Жаңалықтар
2 мин оқу 205
Сыбайластықпен қоғам болып күрескен ұтымды
Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес қызу қарқын алып, қоғамды қолы таза емес жандардан арылту жұмыстары жолға қойылып келеді. Соның бір дәлелі Көкшетауда
«Жемқорлыққа қарсы тұңғыш медиа-орталық республикалық қоғамдық бірлестігі өткізген «Жемқорлыққа қарсы қоғамдық пікір мен халықтың ойын қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың рөлі» атты форум болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші форум Астана қаласында өткені белгілі. Бұл – екінші шара. Енді ұйымдастырушылар мұндай игі шараларды еліміздің әр өңірінде өткізіп тұруды көздеп отыр. Аталған шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлықпен күрес үдерісіндегі қоғамның және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту. Ең бастысы, ел тұрғындарының санасына жемқорлықтың қоғам мен мемлекет үшін қауіптілігін жеткізу.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің директоры Салауат Мұқсимов жиында жемқорлық тәуекелдері мен себептерін жоюға толық мүмкіндік бар екендігін алға тартты. Өткен жылы қолданыстағы заңнама ауқымды инвентаризацияға ұшырап, соның нәтижесінде екі мыңнан астам жемқорлық тәуекелдері анықталып, соның мың жарымы жойылғаны ерекше аталды. Ендігі мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қоғам болып жұмылу. Сыбайлас жемқорлық – тек құқықтық көрініс қана емес, терең жағымсыз іс-әрекет екенін қоғамға жеткізу және әрбір мемлекеттік қызметкерге көрсетілген сенімге селкеу түсірудің алдын алу.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп келе жатқандығына назар аудартты. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес нақты тапсырмалар жүктесе, биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін мәлімдеді. Дей тұрғанмен, негізгі басымдық әлі сыбайластық салдарымен күреске бағытталып келеді. Сондықтан да бұл іске қоғамның барлық өкілдері қатысқаны маңызды. Бұл ретте барлық азаматтық институттардың және азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресінсіз еш нәтиже болмайтыны түсінікті. Басқосуда мәселенің осы жағына баса назар аударылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Бөлісу: