Жүйе жаңалығы – жайлылықта
Қоғам дамуында әр салада жүргізіліп жатқан жаңғыртулар жұртшылықтың назарын аударуы заңды дегенімізбен, көбі дәл білім беру мен медицина саласындағы өзгерістердей халықтың ойын сан-саққа жүгірткізбейді. Осы орайда, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің енуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВКЕ жолығып, оған бірқатар сұрақ қойған болатынбыз.

– Тимур Санжанұлы, МӘМС жүйесі енгізіледі дегелі ел құлағы елеңдеулі. Отандық медицина саласында бұрын да бір қадам жасалынған еді, соңының немен аяқталғаны баршаға мәлім. Осы жолғы жүйенің ерекшелігі неде? Жарна жинақталатын қордың қорғалу механизмі қандай?
– Әрине, елдің құлағын елеңдеп отырғаны түсінікті. МӘМС жүйесінің ерекшелігі неде деген сауалға жауап берсек, бұл – ол жарнаны әркімнің өз мүмкіндігіне қарай төлеуінде және медициналық көмекті өзінің қажеттілігіне қарай алумен қатар, медициналық ұйымды өзі таңдай алуында. Ал қорға түскен қаржының қорғалуы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес қор активтерінің сақталуына мемлекет кепілдік берумен жүзеге асырылады, яғни қор активтерінің есебін, инвестициялық басқару бойынша барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүргізеді. Оның инвестициялық қызметі, қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебі Ұлттық банктің құзырында және жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес шоттардың және инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті қорға тоқсан сайын ұсынып отырады. Сондықтан, түскен жарналардың қорғалуы сенімді.
– Медициналық көмектің қандай түрлері МӘМС пакетіне енгізіледі? Жалпы, неше пакет қарастырылған? Ол қамтылмайтын жағдайлар бар ма? Сосын, жедел көмек қажет болған жағдайда МӘМС жүйесіне тіркелген адам мен тіркелмеген азаматтың арасында айырма бола ма?
– Елімізде халыққа медициналық қызмет көрсету үшін екі пакет жасалады, олар: ТМККК және МӘМС пакеттері. ТМККК пакетіне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі медициналық қызметтер кіреді және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. ТМККК пакеті еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Оған жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар ауруларға шалдыққанда берілетін және шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек, профилактикалық екпелермен қатар, диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, амбулаторлық-емханалық көмек беру жатады.
МӘМС пакеті – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет, жұмыс берушілер, жұмыскерлер аударған сақтандыру жарналары есебінен қаржыландырылатын медициналық көмек жатады. Бұл пакетті МӘМС жүйесіне қатысатын тұлғалар алады. МӘМС пакеті шеңберінде сақтандырылған азаматтар мынадай көмек түрлерін ала алады. Мұнда да диспансерлік есепте тұрғандар үшін амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, амбулаторлық-емханалық көмек, зертхана қызметі, диагностика және манипуляциялар, стационарлық көмек – жоспарлы тәртіпте ауруханаға емдеуге жатқызу, стационарды алмастыратын көмек – күндізгі стационарларда емделу қызметтері көрсетіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілген жағдайда медбике күтімі мен паллиативтік көмек түрі – жазылмайтын, ауыр науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауырсынуын жеңілдету бағытындағы шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем және медициналық оңалту жұмысын атқару да осы пакеттің аясында жүзеге асады.
Жедел медициналық көмекті алу кезінде азаматтардың МӘМС жүйесіне тіркелуі міндетті емес, өйткені бұл қызметтің түрі ТМККК пакетіне кіреді және елдің барлық азаматтары үшін қолжетімді.
– Тұрақты түрде жарна төлеуші – әрине, жұмыс істейтін адамдар, ал балалар мен зейнеткерлерден қорға түсетін қаражат жоқ. Оларға медициналық көмек қалай көрсетіледі?
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, балалар, зейнеткелер және жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар үшін ӘМС қорына қаражатты мемлекет аударады. Олар – балалар, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін тұлғалар, бала (балалар) туу, жаңа туған нәрестелерді (балаларды) асырап алушылар, үш жасқа дейін бала күтімі бойынша демалыста отырғандар, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтіндер, зейнеткерлер, сот үкімі бойынша қылмыстық-түзеу (пенитенциарлық) жүйесінде (қауіпсіздігі ең төмен мекемелерді қоспағанда) жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыссыз оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім беру мекемелеріндегі білім алушылар, орта, кәсіптік және техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ, ЖОО-дан кейінгі білім беру мекемелерін бітірген азаматтар үшін оқу аяқталғаннан кейінгі үш ай бойына мемлекет қорға қаражат аударатыны заңмен қарастырлып отыр. Ал жұмыссыз ретінде тіркелмеген және өзін өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар ӘМС қорына өз атынан жарна аудара отырып, МӘМС жүйесінің қатысушысы болуға құқықтары бар.
Жұмыссыз ретінде тіркелмеген немесе тұрақты табысы жоқ тұлғалар үшін республикалық бюджеттен қаржыладырылатын ТМККК пакетінің медициналық қызметтері қарастырылған.
– Айталық, азамат МӘМС жүйесінен мүлде тыс қалды делік. Сондай жағдайларда ауырған адамдар қалай қаралады?
– Әрине, мұндай жағдай болуы мүмкін. Егер азамат жүйеден мүлдем тыс қалып жатса, мемлекет жедел жәрдем және санитарлық авиация, вакцинация қызметтерін, кейбір әлеуметтік мәні бар аурулар (туберкулез, АИТВ, наркология және психиатрия) кезінде медициналық көмекті өз есебінен жүргізеді және сонымен қатар шұғыл көрсетілімдер бойынша стационарлық көмекті және 2020 жылға дейін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы жоқ тұлғалар үшін амбулаторлық-емханалық көмекті қамтитын медициналық қызметтердің негізгі пакетін қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне қалдырады.
– Жүйенің енуінен емделушілер ұтты делік, ал медициналық мекемелердің, ондағы қызметкерлердің ұтатын тұстары қандай? Жалақылары өсе ме?
– 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес МӘМС енгізуде бірқатар бағыттар бойынша шығыстарды қаржыландыру көзделген. Соған сәйкес қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары деңгейінде жалпы практика дәрігерлерінің санын ұлғайту және амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кеңейту, медицина қызметкерлерінің жалақысын бағдарламалық ұлғайтумен бірге оңалту, паллиативтік көмек пен мейіргерлік күтім жөніндегі қызметтерді кеңейту, үздіксіз медициналық білім беруге жұмсалатын шығыстарды ұлғайту медициналық көмек көрсетудің сапасын арттырады және заңда қарастырылғанындай науқастың медициналық ұйымды өзі таңдауға мүмкіндік алатынын есепке алсақ, медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестік деңгейі де жоғарылайды.
Осыған байланысты, кез-келген медициналық ұйымның қызмет сапасын және қызметкерлердің науқасқа деген қарым-қатынасын арттыру арқылы МӘМС жүйесінен өз пайдасын алуға мүмкіндігі бар. Өйткені, қор қаражаты «сапалы емге – қомақты қаржы» принципі бойынша жүргізіледі. Медициналық ұйымға емделушілер көп келген сайын кәсіпорынның табысы да көбейеді.
– Осы жүйе енгенде халықтың бір күтетіні өздеріне көрсетілген медициналық қызмет сапасының артуымен бірге дәрігерлерге деген сенімдерінің молаюы. Бұл ретте емделуші-пациенттер денсаулық сақтау мекемесінің жұмысын, ондағы көрсетілген көмекті бағалап, соған қатысты мекеменің рейтингі анықталып, қаражат та соған қатысты бөлініп отырса қайтеді?
– Медициналық ұйымды бағалау халықпен кері байланыс жолы арқылы өтеді. Бұл үшін өтініштерді қарау қызметі, call-орталық және қордың веб-сайты құрылатын болады. Азаматтардың пікірлері мен өтініштерінің қорытындысы бойынша қордың веб-сайтында медициналық ұйымдардың рейтингі қалыптастырылады. Әрбір азамат жеке кабинет арқылы өз атынан МӘМС-ға келіп түскен аударымдар мен жарналар, ӘМС пен ТМККК шеңберіндегі медициналық қызметтердің тізімін, медициналық ұйымдардың рейтингі туралы ақпараттарға қол жеткізе алады.
Әңгімелескен
Анар Төлеуханқызы,
«Егемен Қазақстан»