Жаңалықтар
13 мин оқу 1,033
Хаттар тербелісіндегі ғасыр тынысы
Бейімбет, Сәкен ағалары әдебиетке жетелеп әкелген Мәриям Хакімжанова тұтастай бір ғасырдың қызығын да, шыжығын да көріп, 89 жасында өмірден өтті. Аштықтың, жеке басқа табынушылықтың, қудалаудың, соғыстың небір қиындығын кешкенімен, уақыт талабына мойынсұнып, партияны, Ленинді жырлады. «Қапияда қақ төбемнен түсті жай, Жарқ етті де қалды сөніп күн мен ай. Өзегімді өртеп өтті, өксітті, Бізді неге аямадың, ә, құдай. Махаббаттың періштесі ем таранған, Сүйген жардың жүрегінен жаралған. Аяулы жан, ақиығым мерт болды, Қуанышым көз нұрына баланған» деп басталатын махаббат ырғақтарын басылымдарға ұсынбады, кітаптарына енгізбеді. «Сырты бүтін, іші шоқ...» болса да, елін, жерін мақтан етіп, ризашылық танытты. 1945 жылы жазған «Мәншүк» поэмасы Сталиндік сыйлыққа ұсынылады дегенмен жолы болмады. Кенесары хан, Наурызбай батыр есімдері аталғаны соққы боп тиді. 1952 жылы поэмаға тыйым салынып, тек тоқсаныншы жылдары ақталып, жарық көрді. Көп қырлы еңбегіне әр кезеңде тоқталғанбыз, бұ жолы архивіне байланысты әңгіме қозғамақпыз.
Халық ауыз әдебиетінің жинақталуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бір ғана Қостанайға барған экспедиция нәтижесінде өзінің санауы бойынша: Отан соғысы туралы – 9276; совет фольклорынан – 8471; халық фольклорынан – 10449; билер-шешендер сөзінен 4749 жол өлең жинаумен қатар Ы.Алтынсариннің 1884 жылы шыққан кітабы мен баспаға шықпаған 634 жол өлеңін, Алтынсаринмен жолдас болған 92 жастағы Хасен Сәбитов деген қарттың аузынан 2 бет қарасөзін жазып, фотосуретін қоса алған. Сондай-ақ, Нұржан Наушабаевтың 1903 жылғы өлеңдер жинағын, ешқашан жарияланбаған 1196 өлеңін, бұ кісі жайлы ел аузындағы аңыздан 19 бет қарасөзін, Кердері Әубәкірдің 2 түрлі өлеңдер жинағын, Ақылбек Сабалұлының 1907 жылғы өлеңдер жинағын, Қобыланды қиссасының 1914 жылғы (Семиозер ауданынан) нұсқасын, «Бозжігіт» қиссасының 1881 жылы татар тілінде басылған, басқа да бірнеше тарихи кітаптарды іздеп тапқан.
Әріптес іні, сіңлілері, оқырмандары оны сүйеніш тұтып,хат жазып ақылдасып тұрды. Мәселен, Сырбай Мәуленовтің 1945 – 1948 жылдар аралығында апайға жазған хаттарына (қысқартып) назар аударайық:
«Мәриям апай! Інішек пен қарындастың дендері сау ма? Әжем науқасынан тәуір болды ма? Сізге Қостанайға келісімен хат жазып ем, осы уақытқа дейін хабар жоқ. Жездейдің хабары өтірік боп шыққан. Оны алдыңғы хатымда жазғам. Мен де бір қалыпша жүріп жатырмын. Көктемгі егіс, оны өткізу мәселелері... Сіздің поэмаңыздан үзіндіні әйтеуір табан тіресіп отырып жіберттім. Осы хатпен бірге газетін салып отырмын. Өмірде ешқандай өзгеріс жоқ. Денсаулығыңыз қалай? Қостанайда пәтер жағдайы қиын болып тұр. Одақтағы Гребаустың құлағына саларсыз. Ал майда лирикалы өлеңдеріңізді кейін газетке жібертемін. Жақында халық ақындарының облыстық айтысы болып өтті. Нұрхан, сосын Майра деген келіншек айтысты. Айтыс шамалы өтті. Яғни көңілсіз. Ол ақындарға байланысты мәселе емес қой. Ал, радиодағы ақшаны алып, машинистканы ырза еттіңіз бе? Творчествода қандай жаңалықтар бар. Мен анда-санда қол тигенде, бір ыңылдап қоям. Жұмыс көп, уақыт жоқ. Сізден сарғая сағынып хат күтем. Бірақ хабар жоқ. Жаз келесіз бе? Алдағы күн туралы қалай топшылайсыз? Тез хат жазыңыз. Асыға хат күтіп, қолыңызды қатты қысушы өзіңнің інің Сырбай. 15/ІІІ-45 ж.».
«Мәриям апай! Салған хатыңды алып, амандық хабарыңды естіп, төбем көкке жеткендей қуанып қалдым. Көңіл шіркін бір жадырап қалды-ау. Аяғым ревматизм болып ауырып жүр едім, сіздің жылы сөздеріңізді естіп айыққандай болдым. Сізге 2 хат, 2 газет, ішінде хаты бар, бір поздравительная телеграмма (в связи с успехом поэмы Маншук) жіберіп едім. Олардың бәрін алған боларсыз. Ал маған Жұмағалидың үйінің адресін, телефон номерін хатқа салып жіберіңіз... хат салып ем, алған, алмағанын білмеймін. Творчестволық жұмыста жаңалық шамалы. Биыл денсаулығым нашарлап жүр. Зияда қалпынша жатыр. Біраз лирикалы өлеңдер жазылды. Сұлтан батыр деген дастанша аяқталды. Көлемі 220 жол. Естай деген батырымыз қайтыс болды. Енді соны жазам ба деп жүрмін. Уақыт аз, газет қызметінен қол босамайды... Қостанай баяғы қалпынша. Егіс даласы мотордың күріліне айналды. Соқалардың жерді жыртуына ойлы көзбен қарап, қағазға түртіп алып біздің қызметкерлер жүр... Союз писателейге 2 рет звонить етіп ем, жөнді сөйлесе алмадым... Кейде өзіме өзім өкпелеп, бұрқан-тарқан боламын. Таудан аққан тасқындай тасты ағызып, Қырымнан қиқуы естілетін талант жоқ, қатардағы қарапайым қара өлең ғана шыққанына ашуым келеді. Шіркін, әлемді таңдандыратын бірдеңе жазсақ екен. Қолдан әзір ондай құдірет келмей тұр».
Бұдан әрі осы, 1945 жылдың 18 қыркүйегінде жазған хатында көптеген нақты сауалдар қойып, Жұмағалидың қолындағы өлеңдерінің жағдайын, Қазақстанның ХХҮ жылдығына орай не істелінетінін, өздеріндей жас ақындардың биыл да слеті өте ме деп, «осы секілді әдебиет жаңалықтарын жазыңыз» дейді.
Келесі (2/ХІІ- 1946 ж) хатын Мәриям апайдың анасының қайтыс болғанына көңіл айтып бастапты: Ана деген асқар тау, асқаралы медеу ғой. Барғанда жақын тартып көрсеткен аналық мейірбаны әлі күнге дейін көкірегімде хаттай жазулы. Тағдыр, шіркін, солай ғой. Қанша қиналып қимасаң да қатал ажал жолыңды қақпайлап кес-кестейді. Апа, сіздің маған ұрсуыңыз әрі орынды, әрі заңды. Бірақ, мен де жұмыс бастылау болып кеттім. Биыл күзден бұрын фибриозно-продуктивный туберкулез болып ауырып, 2 ай Аманкелді, Торғай ауданында демалыста болдым. Одан келген соң көп ұзамай өзіңіз білетін Қызылордаға кеттім. Семьяның бас-аяғын жинап, көшіріп келгеніме 3-4 күн болды. Соларды орналастыру қамымен жүрмін. Биыл Жақия келгенде, Қызылордаға жүруге сайланып, шешемді Аманкелді ауданына жіберім ем. Ол келгенше Жақия кетіп қалыпты. Ауыл дәмінен жібере алмадық-ау деп үй-іші болып өкініп қалдық. 5-6 айдан бері мен де ештеңе жазғаным жоқ. Айнала жүріс. Оның үстіне редакторға орынбасар етіп, қолды тигізбейтін болды. Түнімен кеңседе болып, таңға жақын қайтасың. Таңертең тағы келесің. Осылай бір қалыпты уақыт өтіп жатыр. Сізге алғыстан басқа айтатын өкпем жоқ. Сіз дегенде туысқандық махаббатым басқаша екендігін өзіңіз білесіз. Жиі-жиі хат салып тұрыңыз. Өлеңдеріңізді таяудағы күндерде газетке жібереміз. Сосын газетін жіберіп, тағы да хат жазамын. Денсаулығыңызды күтіңіз. Көп ойламаңыз. Әр нәрсеге болаттай берік болыңыз».
1948 жылдың 29 мамырында жазған хаты қысқа-нұсқа: «Мәриям апай! Аман-сау барсыз ба? Мен де аманмын. Жинақ шыққан жөнінде берген телеграмманы мен командировкада болып кезінде ала алмадым. Қайтып келген соң кеш болды. Сізге үлкен рахмет! Көп болды. Хат салыспайсыз. Хабар алыспайсыз. Әлде өкпелісіз бе? Біздің бастық демалысқа шықты. Бір айдан кейін мен де демалыс алып Алматы барамын. Өйткені мұнда мені қызметтен босататын емес. Сонда барып, Алматыға орналасу жағын қарастырамын. Тез хат салысыңыз. Ініңіз Сырбай!».
Өзіне кім хат жолдаса да Мәриям апамның ұдайы жауап беріп отырғанын байқаймыз. Омар Шипин, Айтбай Хангелдин, Қалмахан Әбдіқадыров, Ғабдол Сланов, Дихан Әбілов, Қуандық Шаңғытбаев, Өкім Жайлауов, Әмин Фатихов және басқа да еліміздің белгілі тұлғаларымен талай жылдар хат алысып хабарласқан. Арабша, латынша жазғандарын оқу бізге қиын. Өзімізге таныс әріппен жазғандарынан үзінді келтірейін:
«Мәншүк батырың кітапқа шықты ма, шықса бір данасын маған жібер. Омаров Ілиястың дені сау ма, қызметке орналасты ма? ...Зеңбірекпен Кенесарыны Арқадан ...тауға асырғаны туралы, Кенесарының Балғожаны қалай шапқаны туралы өлең жазсам қандай маңызы бары-жоғын Ілияспен ақылдас...» Омар Шипин 3/ІІ-1952».
«Ал, апа, толық етіп хат жазуыңызды сұраймын. Хатыңызда мына мәселелерді основательно қамтырсыз. 1.Менің кітабым, қайран менің кітабым, сорлы кітабым, маңдайының қыртысы бес мың елі бишара кітабым қашан шықпақ? Әлде шықты ма? Шықпаса, нендей кеселге душар боп қалды? О сорлы кітабым, бишарам. 2. Издательствода кім-кім бар? Апатай, қиылып сұрағаным болсын, бұдан былай ешнәрсе сұрамай-ақ қояйын, осыны хабарлашы. Сәлеммен – сіздің Қуандығыңыз. Ақтөбе. 7/ХІ.44».
Дихан Әбілов, Тайыр Жароков пен Әбу Сәрсенбаевтың мына қолтаңбаларын толық беруді жөн көрдім:
«Құрметті Мариям! 24.І.45 жыл жазған хатыңды алып амандығыңа қуандым. Шын қуандым. Үйткені тіпті, көптен хабарсыз болғасын нендей халде екен деп ойлап жүруші едім. Өмір сайрап жатқан саражол емес, кедір-бұдыры, ойы-қыры, асулары көп антұрған ғой. Адам соның саңлауына «ынтық» тәрізді құштарлана, күреспен жеңіп шыңына асады. Хал жайыңа әбден түсіндім. «Мәншүкті» жазғаның және оның дәріпті жігіттерімізге (Әбділдәға, Сайынға) ұнағаны қуантады. Сүйтіп Ұлы Отан соғысында ақын-ана даусы да жер жаудырта дабыл қағысқаны қандай игілік. Мұны күндеушілердің іші жарылсын. Жарыққа шығып, таяуда кітабын оқиық. Соған тілеулеспін. Бізге жібер. Газетімізге басайық. Құтты болсын айтып қуанышыма ортақтасқаныңа рахмет. «Сүтке күйген аузым қаймаққа да күйе бермес» деп үміт етем! Алматы, әдебиет жаңалығын жазып тұрғайсыз! Әбділданың «Кілемші Жомарты», «Абай» операсы мұндағы біздерді де сүйсіндіріп жатыр. Сүйтіп жақсы нәрселер қосыла берсе екен қазақ әдебиеті қазынасына. Қасым, Қалижан батырлардан не хабарыңыз бар? Жақан, Тайыр, Ғалым не бітіріп, не жазып жүр екен? Үй іштеріңе дұғай сәлем! Амандықпен көрісейік. Құрметпен Дихан. 22/ІІ -45 ж. (Соңына Мәриям апам «Бұл хатты 17 наурыз күні алдым. Сол күні қайра хат жаздым. 17/ІІІ 45 ж. деп» белгі соғыпты.
«Мариям! Өте шұғыл,кәзір – осы хатты алған бойда, шайіңді ішпестен – қазақша оқитын өлеңіңді таңдап алып – өзіңде бар болса орысша переводын ала-сала біздің үйге құстай ұшып жетуге мәжбүр болыңыз. ЦК-дан 10 рет звонит етті, біздің үйден тез сонда жөнелеміз. Жұмекең өзі басқарады. Тездет! Сал айқайға! Тайыр. 9/ҮІ – 49. Сағат 6 – жарымда сол жерде боламыз».
«Қадырлі Мәке! Сізге Ләзизя досыңыздың аудармаларын жіберіп отырмын. Әзірге оқи алмассыз. Сақтаулы тұрсын. 1.Айтпақшы, Абдолланың жиен қарындасы Ұлмекен деген ұстаз хат жазып екеумізге рахмет жаудырыпты. Ол қарындастың айтуынша Абдолла Жұмағалидың інісі Қожахмет деген кісінің баласы көрінеді. Жұмағалидың бұрынғы бәйбішесі туған күні-ақ Абдолланы бауырына салған екен. Өз шешесі мен қарындастары бар дейді. Анықтау үшін хат жазып сұраттым. 2.Жақан Сыздықовтың тумасы Төлеген Қажыбаев Көкшеден хат жіберіпті. Жақан атын совхоздағы орта мектепке берген екен. Сонда музей ұйымдастырмақ екен. Сізде Жақаннан не бар? Сурет, кітап, естелік, қолжазба? Қарастырып көріңіз. Сәлеммен Әбу шал. 15.2.87».
Мәриям Хакімжанова қырғыздың классик ақыны Тоқтағұлдың, Социалистік Еңбек Ері Аалы Токомбаевтың, жазушылар Қуанышбек Маликов, Сәтин Әбдікаримованың шығармаларын қазақ тіліне аударып, өз кезегінде олар да апамызды қырғызша сөйлетуге әрекеттенген. Сол тұстары жазылған хаттар да баршылық. Аалы Токомбаевтың апайға 1959 жылдан бастап жазған көптеген хаттары сақталыпты. 1978 жылдың 8 қаңтары күні жіберген хатында «қазақ тілінде жазған болдым» деп, ардақты баздызынан хат алып өте қуанғанын, талай хат жазып, талай телефон шалғанымен жауап болмай, жоғалтқанына өкініп түңіліп кеткенін айта келе бәйбішесінің көптен ауыратынын, үш ұл, бір қызы, бағып алған тағы екі ұлы бар, бәрінің үйленген жайланғанын, жақсы тұратынын жеткізеді. Сәбит, Мұхтар қайтыс болғаннан кейін көп хабарлардан артта қалғанын, сүйген інісі Қаратаевпен ғана байланысатынын айтыпты. «Сіз менің ырларымды білесіз, прозаны өте аз жазам. Мынау әңгімелермен танысып көрерсіз. Достық сәлеммен қолыңызды қысып жездеңіз Аалы Токомбаев» деп аяқтапты хатын.
Қызық, Мәриям Хакімжанованың «Өткелдер» кітабын қырғыздар жағы 1973-1978 жылдары шығарамыз дегенмен нәтижесіз аяқталған сыңайлы. Аудармашылармен апай жиі ақылдасып тұрған. 1981 жылдың наурыз айында Қырғызстанның Талас шаһарынан жас ақын Асан Токоев екі рет хат жазып, апамыздың «Өткелдер» өлеңдер жинағын Баратбек Корчубеков екеуі аударып қойғанын хабарлағанымен, 1983 жылдың 27 қазанында апайдың Асқаров Теңдікке жіберген хатынан кітабының жарық көрмегенін білеміз: Асан Токоевтың жазған хатында «Фрунзеге бардым. Теңдік ағайдың қабылдауында болдым. Секцияның бастығы, Қырғыз елінің ақыны Сүйінбай Эралиевтің қолына беріп, «Қарап шығып баспаға дайындаңдар» деді деп жазды. Міне, бұған да жылдан асты. Не баспадан, не Асаннан хабарым жоқ. Қоторманың жарамай қалуы мүмкін емес. Асан он бір кітаптың авторы, белгілі ақын. Баратбек өлең жазып жүрген сауатты, білімді азамат. Оның А.А.Алмышевпен бірігіп жазған, орыс тілінде шыққан «Что мы знаем о мумие» деген кітабын қазақ ғалымдарының қолынан көргенім бар. Сізден ана жүрегінен, ақын жүрегінен өтініп сұраймын, менің кітабімнің тағдырын хабарласаңыз екен... Тілектес апаң М.Хакімжанова».
