Қазақстан
2 мин оқу 272

Алматы мен Токио ұқсас қалалар

Жақында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Жапонияға сапармен барып, Токио басшысы Юрико Коикэмен кездесу өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізгені белгілі.

Алматы мен Токио ұқсас қалалар

Бауыржан Байбектің бұл сапары тек Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, Күншығыс елінің басылымдарында кеңінен жарияланып, әлеуметтік желілерде талқылануда.

Токио метрополитені ресми сайтында «Губернатор Юрихо Коикэ Қазақстандағы Алматы шаһарының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесті. Губернатор қаңтар айында Алматы қаласында өткен қысқы Универсиада ойындарында Токиодан да көптеген спортшылардың қатысқанын, өзі де Қазақстанда, оның ішінде Алматы қаласында бірнеше рет болғанын тілге тиек етіп, ынтымақтастықтың берік екенін айтты.

Токио губернаторы «Қазақстан – энергия ресурстары, табиғи байлығы мол, үлкен мемлекет. Орталық Азиядағы жетекші ел ретінде орталық, маңызды рөлге ие. Республиканың ірі қаласы Алматы мен Токио басшылығы бұдан әрі де ынтымақтастық танытса игі», деді. Байбек мырза тұрғындар саны, экономикалық инфрақұрылым және қала халқының қауіпсіздігі мен экологиялық ахуал тұрғысынан Алматы мен Токио қалаларының ұқсас тұстары бар екенін жеткізді» деп жарияланды.

Сондай-ақ, Алматы әкімінің Токиоға сапары туралы Жапония астанасының губернаторы Юрико Коикэнің әлеуметтік желілердегі парақшаларында толық мәлімет жарияланып, оқырмандар қос шаһар басшыларының кездесуіне қызығушылық білдіріп, ізгі ниеттерін жеткізіп жатты.

Бұл кездесуді оқырмандарға жеткізген «Санкэй» басылымы да жүздесу барысында Бауыржан Байбектің Токио губернаторы Юрико Коикэге 2020 жылғы То­кио­дағы Олимпия ойындарының сәтті өтуіне тілектестік білдіргенін атап көрсетті. Бұдан бөлек «Sekiun», «47news.jp», т.б бұқаралық ақпа­рат құралдары да Алматы әкімінің Токио губернаторымен жылы жүздесуі хақында мақалалар жариялады.

Жапон тілінен аударған

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

Бөлісу:
Алматы мен Токио ұқсас қалалар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар