
Оңтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған «Алтын күз – 2016» мерекесі тойланды. Бұл туралы inform.kz хабарлайды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін баяндап, мерекеге келушілерді құттықтады. Аймақ басшысының айтуынша, биылғы жыл оңтүстікқазақстандықтар үшін берекелі болғанын. Өңірдің шаруалары мол өнімге қол жеткізіп, мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды тиімді пайдаланған.
«Келер жылға үкіметтен 6 млрд 47 млн теңге субсидия бөлінді. Биылғы егін жайына келер болсам, егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың га артты. Бақша, көкөніс, мақта, картоп және жеміс-жидек дақылдарынан мол өнім жиналды. Өнім көлемін, гектар түсімділігін арттыруға негізінен шаруашылықтардың агротехнологиялық іс-шараларды дұрыс жүргізу мен өндіріске озық технологияларды ендіруге бет бұруының нәтижесінде қол жеткізіп отырғандығымызды мақтана айтуымызға болады. Оның ішінде, терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайлардың көлемі бойынша республикада көш бастап келеміз», – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Сонымен қатар, мерекелік басқосуда, аймақ басшысы облыста соңғы үш жылдың өзінде 2 мың га өндірістік интенсивті баулар отырғызылғанын айтып, оның тиімділігі гектарынан мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бақшамен салыстырғанда 10 есеге артық өнім алуға болатынын жеткізді. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуға күнгейде мүмкіндіктер жеткілікті екеніне тоқталған әкім мал шаруашылығында да қабылданған іс-шаралар мен «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғарғы деңгейде орындалып жатқанын баяндады.
Шара соңында түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден І орын алған озат аудан, қалаларды атап, арнайы мүсін мен облыс әкімінің сертификаттарын табысталды.