Оқырмандарының ой-пікірлері, әр жылдары мерейтойымен құттықтаған өлең, алғыстар, өзіне арналған жасөспірімдердің жырларына, ағаларының, бауырларының қазасында айтылған қаралы сөздеріне шейін сақтапты. Үш бетке жазылған парақ сыртына: «Бұл менің туған ағайым Ахметжан Хакимжанов қайтқанда күйеу баламыз, үлкен ақын Ғафудың қаралы жиында сөйлеген сөзі.5.ҮІ.1976 жыл»,- деп қолын қойыпты. Ағыл-тегіл ақтарылған екен ақиық ақын, қысқартып ұсындық: «Азынап өтіп жатқан айлар, күңіреніп жеткен күндер, жылап аттанған жылдар – соның, солардың бар салмағын нар денеңізбен, қуатты миыңызбен, құдіретті жүрегіңізбен көтеріп-ақ бақтыңыз-ау! Табиғат сізді қалай жомарт жаратқан, Тағдыр сізді қалай аямаған десеңізші! Неткен кереғар жазмыш! Табиғаттың жомарттығына дәлел – сіздің жаныңыздың жалғансыз жомарттығы еді. Сіздің адамның бәрі жақсы болсыншы деген тілеуіңіз аузыңыз айтпай-ақ, кісінің жақсылығын көргенде риза бола қараған көз жанарыңыздан танылушы еді. Сіз жақсылықтың, қайырымның егіншісі, диқаншысы едіңіз. Сіздің бауырыңыздан пана таппаған жетім бар ма еді? Не бір кең сарай мекеніңізді шашырап жүрген балаларға беріп кетіп, бастарын қосып, үй ғып қоюшы едіңіз. Иә, Аха, сіз бүтінші едіңіз. Сіз киім жыртығын, жең жыртығын емес, ел жыртығын жамаушы едіңіз. Ағайынның ақылы мен айбары едіңіз. Ақылдан кемістік көріп, ақыры, соның кейістігін тартқанда сізге келуші ек. Сонда сіз бір жер-дүниені билеген әкім болмайтынсыз, ақыл болушы едіңіз. Ақылдың бір ауыз сөзімен бізді адамшылықтың аулына жеткізіп тастаушы едіңіз. Сонда біз жаяушылық көрмей, атқа мініп қайтушы ек қой. Сіз өмірде керемет биік дәрежелі қызметте де болған жоқсыз. Бірақ сіз сол сеніп тапсырған қызметтің абыройын керемет сақтап өсіріп жіберетін адам едіңіз. Жан-жағыңыз соған риза болатын да, өздері де адал еңбек етуге талпынатын. Қызметтің, иесіне кездессе, кішкентайы болмайтынын үйрететінсіз. Сіз сол арқылы орынсыз даңғойлық, мейманасы тасушылық, іс таңдау, мансап қуу, бейберекет, бейнысап, бейсауат қылықтарды сылып тастап, кір жуытпай отыратын сирек таза адам едіңіз. Сіз отырған жерде ұсақтығымызды жасырып әуре болатынбыз... Ал әділетсіздікті көріп шамырқанғанда, енді менің Ахаң атым кеміп қалады-ау деп жасқанғаныңызды көргем жоқ,найзағай отындай шарт ете түсетін едіңіз. Ол, әрине, сіз секілді сабыр иесінде сирек құбылыс болатын. Сіз талай жақын туыстарыңыздың бірсыпырасынан жасыңыз кіші бола тұра, солар тығырыққа қамалғанда «Ау, Ахметжанды тосайық!» деуші едіңіз ғой... Я, Аха, кейде берекесіз көптен жақсы туған жалғыздың өзі артық екенін сіз біліп, көріп барасыз. Жалғыз бала Марияштың тұрмыс дауылына майыспай, жығылған теректің жалғыз жапырағындай қасыңыздан ұшпай қалуының өзі – адамшылық атты дастанның асыл бір тарауы емес пе? Адамның қыз атты нәзік баласында бұдан артық ерлікті кім көрген? Аха, сіз Нағима атты асыл қосағыңыз бен сол жақсы балапаныңызға қиын жылдар мен айлардың жүзінде ылғи алғыс айтып жаттыңыз ғой... Қош, аяулы жұрт ағасы, қайран Аха! Иман несіп, топырақ торқа, қоныс жайлы болсын! Қатар жатқан үш ағайын, Үш бәйтерек бауырлар, Біз сағынып келген сайын бір аунасып қалыңдар! Ғафу Қайырбеков 2/ҮІ – 1976 жыл».
Тебіренбей оқу мүмкін емес. Мұхамеджан, Ыдырыс, Ахметжан ағаларынан, кейін сүйікті інісі Жақиядан да айырылып, өмірінің соңғы жылдары қатты уайым шекті. Жоқтау айтып қана бойы жеңілдейтін. Түкпір-түкпірден ақыл, көмек сұрайтындар көп еді. Телефонмен ақын қыз-келіншектердің Жазушылар одағына өтуге кепілдеме сұрап, бірі күйеуінің тастап, бұрынғы әйеліне кеткенін, екіншісі таяқ жеп төбелесіп жатқанын... не болса соны айтып мазалайтын. Апамыздың қара жамылып отырғанын ескермегендерді де, өзі жетектеп әдеби ортаға кіргізген кей сіңлілерінің алдын орап кеткенін де көрдім. Соның бірін де білдірмейтін сыртқа.
Бетегеден биік, жусаннан аласа жағдайға көндіге жүріп, елу жасқа толғаны 1957 жылы желтоқсанның ортасында Жазушылар үйінің сол кездегі Пролетар көшесіндегі кеңсесінде ресми түрде аталды. Өзі туралы пікір білдірген әріптестеріне алғысы шексіз еді. Сапарғали Бегалин баяндама жасап, әйелдер журналының атынан Ләзиза Серғазина, Ғылым академиясынан Оразгүл Нұрмағамбетова, партияның Орталық Комитетінен М.Бейсенова, Қазақ университетінен Масура Сармурзина, жазушылар Сейітжан Омаров, Дмитрий Снегин, Ғайша Шарипова, ақындар Диқан Әбілов, Ғали Орманов, Жұмағали Сайын, Тайыр Жароков, бірі сөйлеп, бірі өлең оқыды. Шүкір, шығармашылығына арналған сол алғашқы жиыннан кейін 60, 70, 80 жасқа толғаны республика деңгейінде аталды.
Архивінде сақталған, сақталмаған... сарғайған папка қағаздарын ашып қалсаң, өзі тірлік кешкен дәуірдің панорамасы шыға келеді алдыңнан. Жоғарыдағы есімдер - қазағым, ұлтым деп өткен есіл ерлер, әрқайсының жеке ізі сайрап жатыр тарихымызда. Үзіп-жұлып алынған бірер сөздерінің өзі талай зерттеуге өзек. Ал, хат, хабар, жеделхат, тілек, алғыс, өтініш, арнау... жүздеген белгілі фамилиялар сұлбасында бүгінге жеткен мол мұрасының жеке жинақ боп жарық көргенде қанша рухани байлыққа кенелетінімізді елестете беріңіз! Бұл арман ғана. Қолымыздан түк те келмейді, ойлап едім, ақынның 110 жылдығы аясында апамның сүйікті немересі, студент кезінде классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы – Аппақ» атты кітабын безендіріп, жоғары баға, батасын алған, бұ күнде талантты суретші Айгүл Атымтайқызы Хакімжанованың тым құрығанда көрмесін туған жері Қостанай мен Алматыда ұйымдастырып, (бәрі қаржыға кеп тіреледі) арнайы кеш өткізсек пе деп! Өйткені, Мәриям анамыздың ұлтына деген шексіз махаббатын, мейірімін, қамқорлығын... Айгүлдің графикасынан, живописінен көріп, сағынышымды басамын, бұл енді басқа әңгіме... Әзірге, 1995 жылы 7 ақпанда апам көз жұмған күні жазылып, осы газетте шыққан көңіл сазының жаңғырығымен қысқа қайырайын: - Жиырмасыншы ғасыр кетті өзіңізбен, жан апа...ар, намыс, қайырым да мейірім...бәрі кетті өзіңізбен, жан апа...
Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың туғанына 110 жыл толуына орай
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
«Балбұлақ», «Дертке дауа» басылымдарының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріБөлісу: