Жаңалықтар
2 мин оқу 280

Берешек үшін... көлік тәркіленді

«СевКаз Энерго» АҚ-ы тұтынушылардың электр қуаты берешегіне қатысты мониторинг жүргізіп, оның мөлшері ширек миллиард теңгені құрайтынын есептеп шығарды. Кәсіпорын басшылығы қор­даланып қалған қарызды өтеудің жолдарын қарастыра келіп, жеке сот орындаушыларының қыз­метіне жүгінуге мәжбүр болды. Өйткені, бұған дейін қаншама жаз­баша ескертулер жасалғанына қарамастан берешектің азаятын түрі бай­қал­майды. Өз міндеттеріне білек сыбана кіріскен жеке сот орын­даушы­лары электр қуатымен қамта­масыз ететін компа­нияның қызмет­кер­лерімен бірлескен рейдтер ұй­ым­дас­тырып, сот органдарына 2860 талап-арыз жолдады. Екі жыл бойы төлемнен жалтаруды әбден әдетке ай­налдырған бір тұрғынның «Фольксваген» маркалы қымбат көлігі тәркі­ленді. 97 мың теңге қарызды бір айдың ішінде өтемесе, «темір тұлпар» аукцион арқы­лы басқа иесін табатын болады. Берешегі бастан асқан борышкерлердің үй-жайларына дейін сатылымға шығарылуы ықтимал. Мұндай қатаң шара­лардың қолданылатынын серік­­тестіктің бөлім жетекшісі Рүс­тем Рамазанов растады. Мәсе­лен,бүгінге дейін түр­лі сылтау­лар айтып, ұзын ар­қан, кең тұсау салып келген М. есімді азамат­тың баспанасына бағалау жұмыс­тары жүр­гізіліп, сатылымға шы­ғару құжаттары әзірленген. Сол-ақ екен, жаны мұрнының ұшы­на келген ол зыр жүгіріп қа­рызын заматта өтеген. Сал­ғырттық, немқұрайдылық секіл­ді масылдық көзқарасты жеңіп, жеке жауапкершілік сезімін арттыруда сот орындау­шылары психологияға тезірек әсер ететін басқа мүмкін­дік­терді де қолдануды құп көріп отыр. Біздің мақсат жазалау емес. Ең бастысы, электр қуатын уақтылы төлемеудің ақыры қандай салдарға апарып соқты­ратынын тұтынушыларға ұқ­тыру. Қарыз көлемі ұлғай­ғандармен әңгімелесулер өткі­земіз. Тез арада өтеуге кеңес бе­реміз. Өйткені, электр қуатын қайта жалғау үшін қосымша шы­ғын жұмсалатынын екінің бірі біле бермейді. Бәрінен бұрын кәсіпорын көп зардап шегетінін естен шығармаған ләзім, – дейді жеке сот орындаушылары. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы
Бөлісу:
Берешек үшін... көлік тәркіленді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар