Білім
3 мин оқу 692

Альцгеймер дертінің емі табыла ма? (ғылым жаңалықтары)

<p>Бүгінгі шолуда: Марафонға жүгіру денсаулыққа зиян болып шықты. Роботтар жұмыссыздықты көбейтеді. Әлемде әр оныншы өлімге темекі себепші. Альцгеймер дертінің емі табыла ма? Жаңа туған сәби күніне үш сағат жылайды.</p>

Альцгеймер дертінің емі табыла ма? (ғылым жаңалықтары)

Марафон бүйрек ауруына шалдықтырады

Жақында Йель университеті профессорлары марафонның денсаулыққа зиян екенін анықтады. Зерттеу қорытындылары бүйрек ауруларына арналған журналда жарияланды.

Зерттеу барысында Чирг Парих бастаған профессорлар желаяқтардың марафонға дейінгі және кейінгі анализ қорытындыларын салыстырды. Белгілі болғандай, қатысушылардың 82%-да марафоннан кейін бүйрек зақымдануының бірінші деңгейі (AKI) анықталды. Бұл жағдайда бүйрек қандағы зиянды қалдықтарды сүзгіден өткізе алмайды.

Мамандардың айтуынша, бүйректің зақымдануына дене температурасының артуы мен ағзадағы су деңгейінің төмендеуі әсер етеді. Профессорлар марафоншылардың жүрегінде де біршама өзгерістер байқалғанын айтады.

Алдағы 15 жылда жұмысшы роботтар көбейеді 

Алдағы 15 жылда әлем бойынша барлық жұмысшылардың басым бөлігін роботтар алмастыруы мүмкін. Әсіресе, америкалықтарда жұмыссыздық өсу қаупі жоғары.

PwC компаниясы жариялаған баяндамада алдағы 15 жылда АҚШ-тағы жұмыс орындарының 38%-ын роботтар алмастыратыны айтылған. Бұл көрсеткіш Германияда 35%, Ұлыбританияда 30%, Жапонияда 21% болмақ.

Қаржы саласындағы жұмыс орындарының 61%-ын роботтар алмастырады. Ал білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету саласында жасанды интеллекттің үлесі аз болады.

PwC компаниясының өкілі Джон Эндрюстің айтуынша, роботтар саны артқанда шығармашылық пен сыни ойлау қабілеті, эмоциялық интеллект жоғары бағаланатын болады.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, еңбек нарығындағы бұл өзгеріс әлеуметтік теңсіздікке де әкелуі мүмкін. Сонымен қатар байлар мен кедейлердің арасы алшақтай түседі. Робот жасаушыладың табысы тез көбеймек.

Былтыр темекіден 6,4 млн адам қаза тапқан 

Жаңа зерттеу нәтижесі анықтағандай, әлемде әрбір оныншы өлім темекінің кесірінен болады. Олардың жартысынан көбі Ресей, АҚШ, Қытай және Үндістанға тиесілі. Бұл туралы The Lancet медицина журналы жазды.

Вашингтон университеті профессоры Эммануэла Гакидудың айтуынша, темекі шегу ерте өлім мен мүгедектікке себепші екінші фактор саналады. Біріншісі – қан қысымының жоғарылығы.

Зерттеуде ғалымдар 195 мемлекеттің соңғы 20 жылдағы темекі шегу көрсеткіштерін сараптаған. Былтыр күніне 1 млрд адам темекі шегіп, ол әдеттің салдарынан 6,4 млн адам қайтыс болған.

Альцгеймер ауруының емі табылуы мүмкін 

Иммунды терапия мен ультрадыбыс Альцгеймер ауруына апаратын мидағы тау-ақуыздың шүймектерін жоя алады. Зерттеу нәтижелері Brain журналында жарияланды.

Австралиялық ғалымдар ультрадыбыс арқылы Альцгеймер ауруының белгілері бар тышқандарға 2015 жылдан зерттеу жүргізе бастаған. Кейін Квинслендтегі Ми институты зерттеушілері ультрадыбысқа иммунды терапияны қосқанда тиімді ем жасауға болатынын анықтады. Ғалымдар енді бұл әдістің адамға қалай әсер ететінін анықтамақ.

Қай елде нәрестелер көп жылайды? 

Ең жылауық сәбилер Ұлыбритания, Италия, Канада, Нидерландыда тұрады. Ал Дания, Германия, Жапонияның сәбилері ең тыныш саналады. Бұл зерттеу қорытындылары The Journal of Pediatrics журналында жарияланды.

Мамандар әлем бойынша жаңа туған сәбилердің іштің бұрап ауруынан алғашқы төрт айда күніне үш сағатқа дейін жылайтынын айтады. Дегенмен, зерттеушілер Германия, Дания, Жапония, Канада, Италия, Нидерланды, Ұлыбританиядан 8700 нәрестеге бақылау жасады.

Сәбилер өмірінің алғашқы аптасында орташа есеппен күніне екі сағат жылаған. Бұл көрсеткіш алты аптаға толғанда 2 сағат 15 минут, 12 аптадан кейін 1 сағат 10 минутқа жеткен. Бір қызығы, бір мемлекетте балалар күніне жарты сағат жыласа, кейбірінде күніне 5 сағат жылайтын болған.

Іштің бұрап ауруынан Ұлыбританияда сәбилердің 28%-ы (1-2 апта), Канадада 34,1%-ы (3-4 апта), Италияда 20,9%-ы (8-9 апта) жылаған. Ең төмен көрсеткіш Дания (5,5%) мен Германияда (6,7%) тіркелді. Зерттеушілердің айтуынша, бұған ата-аналардың күтімі немесе генетикалық фактор да әсер етуі мүмкін.  

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Бөлісу:
Альцгеймер дертінің емі табыла ма? (ғылым жаңалықтары) · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар