Жаңалықтар
2 мин оқу 120
Комиссияның кезекті отырысы өтті
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыста Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жетілдірудің тәсілдері талқыланды. Мемлекеттік хатшы қойылған мақсаттарға қол жеткізу көбінесе білімнің сапалы болуына байланысты екенін атап өтті. Сондықтан бағдарламаны жетілдіру елдің адами капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізетін болады.
Г.Әбдіқалықова осы мақсатпен құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қазіргі заманғы халықаралық білім беру саласының сарапшылары мен «Болашақ» бағдарламасының түлектері енген Жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған басымдықтарды ескере отырып, ұсыныстар әзірледі.
Отырыс барысында Жұмыс тобының ұсыныстары талқыланды. «Болашақ» стипендиясын үш бағытта: 1) стратегиялық міндеттерге сәйкес адами капиталдың жаһандық бәсекеге қабілеттілік жолында стипендияның рөлін айқындау және күшейту; 2) стипендиаттарды іріктеудің жаңа қадамдарын қалыптастыру; 3) түлектердің әлеуетін жүзеге асыруды күшейтуді одан әрі жетілдіру көзделуде.
Елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету және оның ұзақ мерзімді перспективада жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жастардың жоғары деңгейлі білім алуына инвестициялар салуды талап етеді. Бағдарламаны іске асыру тәсілдерін оңтайландыру үміткерлерді іріктеу жүйесі мен оларға қойылатын талаптарды жетілдіруге, үміткерлердің ағымдағы және келешектегі әлеуетін анықтауға, білім берудің басым бағыттарын анықтауға және шетелдік жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды қайта қарауға бағытталатын болады.
Жұмыс тобының ұсыныстары одан әрі пысықталуы үшін ел Үкіметіне жолданды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Бөлісу: