Қазақстан
2 мин оқу 391

Австрия-Қазақстан қатынастарына – 25 жыл

Қазақстан мен Австрия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай, таяуда Вена дипломатиялық академиясында алқалы жиын өтті. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Австрия-Қазақстан қатынастарына – 25 жыл

Конференцияны ұйымдас­тыру­ға Қазақстанның Австрия­дағы елшілігі, Австрияның Еуропа істері, ықпалдастық және халықаралық қатынастар жөніндегі федералдық ми­нистр­лігі, сонымен қатар, Авс­трия-Қазақстан қоғам­дас­­т­ығы мұрындық болды. Жиын­ға қоғамдық-саяси са­ланың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Австрия Сыртқы істер ми­нистрлігінің қызметкерлері, дип­­­ломатиялық корпус өкіл­дері, «Австрия-Орталық Азия» пар­ламенттік тобының мү­ше­­лері, халықаралық ұйым­дардағы Қазақстан өкілдері, Қазақстанның құрметті консулдары қатысты. Сонымен қатар, сол елдегі қазақ диаспо­расының өкілдері, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студент жерлестеріміз де шарадан сырт қалған жоқ.

Конференция екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындаудан басталды. Жи­нал­ған қауым алдында бірін­ші болып сөз алған Дипло­ма­тиялық академия директоры Ханс Винклер Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады. Ол екі ел арасында дипломатиялық қарым-қаты­нас орнағаннан бергі ара­лықтағы Қазақстан мен Авс­трия байланыстарының даму барысын баяндады.

Алқалы жиында Австрия Парламенті Ұлттық кеңесінің екінші президенті Карл­хайнц Копф, Қазақстанның Австрия­дағы елшісі Қайрат Сары­бай, Австрия-Қазақстан қоға­мы­ның президенті, Австрия Эко­но­микалық палатасының вице-президенті Рихард Щенц, Австрияның Қазақстанда алғашқы елшісі болған Урсула Фарингер баян­дама жасады. Олар тәуел­­сіздік жылдарында эко­но­мика, саясат, білім беру және мәдениет салаларында Қа­зақ­станның биік белес­терді бағындырғанын, Қазақ­стан-Австрия екіжақты қаты­нас­тарының өзара тиімді арнада қанат жайып келе жат­қанын тілге тиек етті.

Австрия Парламенті Ұлт­тық кеңесінің екінші пре­зи­денті Карлхайнц Копф Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық бастамалары тура­лы айта келіп: «Демо­кра­тия­лық даму – біртіндеп жүруге тиіс құ­былыс. Австрия мен Қазақ­стан өзі орналасқан аймақтар­да тұрақтылықтың факторы болып табылады. Сонымен қатар, бұл екі мем­лекет бүкіл ғаламшарда бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті ны­ғай­туға сүбелі үлес қосып келе жатыр», – деді Карлхайнц Копф.

Спикерлердің пайым­дауын­ша, алдыңғы қатарлы технологияларға ие авс­трия­лық фирмалардың Бес институттық реформаны жү­зеге асыру жөніндегі «100 нақ­ты қадам» Ұлт жос­парын іс жүзіне асыруға, сон­дай-ақ Н.Назарбаевтың «Қазақ­станның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­летті­лік» Жолдауында көрсе­тілген міндеттерді орындауға ықпал етуге толық мүмкіндігі бар.

Жаңғырмалы энергия саласындағы компания­лар үшін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­­­месіне қатысу қосымша мүм­­­кін­дік туғызып отыр. Осы­ған байланысты Экономи­калық палата вице-президенті әрі Австрияның ЭКСПО-2017 бойынша ұлттық комиссары Р.Шенц өз елінің саяси және іскерлік ортасының белді өкіл­дері елордада Австрия­ның Ұлт­тық күні, Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесінің отырысы, Технология күні және басқа да шараларды өткізу арқылы халықара­лық көрмеге белсене атсалысуға дайын екенін айтты.

Бөлісу:
Австрия-Қазақстан қатынастарына – 25 жыл · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар