Қар тазалауға атсалысты
Жыл сайын көктемнің алғашқы айымен Еуразиялық Топтың құрамына кіретін кәсіпорындар арасында дәстүрге айналған «Наурыз – игі істер айы» акциясы бастау алады. Акцияның аты айтып тұрғандай, еліміздің ірі өнеркәсіп кешендері, зауыт- тар мен кәсіпорындар тұрғындарға әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетеді.

Қысы қытымыр, аязды, ақтүтек бораны жиі соғатын солтүстік өңірде биыл қар қалың түсті. Көктем мезгілінде еріген қалың қар суы халық тұрмысы мен шаруасына қауіп төндіреді. Сол себепті биылғы «Наурыз – игі істер айы» акциясын жүзеге асыруға қатысқан Павлодар алюминий зауытының еңбеккерлері кәсіпорынның еңбек ардагерлері, жалғыз басты зейнеткерлері мен көмекке мұқтаж жандардың үй-жайлары мен аулаларын қалың қардан тазалауға көмектесті.
Игілікті акция шеңберінде зауыттың жастар кеңесінің мүшелері мен еңбеккерлері зейнеткерлер үйінде отын жарып, су тасып, үй шаруасына қолғабыс жасады.
Наурыз айы бойы жалғасатын игі істер акциясы адамдарға қайырымдылық жасауда тамаша жобаға айналды деп айта аламыз.
Ақылбек САТЫБАЛДИН
ПАВЛОДАР