Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде
Орталық коммуникациялар қызметінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде қауіпсіздік шаралары мен құқық тәртібін қамтамасыз ету және халықты хабардар етуге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов, министрліктің Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев қатысты.

«Көрме ашылмастан бір ай бұрын кеңсе ғимаратында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы өз жұмысын бастайды, бұл орталықпен ІІМ-де құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы тығыз байланыс жасап, көрме барысында туындаған мәселелерді тікелей шешіп отыратын болады. ЭКСПО аумағында полиция бөлімі, ал көрме ауданында өрт сөндіру депосы құрылды, сондай-ақ Астана әуежайында және жаңа темір жол вокзалында желілік полиция бөлімі жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті күзетуге 5 мыңнан астам қызметкер тартылады. Соның ішінде 3300-і әскери қызметкер, ІІМ оқу орындарының 500 курсанты және офицері, сонымен бірге жеке күзет ұйымдарының 630 қызметкері және еліміздегі ЖОО-ның шет тілін еркін меңгерген 174 студенті бар. Бұл құрылымдардың барлығы қауіпсіздікті сақтау және тексеру жүргізу бойынша, сондай-ақ ағылшын тілінен арнайы оқу курсынан өткен. Бұған қоса Астана қалалық ІІД-нің шет тілін білетін 200 қызметкері іріктеліп, әрбір ЭКСПО нысанына бекітілді. Астана қаласы ТЖД-ның 100 шақты қызметкері, 11 техникалық бірлік және 5 тікұшақ төтенше жағдайларды ескерту және өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша арнайы топтың құрамына енді. Астана қаласындағы әуежайда және бірыңғай қызмет көрсету орталығында көші-қон шараларынан өту үшін көрмеде көші-қон қызметінің бекеттері ұйымдастырылады», деді Талғат Мұсақанов.
Сонымен қатар, спикер қауіпсіздік шараларының жан-жақты пысықталып жатқанын алға тартты. Және 1 маусымнан бастап көрме аяқталғанша ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген қызмет кестесіне көшіріледі.
Рауан Қайдар,
«Егемен Қазақстан»