Бірегей бренд
Қызылордадан ерлердің көйлегі шығып жатыр. Иә, қағыс оқыған жоқсыз. Ақмешітте көйлек тігіледі. «Dalatex» деген маркамен нарыққа енген жейделер бүгінде берісі Қазақстанның, әрісі Ресейдің сауда орындарында сатылуда.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «қазақ сауда жасай алмайды» деген пікір болған. Сөйтсек, біздің жұрт сауданың алдына шығып кетті. Енді ес жиып, етек жапқанымызда «біз тек алып-сатарлыққа ғана малданып алдық» дедік. Мұндай қасаң пікірді біздің кәсіпкерлер быт-шытын шығарып бұзуды бастағанын осы мысалдан білуге болатындай. Алдағы уақытта өндіріс пен өнеркәсіптің көрігі қызатын күнге де жетеміз. Сондай жұмыстың басы-қасында жүрген Ділмұхамед Абызовпен біз аз-кем әңгімелескен едік.
– Біз сізді шағын және орта бизнестің өкілі деп білеміз. Жол салып, құрылыспен айналысып, мұнай өндірмейсіз. Дей тұрғанмен, отандық өнім шығарып, оны нарыққа ұсынып отырсыз. Бұл істің мехнатты жұмыс екенін сеземіз. Мұндай қадамға баруға не итермеледі?
– Менің негізгі жұмысым шет елдермен тікелей байланысты. Өзге мемлекеттерде көп жүреміз. Еуропа елдерімен қарым-қатынас жасаймыз. Оның ішінде Түркияда жиі боламыз. Осындай сәттерде өзге елдердің артықшылығын байқайсың. Олардағы патриотизмді көзбен көріп, куә боласың. Мысалы, бауырлас түрік халқы өздерінен шығатын өнімді әлемнің барлық тауарынан артық санайды. Нарықта Италияның өндірген өнімі ешкімге дес бермей тұрса да, олар өздерінің тауарын жоғары бағалайды. Мұның сыртында тағы бір фактор маған қатты әсер етті. Соңғы жылдары көрші Өзбекстан мен Қырғызстан жеңіл өнеркәсіп саласында едәуір дамыды. Мысалы, бүгінде базарға барсаңыз, ондағы киім-кешектің басым бөлігі Өзбекстаннан келіп жатқанын байқауға болады. Осындай жағдайлармен бетпе-бет келгенде «осыны неге өзіміз шығармаймыз?» деген ой келеді екен. Содан көйлек шығаруды қолға алдық. Біздің де қолымыздан іс келетінін, өзге жұртпен иық тіресіп бәсекелесе алатынымызды көрсетейік деген ниетпен осы іске кірістік. Қазір жұмысымыз қарқынды дамып кетпесе де, толықтай жүйеге түсті. Өз арнасын тапты.
Осы арада мына нәрсені де айта кету керек шығар. «Шикізаттың бәрі сырттан келіп жатқаннан кейін оның несі отандық өнім?» дейтіндер де табылады. Десек те, мұндағы ең басты мәселе – біз осы арқылы өз ақшамызды өзімізде алып қалып отырмыз. Одан кейін қазіргі қоғамда үйінде отырып алып билікті, не болмаса басқаны сынау белең алды. Адамдар өздері ештеңе істемесе де, әйтеуір сөзбен су сапыруды дағдыға айналдырып алып жатыр. Меніңше, біз құр сөзбен емес, нақты іспен айналысатын кезеңде тұрмыз. Сынау оңай. Мықты болсаңыз, сынамаңыз. Қайта өзіміздің өнімді шығарып, бәсекеге қабілетті екеніңізді дәлелдеңіз. Өзгелермен тең дәрежеде, иық тіресіп жұмыс істей алатыныңызды көрсетіңіз. Қазақтың қабілет-қарымын танытыңыз. Өйткені, бізге мұны ешкім істеп бермейді. Барлық жұмысты өзіміз істеуге дағдылануымыз керек.
– Ал өнімнің шикізатын қайдан аласыздар?
– Шикізатты негізінен Түркиядан алдыртамыз. Түймесі мен жібін де сол жақтан аламыз. Сонымен қатар, таза 100 пайыздық мақтадан жасалған маталар Қытайдан келеді. Осы мәселеден біршама қиындық көріп отырмыз. Егер шикізат өзімізде өндірілсе, онда жұмыс көп жеңілдер еді. Барлық шикізатты шеттен сатып алып отырғасын, өндірісте де өзіндік қиындықтар туындайды. Ал оны «Dalatex» компаниясының шеңберінде өзіміз қолға алайық десек, оған шамамыз келетіндей емес. Сондықтан бүгінде Өзбекстанның нарығын зерттеп жатырмыз.
– Өнеркәсіптің өнімділігі қандай?
– Біздің цехта қазір 38 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар күніне 350-ге дейін көйлек тігеді. Жаз мезгілінде бұл 450-ге жетеді. Айына 8 мың көйлекке дейін шығарамыз. Барлық мәселе сұранысқа байланысты ғой. Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған тұста біраз мекеме жабылып қалды. Өндіріс орындары тоқтады. Жұрт жаппай алып-сатарлықпен айналысып кетті. Өзіміз өнім өндіруді қолға алғанымыз соңғы жылдарда ғана. Сондықтан бүгінде сатушылардың «Қазақстанда жасалған» деген брендке күмәнмен қарайтынын жасыра алмаймыз. Оларды да түсінуге болады. Өйткені, талай жылдан бері өндіріс дамымады, өнім шықпады. Осы себепті күмәннің болуы заңды. Сондай-ақ, ол өзі сататын тауар сапасының жақсы болғанын қалайды ғой. Дегенмен, уақыт өте келе бұл қасаң қағиданың бұзылатынына сенемін. Егер біз сапалы өнім шығарып, оны нарықтағы бәсекеге қабілетті екенін дәлелдесек, онда оның сұранысы да артады. Осының өзінде де өнімділік ақырын болса да алға жылжып келеді. Мұның өзі жақсылықтың нышаны.
– Сіздер шығарған көйлектер қай жақтарға тарап жатыр?
– Көйлегімізді көтеріп Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық қой. Әркім әрқалай қабылдады. Жаңағы айтқанымда, күмәнмен қарағандар да көп болды. Дегенмен, біз шығарып жатқан өнімнің сапасы нашар емес. Жақсы. Сол арқылы кәсіпкерлердің де қызығушылығын оята алдық. Астана мен Алматыда «Dalatex» ұсынған көйлектер сатылып жатыр. Сонымен қатар, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларының сауда орындарында бар. Бұған қоса Ресейдің Екатеринбург қаласына да жібердік. Жақында Астраханьның нарығына да шығу жоспарда бар.
– Жоба өз-өзін ақтап отыр ма?
– Жоба өзін өзі ақтады деп айта алмаймын. Тіпті, жұмысшылардың айлығын басқа кәсіптен түскен қаражатымыздың есебінен төлеп отырмыз. Біз бұған дайын едік. Өйткені, жеңіл өнеркәсіп саласының бірден қарқын алып кетуі қиын. Кәсіпкерлердің де бұл салаға аяқ салмайтыны сондықтан. Оның үстіне жаһандық экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз. Осы себепті барлық салада да күреп қаржы табу қиындап кетті. Дегенмен, алдағы уақытта жобаның өзін өзі ақтайтынына сенімдімін.
– Тек көйлек шығарумен ғана айналыспай, оған қоса костюм-шалбар немесе басқа да киім түрлерін өндіру ойда жоқ па?
– Еуропада болсын, Азия елдерінде болсын, фабрикалар тек бір ғана кәсіппен айналысады. Көйлек шығаратыны, тек көйлек тігеді. Костюм-шалбар өндіретін фабрикалар, сонымен ғана айналысады. Неге? Өйткені, өнеркәсіпті жан-жақты өнім шығаруға қарай бұрсаңыз, онда сапа нашарлай бастайды. Сапа бұзылғаннан соң нарықтағы сұранысың да азаяды. Сол себепті бір бағытта жұмыс істеп, сапаның артуына басымдық берген дұрыс қой деп есептеймін. Осы мақсатта жақында жаңа құрал-жабдықтар алдыртып жатырмыз.
– Құрал-жабдықтарды қайдан алып жатсыздар?
– Негізінен Жапония мен Германияның машиналары. Бірақ бізге ол Түркия арқылы жетеді.
– Ұстаңыз да Түркиядан келген ғой...
– Оныңыз рас. Бұл мәселеде де қиындық бар. Шет елден жұмысшы шақыруға байланысты белгілі бір квота берілген. Соған сәйкес, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласының мамандары жеткілікті. Қолында дипломы бар, арнайы білім алған адамдар. Бірақ олар бұл салада бір күнде жұмыс істемеген. Тәжірибесі жоқ. Ательеде жұмыс істеу бөлек те, фабрикада өндіріспен тікелей айналысу мүлде басқа. Арнайы кәсіби киім тігуді де мұнымен салыстыруға келмейді. Осындай мәселеден соң, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласының мықты мамандары жоқ деуге де болады. Егер бізде маман болса, онда біз сырттан ұста шақырмас едік.
– Ал тігіншілер ше? Оларды да сырттан алдыртып отырсыздар ма?
– Тігіншілердің барлығын дерлік өзіміз қайта даярлап шықтық. Жоғарыда айтқанымдай, жеңіл өнеркәсіп саласының мамандары бөлек болады. Қанша жыл тігіншілікпен айналысқан адам болса да, таза өндіріске келгенде олардың тәжірибесінде кемшін түсетін тұстар кездесіп қалады. Мұндағы ең бірінші талап – жылдамдық. Сондықтан тігіншілерді қайта оқытып, даярлап шықтық. Бүгінде олардың барлығы өз ісінің шеберіне айналды.
Әңгімелескен
Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы