Жаңалықтар
3 мин оқу 136
Мемлекет үшін маңызды қадам
Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық реформаны қолдауға арналған жұмыс отырысы өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Питоленко, ҚХА Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен зиялы қауым өкілдері, ҚХА-ның өзге де құрылымдарының басшылары қатысты.
Елбасы бастап, ел қостап, бір айдан аса уақыт көлемінде кеңінен талқыланған жаңа реформа ел дамуына бастайтын тарихи маңызды қуатты құжат екенін көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызу талқыланған жаңа өзгерістер бүтін бір мемлекеттің тамырына қан жүгіртіп, болашағын айқындайтын тың серпін деп бағаланды. Басқосуды ашып берген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жаңа реформаға байланысты түскен 6 мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарастыра келіп, оның ішінде 19 бапқа 26 түзету енгізілгенін айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастамасымен жүргізілген конституциялық реформа өз мәресіне келіп жетті. Конституциялық реформаларды талқылауға Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары, этномәдени бірлестіктер белсенді түрде қатысты. Президенттік реформаны талқылауға ел азаматтарының белсенді қатысуы азаматтық қоғамның дамуын, мемлекет өмірінің маңызды мәселелері бойынша қоғамдағы келісім мен ауызбіршілікті көрсетті. Біз Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасының қызу талқыланғанына куә болдық. Бүгінгі күн еліміздің тарихындағы маңызды сәт болып қалатыны сөзсіз. Елбасымыз Конституциялық Кеңестің оң қорытындысынан кейін Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заңға қол қойды. Конституциялық реформалар, біріншіден, Тәуелсіздіктің негіздерін нығайтуға; екіншіден, демократияны әрі қарай ілгерілетуге; үшіншіден, қуатты құқықтық мемлекет құруды жалғастыруға бағытталған. Осы мақсатта мемлекеттік билік органдарының арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдері, сот жүйесі мен прокуратура органдары жетілдірілді, – деді Е.Тоғжанов өзінің сөзінде.
– Ел өмірі үшін өте маңызды реформаларды талқылау мақсатында талай мәрте жиындар өткіздік. Реформаға келтірілген өзгерістердің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталдық. Азаматтардың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын жан-жақты зерделеп, ортаға салдық. Осы орайда, мемлекеттік маңызы бар ұсынылған жаңа реформаны талқылауға қатысып, ойларын ашық білдіруіне қарап, зиялы қауым өкілдері ғана емес, еліміздің әрбір азаматының ел болашағына бей-жай қарай алмайтынын аңғардық. Елбасы ұсынған жаңа бастама алдағы уақытта жемісін беріп, заң шығарушы билік – Парламенттің, Үкіметтің рөлі мен жауапкершілігін арттыру арқылы халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жалғастыруға тың серпін беретініне сеніміміз мол, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Питоленко.
Бізге берілген ақпарат бойынша, Елбасы ұсынған жаңа реформаларды талқылау барысында Ассамблеяның 400-ден аса іс-шарасы өткізілген көрінеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Ассамблея мүшелерінің, сарапшылары мен блогерлерінің, этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің 200-ден аса пікірі жарық көрді. Жиынға қатысқан сарапшылар мен этномәдени бірлестіктердің белсенділері де өз ойларын ортаға салып, елдігімізді қуаттайтын жаңа бастама мемлекет игілігіне қызмет жасайтын маңызды қадам екенін айтты.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ
Бөлісу: