Жаңалықтар
2 мин оқу 651

Ахау, Семей...

roza-muzeyde-2Әйгілі әншілер Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның жеке заттары көрмеге қойылды Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Семей – жарқын таланттар отаны» атты көрме ашылды. Көрмеде Семей өңірінен шыққан, білім алып қанат қаққан дарынды, асыл талант иелерінің жеке мұрағаттары бойынша жинақталып түскен жәдігерлерден 73 тұлғаның фото-суреттері мен жеке заттары экспозицияға қойылды. Мұнда тек ақын-жазушылар ғана емес, есімдері көпке дейін аталмай жүрген суретші, мүсіншілер, тарихшы, ғалымдар және әншілер туралы жәдігерлер қамтылған. Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, суретші Нұрбұлан Өтепбаев өз қолтаңбаларын табыс етті. Сазгер, жазушы Мейрамбек Жанболатовтың еңбектерін інісі, шежіреші-этнограф, қаламгер Молдабек Жанболатов музей қорына тапсырды. Шараға қала әкім­дігінен өкілдер, Семей өңі­рінің ақын-жазушылары, музей әріп­­тестері, зиялы қауым өкілдері, бүгін­гі ортамызда жүрген талант ие­лері мен олардың жақындары қатысты. – Біз әлі де болса халықтың көмегімен дарынды есімдерді толықтыра бермекпіз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары міндетін атқарушы Ләззат Әлжан. – Себебі, ашылмай жатқан есімдер көп. Бұл жолы біздің қорда көптеген жылдар бойы сақталған жеке заттары бар, құжаттары бар есімдерді шығарып отырмыз. Осыған қарап мұның қатары әлі де болса толығады деген сенімдеміз. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жерлесіміздің 1977 жылы Болгарияда Гран-приді жеңіп алғанда киген көйлегі біздің музейдің экспозициясында тұр. Бұл – біз үшін өте қымбат жәдігер. Оның тек киімдері ғана емес, жеке заттары сақталған. Бибігүл Төлегенованың киімдері, аяқ киімі, жеке заттары көрушілерді қызықтырады. Композитор Бекен Жамақаевтың пианиносы, баяны, Болат Сыбановтың музыкалық аспаптары мен жеке заттарын да осы көрмеден көруге болады. Шара барысында музей қорына жаңа жәдігерлер тапсырылды. «Семей таңы»газеті мен «Абай» журналының бас редакторы қыз­меттерін атқарған, «Құрмет» ор­денінің иегері, Қазақстанның ең­бек сіңірген мәдениет қайраткері Ырысхан Мұсаұлының зайыбы Күлғайша Дікенқызы жазушының кітаптарын тапсырып, өзінің игі тілегін жеткізді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ Суретті түсірген автор
Бөлісу:
Ахау, Семей... · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар