Құдайбергенова. Сөз сөйлеу барысында ол қалада 267 жекеменшік балабақша, 44 мектеп жұмыс істейтінін атап өтті. «Шығыстарды ұстаудың 75 пайызы әзірге жергілікті бюджет ауыртпалығында жатқанын ескеріп, біз оларды жекеменшікке беру қажет емес деп санаймыз. Алайда жеке бақшаларды басқаруға алуға, «Балапан» бағдарламасының аясында мемлекеттік тапсырысты сақтауға әзір инвесторлар бар. Біз олар бизнесті мемлекетке қарағанда тиімдірек басқарады деп санаймыз», - деді ол. Қазір пилоттық режімде сатып алу құқығынсыз оқушылар сарайын сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі мәселесі пысықталуда. Бұл ретте мемлекет өз міндеттемесінен бас тартып жатыр дегенді білдірмейтінін атап өтті Құдайбергенова. «Жыл сайын тапсырыс орналастырылады және мемлекет инвесторға халықтың әлеуметтік әлсіз тобын тегін оқытуға шығындарды өтейді. Мұнда атаулық қағидат сақталады. Бірінші кезекте мемлекеттің де, инвестордың да мүдделерін қорғау қажет», - деп санайды ол. Қазір бәсекелестік ортаға беру үшін 90-ға жуық ұйым қаралуда. 2020 жылға дейін нақты кесте жасалады. Мұның бәрі жарияланады, талқыланады. Үкіметте, Президент Әкімшілігі қабырғасына үлкен кездесулер өтеді. Бүгін қаржы басқармасының міндеті - жекешелендірудің ашық үрдісін қамтамасыз ету. Бұдан басқа, Құдайбергенова Алматыда мүлікті заңдастыру (ақшадан басқа) бойынша комиссия жұмысы туралы айтты. ҚР тыс жерлерде 6,7 млрд теңгеге немесе 74 пайыз мүлік заңдастырылды. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 7,4 пайызға ұлғайған. Ақша 1,2 млрд теңгеге заңдастырылды. Алматыда 327,5 млрд теңгеге нысан заңдастырылды. 2016 жылы 6234 нысан жекешелендірілді.  Бұл өткен жылмен салыстырғанда, екі есе төмен. Комиссия қарауында жалпы сомасы 40,9 млрд теңгеге 1727 өтініш бар. Жалпы сомасы 80,7 млрд теңгеге 4022 өтініш бас тартылып, қайтарылды.  
Бөлісу:
Алматыда 90-ға жуық ұйым жекешелендірілмек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар