Шыұ өкілдері көрме қалашығын тамашалады
Кеше Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында өткен жиынға келген делегация ЭКСПО-2017 қалашығын аралады. Қонақтар көрмедегі ШЫҰ павильонымен танысып, Бірыңғай қызмет көрсету орталығының базасында болды.

«ШЫҰ өкілдерінен құралған делегация көрмедегі өздеріне тиесілі орындарды тамашалап, ондағы жұмыстарға оң бағасын бергенін айтуымыз керек. Олар Бірыңғай қызмет көрсету орталығына да ат басын бұрып, көрсетілетін сервистердің бағыт-бағдарын да көздерімен көрді. Мұнда көші-қонды тіркеу, салықтарды қадағалау сияқты бірнеше мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Жұмыс барысы заман талабына сай – «бір терезе» қағидатымен жүзеге асырылады», деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры Диас Әзбергенов.
Компания өкілінің айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық шарасына қатысуға келісімдерін растаған 115 мемлекет павильондарын керек-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Бүгінге дейін қалашыққа 650 тоннадан астам жүк түсірілген. Ал қатысушы мемлекеттер еншісіне тиген орындарға және Қазақстан тарапынан жасалған қызметтік жағдайларға ризашылықтарын білдіруде.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»