Аты-жөніміз де ұлттық кодтың бір белгісі
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тақауда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көптің көкейіндегіні қозғаған, көптен бері ел күткен, намысымызды қайрап, жігерлендіріп, рухтандырған, тіпті терең толғандырған елеулі оқиға болды. Соның маңыздыларының бірі – «ұлттық код», «ұлттық кодты сақтау», «ұлттық бірегейлік» туралы мәселелер десек қателеспейміз. Өйткені, сол мемлекеттің мәңгілігінің мәңгілігі сол мемлекетті құрып отырған негізгі ұлт мәселесінің шешілуінде.

«Мың өліп, мың тірілген», талай нәубетті бастан кешіп, бүгінге аман-есен жеткен халықтың жоғалтқандары да көп. Тілімізді ұмытуға шақ қалдық. Қазақ болғанымыз үшін ұялатын халге түстік. Содан болса керек, ширек ғасыр тәуелсіздік жағдайында өмір сүрсек те, өз қаракөздеріміздің өзінің ана тілінде сайрап кете алмай отырғандығы.
Тарихымыз бұрмаланды, тіпті, түптамырымызды білмес үшін бір кездерде әліпбиімізді күштеп өзгертті. Міне, Елбасымыздың айтып отырғаны да осы жоғалтқандарымызды, енді қайтарайық, жағдай түзелді дегенге саяды. Өйткені, ұлттық код дегеніміз, ең алдымен жаһандану заманында қазақтың құлпын ашатын – кілт, оның ерекшеліктері – тілі, ділі, дәстүрі, тарихы, мәдениеті, жазуы. Онсыз мемлекеттің дамуы мүмкін емес, мәңгілік ел болуымыз да екіталай.
Әрине, бұл бағытта қыруар істер де тындырылар-ау, осы орайда көкейде жүрген бір ой келеді. Латын әліпбиіне көшкелі отырған уақытта, ұлттық кодымыздың басты бір белгісі – қазақтың аты-жөнін жазуды созбалақтай бермей біріздендіріп, түзетіп алсақ. Долидзе десе – грузин, Саркисян десе – армян деп білетініміз сияқты. Ұлы, қызы немесе жалғаусыз жазу арқылы тегіміздің өзінен ұлтымыз қазақ екені аңғарылып тұруы керек қой. Әлі күнге дейін көбіміз аты-жөнімізді орысшалап қате жазамыз, ең алдымен, туу туралы куәлікте, төлқұжатта, жеке бас куәлігінде қазақтардың аты-жөні алдымен қазақша дұрыс жазылатын бір тәртіп ауадай қажет.Ұлы істерді жүзеге асыруда ұсақ-түйек мәселе болмайды. Осы бір оңтайлы тұста, ұлт мәселесіне Елбасымыздың өзі айрықша назар аударып, серпіліс беріп отырғанда осы жоғалтқандарымызды да іздеп тауып, түзетіп алып жатсақ несі айып.
Бекәділ СЕМҚҰЛ,
журналист
ҚАРАҒАНДЫ