Жаңалықтар
2 мин оқу 204
Жоба қашан жүзеге асады?
Менің айтайын дегенім, мына көрші Қытаймен шекаралас орналасқан Достық бекетіндегі жағдай. Ашығын айтсақ, темір жол үстінен жылма-жыл салынуы шегеріліп келе жатқан жолаушылар өтетін көпір мәселесі болып тұр.
Темір жол үстінен өтетін көпірдің қашан салынатындығы – көпшілік көкейінде жүрген сауал. Көпір жайлы біраз ұсыныстар көтеріліп, қазіргі ауыл әкімі мен бұрынғы бекет басшысы тиісті орындарға, яғни, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының магистралдық желі дирекциясының филиалына өтініш жолдаған еді. Алайда, көпір салуға тікелей қатысы бар аталған мекеме сырғытпа жауаптан өзге сыңай танытпай отыр. Ал жауапта аталған магистралды желі дирекциясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары былай депті:
«Жобалаушы жобалық-іздестіру жұмыстарын жалғастыру үстінде. Жобалық-сметалық құжаттама 2014 жылы дайын болған жағдайда, 2015 жылы Достық стансасында жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланып отырғандығын хабарлаймыз». Сол жауаптан соң да үш жылға таяды. Әлі күнге өлі тыныштық. Бекеттің оң қатарындағы бой көтерген екі, үш қабатты тұрғын үйлер мен онда қоныстанған отбасылар саны да артып келеді. Ересектердің жұмысқа, балалардың мектепке жетуі мұң болып тұр. Олар амалсыз ережелерді бұзып, қатар-қатар тұрған вагондардың астынан өтуге мәжбүр.
Темір жолдың сол жағында мекемелер мен тұрғын үйлер тізіліп тұрса, оң жағы халықаралық автомагистральмен шектеседі. Сол себепті бұл көпірді автокөлік жолынан асыра салса дұрыс болар еді. Халық қамын ойласақ, үзбей жел соғатын Достықтағы жоспарланған көпірдің үстін жазғы ыстық пен қысқы ызғарлы аязға төтеп беретіндей жабық қылып, көз тартар сәулетпен әдіптесе тіптен дұрыс. Жоғарыда айтылған жобаның жолы ашылса деген көп тілеуі – осы.
Мұны мәселе етіп көтеріп отырғанымызбен, бұл істің ілгері басатынына күдіктене де қараймыз. Өйткені, аудан орталығынан шығатын 170 шақырым жолдың Достыққа дейінгі 80 шақырымнан астамына ширек ғасыр бойы бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген. Тіпті, алдында осы бас басылымға Мәдениет сарайы мен спорт кешені туралы жазылғанымен, ол ғимараттардың әлі күнге қазығы қағылмауы да осыны меңзейді.
Бұқаралық спорт пен мәдениетке жете мән беру керектігін Елбасымыз жеріне жеткізе айтқан болатын. Келешек ұрпақ өсіп келе жатқан шекаралық аймақта бұл шаруа да кенжелеп отыр. Қордаланған мәселелер қомақты. Соның түйінін шешіп, түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу әкімдер алдындағы абыройлы міндет болса игі.
Сейіт ОМАРОВ,
ауыл тұрғыны
Алматы облысы
Бөлісу: