Жаңалықтар
9 мин оқу 510

Гвардия ефрейторы

...Тастөбе мен Әулиеатаның арасындағы айдау жолмен таңнан салып, тоқтамай жүрген ат арба бұларды күн батпай шаһар шетіне іліктірді. Көлқайнар ауылдық ке­ңесінен шақырту алып, майданға аттанып бара жатқан колхозшы жігіт Алпысбайды арбакеш шал әс­кери комиссариат үйінің ал­дына әкеліп түсірді. – Ал шырағым, ел-жұртыңды қор­ғауға аттанып барасың, жорт­қан­­да жолың болсын, аман-сау қайт. Әлдеқалай көріп жатсаң, Тас­төбеден, осы Аса өңірінен ат­танған өзіміздің ауылдың туыс ер-азамат­тарына дұғай-дұ­ғай сәлем ай­тар­сың!.. Алаң­да­ма, ел­дегі шаруаға ие болар қайраты­мыз әлі қайта қойған жоқ, бірдеме қылып ілдәлалармыз сендер қайтып оралғанша. – Бопты, ата... Сә­лем айтам ғой, Алла жазып кездесіп жатсам?!. Жүрегі аяныш­тан шым еткен ол көзі жасаурап тұр­ған тұмашадай арық қара шалдың жел­тоқ­санның қара суығынан боза­рып өңі қашқан жүдеу жүзіне жабырқай қараған еді. ...Соғыс сұрапылы басталған 1941 жылғы желтоқсанның ба­сын­дағы осы бір көрініс қарт май­дангер Алпысбай Жақсыбаев­тың маған бұдан отыз жылдай бұрын айтқан әңгімесінен ойыма оралып отыр. Кемпірі дүние салғасын Ал­ма­тыдағы қызы Кәмшат пен күйеу баласы – математикаға шексіз берілген, орасан талантты ғалым Өтел­баев Мұқтарбайдың қолына келіп тұрып жатқан ол қала өмі­рін кәдімгідей өгейсіп жүрді. Осы үйге жиі келіп тұратын Мұқаң­ның достарына, шәкірт-аспирант, док­то­рант­тарына ауылын, Тастө­бе­сін есіне түсіріп, сонда колхоз­дың ал­ғашқы ХТЗ тракторын жүр­гізгенін, қой пермесінің біргә­дірі, басқарма болып, еңбекпен тырбанып өткіз­ген өмірін ауық-ауық айта беруден жалықпайтын еді жарықтық. Алпысбай қарт әр жолы келгенімде «соғыстың әңгімесінен» аз-аздап, суыртпақтап айтып жүрді. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бір түкпіріндегі кішкентай ауылдың қарапайым ғана адамының өмір жолындағы алыс-алыс жылдарда қалған, жүрегінің қалтарысында жатқан бұл әңгімелер мені өзінің шыншылдығымен баураған болатын сол кездері... – Майдандағы алғашқы жо­ры­ғым 4-ші гвардиялық Кубань ка­зактары атты әскерінің 105-пол­кінде барлаушылықтан басталды. Бұл 1941 жылдың басы – соғыс өртінің бет қаратпай өршіп, шар­пып тұрған кезі болатын. Румыния, Венгрия, Чехословакия сияқты Шығыс Еуропа елдерін неміс фашистері басқын­шы­ла­рынан азат ету жолындағы ұрыс­тар кім-кімге де оңай болған жоқ еді. 1942-1943 жылдары күйрей же­ңі­ліп, совет елі жерінен шегініп бара жатқан дұшпан майдан шебін батысқа қарай ығыстырып, тықсы­рып келе жатқан Қызыл Армия­ның екпінін басып, қарсы соққы беру мақсатымен қатты қар­сы­лас­ты. Немістер румындар­дан, венгрлерден құралған ди­ви­зияларды алғы шепке шығарып, бізге қарсы қойды да, өздері тыл жағынан негізгі күштерін тартумен болды. ...Содан не керек, майданға кірдік. Көк пен жердің арасы жа­рыл­ған бомба, ауыр зеңбіректер снарядтарының дүмпуінен астан-кестеңі шығып жатқанда ат мініп, қылыш асынып қалай соғысамыз деген күмән да, қорқыныш та бол­ды. Адам баласымыз ғой, со­ғыс­та ешбір қорықпадым деу асы­лық болар, иә, шынымен-ақ қо­рықтық. Ал немістің болат құр­санған техникасы мен әскеріне атпен қарсы тұру мүмкін еместей көрінгені рас. Бақсам, мұным қа­те­лік екен. Қасиетіңнен айнала­йын, жылқы деген жануарды қа­зақ атам бағзы заманнан бері жо­рықтарда өзіне бекер серік етпеген ғой. Кубань казактары да бізге тартқан білем, атпен соғы­су­ды анасының құрсағынан үйреніп ту­ғандай екен сабаздарың. Ерсілі-қарсылы оқ жаудырып, зеңбірек атысып, бірін-бірі ала алмаған екі жақ­тың қарсы шабуылға кө­теріл­ген кезінде жер-дүниені көшірген жүздеген ат тұяғы дүрсілінің өзі-ақ дұшпанның зәресін ұшырады. Әсі­ресе жау шебін тастап қашқан кездегі ат пен қылыштың жойқын құді­ретін көрсең. Бірақ атты әс­кердің күшін орнымен пайдаланбаса, әрине, мұндай соғыста турадан тура салып алға атойлау қатерлі. Міне, сол атты әскер полкінің барлаушылар взводында қатар­да­ғы сарбаз болдым. Біздің міндетіміз – дұшпанның қай жерде қа­лай бекінгені, шабуылға дайын­ды­ғы туралы мәліметті алдын-ала қолға түсіру. Есімде ерекше қал­ғаны – Румыния жеріндегі 1944 жылғы Орадеа-Маре қаласы үшін болған жан алысып, жан беріскен шай­қас. Немістер құрсауланып, қатты бекінген. Олардың страте­гия­лық мақсаты – қалайда бізге осы жерден тойтарыс беріп, ілгері аттатпау. Барлаушыларға берілген тап­сырма – жаудың бекіністерін, он­дағы шоғыр­лан­ған кү­шін нақтылап анық­тау. Он­сыз  шабуылдап қа­ла­ны алу мүм­кін емес. Шегіне-ше­гіне аузы күйген жа­ра­лы дұшпан өте сақ. Әсі­ресе түн бала­сында сыбдыр еткен әр ды­быс­ты қалт жібермейді. Шешуші айқас – 12 қазанда. Сол күні Орадеа-Маре ша­буы­лының тағ­­дыры шешілмек. Осы ұрыс­­тан ұпайы­мыздың түгел бо­л­уы әрбір шептен жіберілетін барлау әрекеттерінің сәт­тілігіне тікелей байла­ныс­ты еді. Басымызды қатерге байлап, жау шебін айналып, бірнеше мәр­те жау тылына өтуге әрекет жаса­дық. Ал­ғы шепте ру­мын­дардан жасақ­тал­ған құрамалар бекінген екен. Олар­дың тыл жағында нешеме түрлі қару­мен құрсанған не­містердің өз­дері. Координат­та­ры, орналасу тәр­ті­бі, қай тұста танкісі, қай жерде қан­дай артилле­рия­сы, жіпке тізгендей анықтап шы­ғу оңай болмады. Ал жау ты­лы­нан тілді қолға түсіріп алу мүм­кін емес, уақыт болса ты­ғыз. Не керек, жау тылына өтке­сін әй­теуір күндіз орман ішін, түнде сай-жы­раны жағалап жүріп, неміс­тер­дің байланысшылар отряды орна­лас­қан бір деревняны ұңғыл-шұң­ғы­лына дейін әбден торуыл­да­дық. Үш бар­лау­шыдан құралған же­дел топ, ішінде Алексей Ващенко деген қарулас досым және мен бар­мын, кәмән­ді­рі­міздің тапсыр­масы­мен неміс байла­ныс­шы­лары­ның паналап жүрген үй­лерінің бірін шамамен жобалап, түн жамы­лып барып сырттағы қа­рауылды тасадан дымын шығармай тұншық­ты­ра салып, ішке кірсек, мұн­да анау-мынау емес, қолында де­регі, әскери-топографиялық кар­та­сы бар орта шенді обер-офицер қа­лың ұйқыда жатыр екен. Ес жи­ғыз­ған жоқпыз. Аузын шүберек­пен тас қып тығындап, қол-аяғын байлап тастадық да, бас жағына жас­танып жатқан планшетінен ке­ре­гі­мізді алып, ылдым-жылдым ж­ө­ней бердік. Тапсырма орын­дал­ды. Қа­тер­ге бас тігілген тәуекеліміз бекерге кетпеді. 1944 жылдың қа­зан айы­ның сол күндері әр-әр шептен шық­қан басқа да барлаушы­лардың да мәлі­меттері сияқты, біз­дің дерегі­міз­дің де осы маңызды бекіністің күл-тал­қанын шығарған 2-Украина майда­ны­ның жаяу әскер, танк әскері құ­ра­маларының, оның ішінде біздің атты әскерлер корпусының шешуші жеңісіне жол ашқаны сөзсіз. Одан соң Венгрия жеріндегі Дебрецен, Ньиредьхаза қалала­рын, Будапешті азат ету шайқас­тары 44-жылдың желтоқсанына дейін жал­ғасты да, 45-жылдың нау­рыз-сәуір айларында Братислава бағы­тын­дағы ірі-ірі ұрыстар­ға ұласты. Гитлер әскері біздің әскерлер­дің Шығыс Еуропадағы бірінен соң бірі толассыз жалғасқан же­ңіс­ті жо­ры­ғының бетін қайт­кен­мен де қай­таруға тырысып бақты. Будапештің жан-жағынан 1-ші венгр және 1-ші неміс танк ди­ви­зиялары, меха­ни­калан­ды­рыл­ған «Фельдхернхале» көксауыт, мұз­дай қаруланған ди­визиясы қоршай бекініп, бет қа­ратпай қойды. Осылайша бұл қа­ла­ның айналасындағы ауқымы жа­ғы­нан шағын қорғаныста неміс әскер­лерінің үлкен тобы, барлау деректеріне қарағанда, үш жүз мыңға жуық солдаттары мен офицерлері шоғыр­ланған болатын. Будапешті қарқын­мен келіп бірден алу мақ­са­ты орын­далмады, оның үстіне ш­а­буылдан-шабуыл, 4-5 айдан бері үздіксіз соғыс жорығы, әбден ти­тық­таған­быз. Барлаушылардың да халі осын­дай, әр сәтіміз қанжардың өткір жүзінде тұрған өмір мен өлім. ...Жау бекінісін жарып өтіп, Будапешт қаласының ішіне кірген біздерге жаралы жау әрбір көше­нің тасасынан пулемет пен зеңбі­рек­тен атқылап қатты қарсылық көрсетті. Әдемі, әр махалласы сәу­­летті ескерткіштей қала екен, немістер зеңбіректен үсті-үстіне атқылап әбден қиратып-бүлдіріп жатты. Біздің ауыр артиллерия мен танктерімізге снарядпен ат­қылауға тыйым са­лын­ған, ал жа­яу әскер, мы­на біз­дердің қо­лымызда винтовка мен автомат бар, гранат лақ­ты­ру­ға да бол­май­ды. Осы­ны сезген гит­лер­шілер қаланың «Қа­һа­р­мандар алаңы» деген үлкен алаңына келіп кірген біздерді дәл­деп төпелеген оқтың астына алды. Алаңда ХVIII ғасыр ескерткіші – көне Вайдхуняд замогы, көркемөнер музейі сияқты сәулет ескерткіштері орна­лас­қан. Ауыр снарядтармен жау бекінген нүкте­лер­ді атқылай ал­май­мыз, амалы­мыз құрып, бір қа­дам ілгері жылжу мүмкін болмай қалды. Ващенко екеумізге взвод кәмән­дірі жаудың алаңның қай тұсынан бақылау-нысана пунктін орнатқа­нын анықтауға шұғыл тапсырма бер­­ді. Соны жоймайынша қыры­лып қалатынымыз анық еді. Дереу айналма көшелердің бұрылыс-қал­та­рыс­тарымен, тасалармен жүгіре ба­сып, жау бекінген алаңның тыл жа­ғы­нан шықтық. Бұл маңдағы үйлер­дің көпшілігінің сыртқы есіктері тарс бекітілген, айнала тым-тырс. Жан-жағымызға абайлай қа­рап, тағы бірер үйді төңіректеп көр­дік. Бір кезде көшенің оң жақ бетіндегі жалғыз оңаша қабатты үйге көзіміз түсті. Есігі жартылай ашық. Аула­ның түкпір жағынан шош­қаның қорс-қорс еткені естіледі. Астауға са­лынған жуынды-қо­йыртпаққа бас қойған екі мегежін­нің бізбен ісі болмады. Алексей маған қарап ым қақты. «Шошқа­ларын жемдеген, яғ­ни бұл үйде адам бар деген сөз», деді ол. Ішке кірсек, жан баласы жоқ. Бөлменің бәрі бос, қаңырап тұр. Кенет бұ­рыш­тағы үлкен әбдіре сандықтың ішінен әлдененің тырс еткеніндей дыбыс естілді. Сандық құлыптаулы екен, әрлі-берлі әуреле­дік те, аша алмағасын қоя салдық. Кенет ауызғы бөлменің еденінде, кереуетке жақын жерде жатқан құс жас­­тыққа көзім түсіп, көтеріп қал­сам, астынан погребке түсетін есік­тің қақпағы көрінді. Екеуміз ішіне түстік. Үйдің асты қуыс-қуыс дәліз, барлаушы болғасын қалтамызда үнемі қол фонарымыз жүреді, тас қараңғы дәліздің түкпіріне таман тағы есік көрінді. Арғы жағынан күбір-күбір сөйлеген дауыс құла­ғы­мыз­ға шалынды. Қаруы­мызды оқ­та­п, есіктің қос қапталына тұра қалып, «ашыңдар» деп дауыста­дық. Қарсыласқан ешкім болма­ды, қаба сақал шал екі қолын жо­ғары көтеріп шыға келді. Арты­нан кемпірі мен бойжеткен екі қызы ере шықты. Топырлатып жо­ғарыға шы­ғар­дық үй иелерін. Мен шалға сан­дықты аш деп белгі бердім. Алексей авто­ма­тын кезеніп, атуға даяр­ла­нып тұ­ра қалды. Шал сандықты ашқан кезде ішінен немістің екі офи­цері сол­бырайып шыға келді. Екеуін дедектетіп алдымызға са­лып, көш­пелі штабқа алып келдік. Қашып бара жатып, жанталаса қар­сы­ласқан не­міс­тердің біз іздеген ба­қылау нүк­те­сін осы екеуінен анық­­­­тап, шабуылға шыққан жауын­­­гер­­лерімізді алаң­дағы со­ғыс­тың қыр­­ғы­нынан аман алып қалғанбыз. Мен бұл кезде танкке қарсы артиллерия полкіне барлаушы бо­лып ауысқанмын, әскери шенім – қа­тардағы сарбаздан гвардия еф­рей­торына өскен, барлауда екі-үш сар­базға кәдімгідей басшымын дегендей. Жауынгерлік тапсырма берерде взвод кәмәндірі: «Гвардия еф­рей­торы Жақсыбаев!» деп әуелі рес­ми түрде шенімді, аты-жөнімді айтып бұйыратын болды. Ал полк коман­дирінің сап ал­дында: «Бар­лау­шы, гвардия еф­рей­торы Жақсы­баев Ұлы Отан соғысында көрсет­кен жан­қияр­лық ерлігі үшін «Қы­зыл Жұл­дыз» орденімен марапат­тала­ды деген Бас қол­басшы­ның бұй­рығын оқыған сәтте көкі­регімді айрықша мақ­­таныш сезімі кернегені әлі күнге дейін есімде. Ефрейтор деген кішкентай шенімді айтқаны үшін емес, Жақсыбай деген әкемнің аты ата­лып, соның ұлы бол­ға­ным үшін мақтандым... 45-жылдың наурыз айында Дунай өзеніне қарай бет түзедік, бірақ осыған дейінгі ара­лық­та неміс­тер­дің Грон өзенінің батыс жаға­сын­дағы бекінісін алу міндеті тұрды. Барлау жорығына Грон ештеңе емес-ау, Дунайдан өту оңай бол­ма­ды. Дұшпанның пулеметтен жау­дыр­ған оғы, мино­метінің снаряды өзеннің үстінде мезгіл-мезгіл нө­сер­леп бүркіп тұрды. Өзен бетін сызып, айқыш-ұйқыш жарқыл­да­ған прожектор­дың сәулесінен көз қарыққандай. Осындай жағдайда арғы бетке өтіп, неміс бекінісінің осал тұсын анықтауымыз керек. Ара­дағы толастарда, бұл әсіресе түн ортасы ауған уақтарда болады, Дунайдан өту әрекетіне кірісеміз. Осы отты өткелде қатарымыз әжеп­­­тәуір сиреп те қалды. Бірақ алға қойған мақсатымызды орын­дап шықтық. Өзеннің тастай суық суына мал­шынсақ та, тоңып қал­ты­рауды түйсініп-сезінерліктей жағ­дайы­мыз болмады. Бар ынтамыз, арғы бетке тірі жету. Сол түні өзен үстін тұтас қымтап қалған қалың тұман бізге әжептәуір қорған бол­ды. Ал тірі жетсек, тапсырманың орындалары хақ. Қазір ойлап отыр­сам, құдай бізді сақтап, ата-баба аруағы қолдаған екен, арғы бетке құрамалы ағаш салмен аман-есен өтіп, тірі қалдық. Ең бастысы, тап­сырма орындалды – жау бекінісінің ашық тұстарын тауып, штабқа рациямен хабарлап та үлгердік. Сәуір айы туа Трнава, Глаговец, Сенец қалаларын азат етіп, Бра­ти­славаға бағыт алдық. Бірге соғыс­қан сол сарбаз жігіттердің көпші­лігі май­дан даласында қал­ды. Снаря­д­тың жарықшағы сол аяғымды жанап өткені болмаса, мені жаудың оғы ала алмады. Бі­рақ соғыста бар­лаушы жау қолы­на тірі түспеуі керек деген жа­зылмаған, бірақ орын­далуға тиісті қағида болды. Ал алда-жалда жау тырнағына іліну қа­те­рі туын­даса өзіңе-өзің қару жұм­сау­дан басқа амал қалмауға тиіс еді. Сол қия­мет соғыстың небір қиын күн­дерінде де мұндай қайғылы сәтті таң­дау үлесі менің пешенеме жа­зыл­мапты әйтеуір. Туған елге – Тас­төбеге аман-есен орал­дым... Тастөбесіне аман-есен оралған Ал­пысбай Жақсыбаев соғыс жыл­дарында күйзеліп, жүдеп қалған ауылының шаруасын түзеуге белсене кірісіп кетті, колхоздың ма­лын өсіріп, егінін салу жұмыс­тары­на ел азаматтарымен тізе қоса отырып басшылық жасады. Жыл сайын мерекеленетін Жеңіс күндерін ел-жұртымен бірге той­лады, әрбір ме­рейтойлық естелік медальдарын ардагер барлаушы мақтанышпен өңі­рі­не қадап, та­ғып жүрді. Алайда гвар­д­ия еф­рейторы Жақсыбаевқа Жеңістің биылғы 66 жылдығын кө­руге тағ­дыр жаз­ба­ды. Тастөбеден Бер­линге дейін жеткен қатардағы бар­лаушының майдангерлік тағ­ды­ры ұрпағының жадында сақ­талады. Мәди АЙЫМБЕТОВ. Астана.
Бөлісу: