Қазақстан ядролық қоғамы съезд өткізді
Шымкентте «Қазақстан ядролық қоғамы» қауымдастығы мен атом ғылымы энергетика өндірісінің І сьезі болып өтті.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған шараға еліміздегі «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері мен ресейлік ғалымдар қатысты.
«Қазақстан ядролық қоғамы» қауымдастығының президенті Владимир Школьник: "Мемлекет Басшысы егер біз әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарына енгіміз келсе, осыны жасауымыз керек деп атом энергетикасына қатысты өзінің көзқарасын анық жеткізді. Қазақстанның ядролық қоғамы еліміздің жоғары технологиялары саласындағы үздік инженерлер мен үздік технологтарды, үздік университеттер мен үздік ғылыми орталықтарды біріктіріп отырғандықтан, бұл бізге де айрықша жауапкершілік жүктейді. Бұл біздің ел халқы алдындағы азаматтық парызымыз, еліміздің инновациялық дамуына қосар үлесіміз болмақ", - деді.
Ядролық энергетика - жасыл технологияның бір түрі. Күн және жылу энергиясы сияқты бұдан да экологияға қауіпсіз, техногендік сипаты мықты қуат көзін алуға болады.
Осындай ірі мәселелерді талқылаған ғалымдар атом өндірісіне қажетті мамандар дайындау жайында да кеңесті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
"Егемен Қазақстан"
Оңтүстік Қазақстан