Жаңалықтар
2 мин оқу 167
Қазақстан табыстарына шынайы қуанамыз
Қазақстанның 25 жыл ішінде жеткен жетістігі өзбек халқына жақсы таныс. Кезінде Кеңес Одағының құрамында болған бұл ел өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі аз уақыттың бедерінде тұралап қалған экономикасын қалпына келтірді, дамуда оң секіріс жасап, осы өңірдегі басқа мемлекеттермен салыстырғанда көш ілгері кетті.
Бұл, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Ол парасатты көшбасшы, тәжірибелі саясаткер ретінде Қазақстан дамуының әртүрлі кезеңінде мемлекеттік жүйені құру мен оны қалыптастыруда дұрыс қадам жасауға тырысты, бұл қадамдар елде бар маңызды ресурстарды тиімді пайдалана отырып, алда тұрған міндеттерді шешуге айтарлықтай дәрежеде ықпал етті.
Сол кезде, әрине, өз аяғынан нық тұра қоймаған жас мемлекеттің дамуы үшін биліктің Президенттің маңайына шоғырланғаны маңызды еді. Себебі, Н.Назарбаев жүргізген саясаттың нәтижесінде елді жаңғыртудың бірінші және екінші кезеңінен сәтті өтуге, сол арқылы әлемнің 50 дамыған елінің құрамына кіруге жол ашылды.
Алайда, өмірдің бір орында тұрмайтыны белгілі. Ал жаһандану заманы алға тартқан өзгерістер мүлдем жаңа қадамдарға баруды талап етуде. Осы орайда, Қазақстан да өз алдына ауқымды мақсат-міндеттер қойып, 2050 жылға қарай, «2050» Стратегиясы арқылы 30 дамыған, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуді көздеп отыр.
Қазіргі таңда біртіндеп іске асырылып келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Дегенмен, бұған қол жеткізу қазіргі басқару тетігін жетілдірусіз және бизнес-ортаның көкжиегін кеңейтусіз әсте, мүмкін емес.
Елді жаһандық тұрғыда бәсекеге қабілетті етуге, сондай-ақ, Төртінші өндірістік революция деңгейіне көтеруге бастайтын Қазақстанның Үшінші жаңғыруы экономикалық өсудің жаңа моделін әзірлеуді талап етуде. Сол себепті, қазіргі таңда мемлекет өзін жақсы менеджер ретінде көрсете алуы керек. Ал бұл ретте Қазақстан көшбасшысының алысты болжай білетін көрегендігі кезекті мәрте таңданыс туғызуда.
Жолдау – бұл тек алдағы уақытта мемлекет ұмтылатын «басымдықтар шоғыры» ғана емес, онда терең талдау-сараптау негізінде қазіргі жағдай мен елдің экономикалық әл-ауқатын айқындап, барлық бағыттар бойынша мемлекетті дамуға алып келетін кешенді әдіс-тәсілдер көрсетілген.
Осы орайда, мен Жолдауда айтылған институттық қайта жаңарулар мәселесіне айрықша тоқталар едім. Себебі, Президенттің өз өкілеттіктерінің біраз бөлігін Парламент пен Үкіметке беруі, сол арқылы билік тармақтары арасындағы теңгерімділік жүйесін құруы олардың жауапкершілігін, сәйкесінше, жұмыс тиімділігін арттыратын болады. 25 жылдың ішінде Қазақстан қоғамының өзіне тән жүйесі қалыптасты, ал ол дәл осындай реформаларды жүзеге асыруға оң әсер ететіні сөзсіз.
Біз Қазақстан жеткен табыстарға шынайы қуанамыз. Қазақстанда институттық реформалардың сәтті жүзеге асырылуы көршілес елдерге тек оң ықпал етіп қана қоймай, жалпы алғанда, Орталық Азия аймағының дамуына да өзгеше серпін береді деп ойлаймын.
Алишер АЛИМОВ,
сарапшы
Бөлісу: