Жаңалықтар
2 мин оқу 300

Жерлестеріне көшет жеткізді

Елдің белгілі бір аумағынан оның екінші бір қиырына сәлемдеме, сый-сияпат жіберу дәстүрі бұрыннан бар. Айталық, бала кезімізде Алматыда тұратын апаларымыз елдің батысында орналасқан шалғайдағы ауылға жұқа ағаш жәшікке салынған Алматының апортын жіберіп тұратыны есімізден кетпейді. Оңтүстік астанадан «Алматы – Орал» жолаушылар пойызы арқылы Шыңғырлауға келген сәлемдеме де Алматыдан жолданыпты. Бұл да апорт екен деп ойлап қалып жүрмеңіз. Осынау айрықша сый екі қорап ағаш көшеттері болып шықты. Оны жіберген Алматы қала­сында тұратын еңбек ардагері, жүрегі елім деп, жерім деп соқ­қан, шұрайлы Шыңғырлау топы­рағында туып-өскен Толқын Қаз­мағамбетова мен осы өңірден шыққан академик Лұқпан Қылы­шевтің қызы Алма екен. Олар ауылдастарына алдын ала хабар беріп, пойызды күтіп алып, сәлемдемені алып қалуды сұрапты. Осыған орай айрықша сыйды Шыңғырлау теміржол бекетінен қарсы алғандардың арасында бол­ған әріптесіміз Адақ Шотпанов екі қорап көшеттің үстінде арнайы жа­зылған хат та болғанын хабарлады. Мұнда аға ұрпақ өкілі  Толқын Қазмағамбетова туған жерге деген сағыныш сезімін айта ке­ліп, аудан орталығындағы сая­баққа отырғызу үшін емен, қара­ғай және каштан ағаштары тұқымдарының көшеттерін жіберіп отырғанын жазыпты. «Қымбатты бауырларым! Біз Алма апаларың екеуміз туған жерге сән беретін, әрі сая болатын сирек кездесетін ағаш тұқымдарын жіберу жөнінде ортақ тоқтамға келдік. Оны жинауға немерелерім көмектесті. Ал оны қорапшаларға салуды бәріміз жабылып жүріп тындырдық.  Бұл біздің туған жерімізді көркейтіп, көгалдандыруға қосқан үлесіміз болсын», делініпті хатта. Бұдан кейінгі уақытта Алма­тыдан жеткен аманат ойдағыдай орындалғаны жөніндегі хабарға да қанықтық. Апалардың айтуы бойынша жергілікті орман шаруашылығының басшы­сы Нұрлан Ықсанұлы бастаған табиғат жанашырлары аталған ағаш көшеттерін аудан орталы­ғындағы орталық саябаққа отыр­ғызыпты. Бұдан артылғаны көшет­тер өсіретін арнайы питомниктерге ор­наластырылыпты. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы
Бөлісу:
Жерлестеріне көшет жеткізді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар