Қазақстан-БҰҰ: Қарым-қатынас дами береді
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Өкілдігінде (Нью-Йорк) еліміздің аталған Ұйымға мүшелікке қабылдануының 25 жылдығына арналған іс-шара өткізілді. Кездесуге АҚШ-тың жетекші талдау орталықтарының, халықаралық БАҚ өкілдері – БҰҰ-ның журналистер қауымдастығының мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысушыларды елдің БҰҰ-мен қарым-қатынасындағы негізгі бағыттары: қауіпсіздік, ядролық таратпау, терроризм мен трансұлттық қылмыс, тұрақты даму, климаттың өзгеруі бойынша Қазақстанның өткен жылдардағы жетістіктері, маңызды кезеңдері туралы ақпаратпен таныстырып өтті.
Бұдан бөлек, жиын қонақтары өкілдік әзірлеген бейнефильм арқылы Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамалары – Семей полигонын жабу, тоқсаныншы жылдардағы ядролық әлеуеттен бас тарту, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау, дінаралық үнқатысу – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің отырысын шақыру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізу туралы мәліметтермен танысты.
Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі аясындағы Қазақстанның басым бағыттары, Кеңестің негізгі комитеттерінің төрағасы ретіндегі міндеттері бөлек талқыланды. Бұған қоса, жиында Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі қызметі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ ҚК мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуі және «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі қағидаттарына сүйеніп жүргізілетіні атап көрсетілді.
Сонымен қатар, басқосуда энергетикалық қауіпсіздік және алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен басқа да тақырыптар қозғалды.
Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары кеңсесінің басшысы, БҰҰ-ның Нашар дамыған елдер және теңізге шығар жолы жоқ елдер бойынша өкілі Сандагдородж Ерденбилег, Global Security Institute халықаралық ҮЕҰ президенті Джонатан Гранофф Қазақстанның БҰҰ-ның бағдарламалары мен жобаларын іске асырудағы және әлемдік шиеленістердің алдын алудағы, даму бағдарламасының аясындағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды үлесін атап өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.