Қазақстанның Германиядағы елшілігі ашық дәріс ұйымдастырды
Қазақстанның Германиядағы елшілігі қоғамдық-саяси топтар өкілдері, саясаттанушылар, сарапшылар, қазақстандық және неміс студенттер үшін ашық дәріс ұйымдастырды.

Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған конституциялық реформалар мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың негізгі ережелері түсіндірілді. Бұл туралы Қазақстанның Германиядағы елшілігі хабарлады.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіповтің айтуынша, Қазақстанның бүгінге дейін қол жеткізген табыстары еліміздегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, уақыт талабына сай реформалауға мүмкіндік береді. Конституциялық реформалар аясында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу Қазақстанның демократиялық жолмен дамуына жол ашады.
Жиында Берлин-Бранденбург Прусс қоғамының құрметті президенті Ф.Чапке және Қазақстан немістері одағының төрағасы А.Граф сөз сөйлеп, елімізде болып жатқан оң өзгерістер тұрғысында өз ой-пікірлерін жеткізді.
Жалпы, басқосуда қатысушыларға елімізде жүргізіліп жатқан реформалар барысында шетелдік инвесторларға берілетін мүмкіндіктер, Қазақстанда бизнес ашу мәселесі тұрғысында кеңірек түсіндірілді.
Негізінде, шараға қатысушылар елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар Қазақстанда демократиялық үдерістерді нығайта түсетінін атап өтті. Сөз сөйлегендердің айтуынша, елдегі билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу қадамы халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекет экономикасын дамытуға тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар, неміс сарапшылары Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жақсы жағдай жасалып отырғанына назар аудара келіп, мемлекеттің экономикаға араласуының азаюы және мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің дамуы бизнестің тынысын аша түсетінін айтты.
Соңында шараға қатысушы азаматтар Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының өзекті мәселелерін, басым бағыттарын талқылап, өз ойларын ортаға салды.