Жаңалықтар
2 мин оқу 281
Бұл – экономикалық реформалардың жалғасы
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобы мүшелерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел мәжілісі еліміздегі конституциялық реформа қорытындыларын әңгіме арқауы етті.
Мәжіліске қатысушылар бір ай бойы жүрген конституциялық реформаның талқылау қорытындысын қарай келе, еліміздің Ата Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды айтулы оқиға деп бағалады.
– Еліміздегі конституциялық реформа кенеттен болған кездейсоқ оқиға емес. 2005 жылы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында саяси жүйені жаңғырту жайында айтылған болатын. Барлық елдерде саяси реформа экономикалық реформаға, экономикалық өзгерістерге тікелей байланысты жасалады. Экономикалық реформа болмаған елде саяси жүйені де қайта құру, жаңғырту мүмкін емес. Оған халықаралық жарқын мысалдар да бар. Америка Құрама Штаттарындағы Рузвельттің жаңа бағыты, Рейганның экономикалық бағдарламасы, Германиядағы Эрхардтың реформасы», сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азиядағы реформалар саяси жүйенің жаңғыруы экономиканың дамуына, өзгерісіне тікелей байланысты екеніне толық дәлел бола алған еді. Біздің еліміздегі саяси реформа осындай халықаралық тәжірибелерге сүйенген әрі уақтылы жасалып отырған демократиялық үдеріс, – деді Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тарихи сипат берген заң ғылымдарының кандидаты Әлібек Табылдинов.
Заң ғылымдарының кандидаты Сымбат Укин еліміз Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Конституцияға да, өзге заңдарға да толық сәйкес келетінін және қайшылығы жоқ екенін айтты. Нығайып келе жатқан Парламенттің енді заң шығарушы орган емес, заң шығарушы билік болатындығы шынайы өмірге жақын екенін тілге тиек етті.
– Парламент беделінің артуы – халықтың билікке араласуы, демократия қадамының алға басқандығы деп білеміз, – деді Сымбат Кенжебекұлы. Сонымен қатар, дөңгелек үстел отырысында бұрынғы Мәжіліс депутаты Валерий Вишниченко да Парламент рөлінің күшейтілетіні уақыт талабы екендігіне тоқталды. Осыған орай арнайы құрылған комиссияға облыстан жіберілген ұсыныстар арасында Валерий Григорьевичтің жергілікті өзін өзі басқару, мәслихат депутаттығы жөніндегі ойлары да болды.
Ғылыми-сараптама тобының мүшелері отырысты президенттік билік, күшейтілген Парламент, оған есепті Үкімет еліміз экономикасының дамуына, демократиялық үдерістердің жаңғыруына, әлеуметтік тұрмыстың өсуіне бастайды деген оймен түйіндеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Бөлісу: