Жаңалықтар
8 мин оқу 637

Азғырдың азабы қашан азаяды?

Азғыр өңірін, еліміздің басқа жерлерін атамағанның өзінде, атыраулық тұрғындардың өздері де түгелге дерлік біле бермейді. Ол заңды жағдай сана­лады. Облыс орталығынан – 550, аудан орталығынан 300 шақырым қашықта жатқан құлазыған далада көптің құла­ғына жетердей тіршілік жоқ десе де болғандай. Ондай жағдайды қалыптас­тырып тұрған проблемалар жетерлік. Еділ мен Жайық – қос өзен ара­лығына шалғайын кеңге жайып жатқан Нарын даласының жалпы көлемі 40 000 шаршы шақырымды қамтыса, оның батыс бөлігі саналатын Азғыр өңірінің көлемі 12 000 шаршы шақы­рым­ды иеленеді. 1642-1770 жылдарда бұл өңірді қалмақтар қоныстанғаны тарих шежіресінде жазылған. Келімсектер тұрақты қоныстанып қала ал­ма­ды. Бөкей сұлтан Ресей патша­сы­ның тілін тауып 1801 жылы халқын Еділ мен Жайық арасына көшіріп әкел­ді. Артынан 1812 жылы жеке ш­а­ңырақ болып Бөкей хандығы құрылды. Осы тұста Азғырды қоныстанушылар өте көп еді. Іргедегі Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшілігіне тұрақты жұмыс­тарға орналасып, батыстағы өр­к­ениетті елдердің үрдісін игергендер де болды. 1848 жылы Бөкей хандығы таратылып, оның көлемі бес уез бен екі округке бөлінген әкімшілік басқару құрылым­дары енгізілгенде, Азғыр да­ла­сының көлемі «Қалмақ» уезі аталды. Оны басқарған әкім­дердің бірі Дәулеткерей Шы­ғаев есімі туған жер тарихында қалды. Қоғам да, мемлекеттік құрылым да өзгерген кезеңдер келді. 1920-1925 жылдарда бұрынғы хан ордасының ізінде Бөкей губерниясы құ­рылғанын тарихи құжаттар сақ­тау­да. Сол құрылымдарға орай 1928-1930 жылдарда Азғыр ауданы құрылды. Ұлы Отан соғысына дейін Азғыр мен Нарын даласында жиырма төрт колхоз болғанын атасақ, жомарт даланы халықтың жиі қоныстанғаны өз-өзінен айқындалар еді. Бірақ соның бәрі енді адам айтса нанғысыз жағдайға ұшырады. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанына қарамас­тан, сол кезде билік тізгінін ұстаған КСРО деген қуатты державада жанталаса қарулану жұмыстары жүр­гізілді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 4 қа­ра­шада астыртын қа­былдаған қаулы­сын­да «Ракета техни­ка­сын сынақтардан өт­кізу үшін» Қа­зақ­станның Нарын құмы­ның кең да­ласын үлкен көлемде әске­ри­лерге еншілеп бергені көрсетілген. Осы қаулы шыққан күннің ертесіне КСРО Қорға­ныс министрлігінің екі вагон құпия жүгі мақсатты нысандарға жеткізіліп үлгергені құжаттарда сақталған. Капустин Яр деген шағын селода бола­шақ үл­кен полигонның жасырын ор­дасы орны­ға­ды. Кейін мұнда Капияр деп аталған әскерилердің сәнді қала­шы­ғы пайда болады. Ол Астрахань облысының Ахтуба ауданының жеріне орналасқан. Поли­гон­ның сынақ алаң­дары кең Нарынды басып өтіп, Тай­сой­ған құмына барып тұмсық тірейтін. Сөй­тіп, аталған әскери дайындық – сы­нақ алаңы Қазақстанның Азғыр мен Нарын даласының 1 миллион 36000 гектар жерін жарты ғасыр бойына жамба­сына басты. 1952 жылы ол жер­лер­дің 24 колхозға бастары қосылған байыр­ғы тұрғындарын көшіру жүзеге асырыл­ды. 66000 тұрғыны бар Орда ауданы та­ра­тылды. Екі ғасыр бойына қоныстанған байырғы халық басқа аймақтарға, бір­қатары еріксіз түрде, қоныс аударды. Ондай отбасылар арасында Арал мен Оң­түстік Қазақстан жеріне шұбырған­дары да аз болған жоқ. Азғырлықтардың жартысы ата­жұрт­тан айырылды. 12 колхозы бар бір бөлек тұрғындар орталығы 250 шақырымдағы Құрманғазы (ол кезде Теңіз) ауданына қаратылды. 1957 жылы олардан «Сүйін­дік», «Балқұдық» деген екі совхоз ұйым­дас­тырылды. Тұрғындар жол қатына­сы­ның қашықтығына және қиындығына қа­ра­мастан ата-бабалары ғұмыр кешкен киелі қоныстан кеткен жоқ. Қазір де сол тұр­ғындардың басын қосып Сүйіндік, Аз­ғыр және Асан селолық округтері елі­міздің көк байрағын көтеріп отыр. Хал­қы­ның саны 10 мыңға жуықтайды. Олар­дың балалары сол өңірдегі бес орта, екі негізгі, екі бастауыш мектептерде білім алу­­да. Жері құйқалы, мал мен егінге тап­­шылық жоқ, тек соған көңіл бөлу кемшін. Өңірдің экологиялық жағ­дайы­ның ауырлығы да біраз мүмкіндіктен айырып тұр. Азғыр өңірін әскери полигонға ай­нал­дырғаннан кейін бұрын аудан орта­лы­ғы болған Азғыр селосына Оңтүстік сейсми­калық экспедиция дейтін (негізгі қызметі құпия жағдайдағы мекеме) кө­шіп келіп, өзінің басқару және база­лық орта­лығын жасады. Ауылдың түстік бетіндегі биік төбенің үстінен бірнеше көп қабатты үй­лер мен ғимараттар тұр­ғы­зылды. Әс­кери­лер мен түрлі мамандар көшіп келді. Бі­рақ тұрғындарды үрей­лендіріп басқа жақ­қа ығыстырған жоқ. Бұрын «Балқұ­дық» совхозының бір фермасының орта­лы­ғы болған тіршілік жалғаса берді. Ауыл­дың кейбір тұр­ғындарын оны-мұны жасайтын «қа­ра жұмысқа» алды. Мезгілінде еңбек­ақысын беретін үйдің қасын­дағы жұ­мыс­қа әркім-ақ ынталы болды. Жасы­рын у салып берілген тағам сияқ­тан­ған құпия­ның қауіптілігіне еліміз тәуел­­сіз­дік алған­нан кейін көз жеткізілді. Оң­түстік сейс­ми­калық экспедиция­сының тындырған жұмысы сол Азғыр ауылының маңайынан 1960-1985 жыл­дарда 160-1500 метр тереңдікте қуаты 1-ден 100 кило­тон­наға жететін 17 мәрте жерасты ядролық жарылыстар жасады. Қатерлі ұш­қын­дар­дың адамдар мен мал­дың ден­сау­лығына қаншалық зия­нын тигізіп жат­қа­нын бір­қатар басылымдар ашық жазды да. 1990 жылдың қыркүйек айында шы­ғыс­та көтерілген «Невада-Семей» қоз­ғалысына үн қосып Азғыр ауы­лы­ның басында сол кездегі аудан басшы­лары­ның қатысуымен арнайы халық жиы­ны өт­кізілді. Адамдар өте көп қа­тысты, ауыр жағдайлар ашық айтылды. Сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі­не арнап үндеу жолданды, онда көр­се­тілген талаптардың орындалғаны Аз­ғыр­ды апатты алаңға ай­налдыруға жұ­мыстанған Оңтүстік сейс­микалық экс­пе­диция көшірілді, ядролық ұшқын­дар­дан қауіпті зақымданған жары­лыс шұң­қырларының кейбіреулері «жерленді». Бі­рақ толық емес, олардан қауіпті ұш­қын­дар ауаға тарап жатқаны әлі де бай­қалатыны айтылуда. Жақында Парламент депутаттары, басқа да құзырлы ор­гандардың өкілдері қатысқан комиссия Азғырдың бүгінгі ахуалын жан-жақ­ты сарапқа салып, үлкен мәселені қозғады. Халық енді одан бір нәтиже күтуде. Себебі, бұрын да бірнеше комиссиялар бол­ған, халықпен кездесулер ұйымдас­тырылған. Оларды БАҚ-тар жазған, бірақ қанша айтылғанмен проблемалар азайған жоқ. Азғыр өңірінің барлық тұрғындары екі ғасырдан астам мезгілден бері жер­асты суын пайдаланып келеді. Бірақ ол кездегіні қазіргі жағдаймен салысты­ру­ға болмайды. Бұрын өте тайыздан-ақ бұрқырап шығатын құдық сулары енді тым төмендеді және жерасты ядролық сынақтарының зардаптары жоқ деп ешкім айта алмайды. Азғырды суландыру азабы ерте қоз­ғалды. КСРО Мелиорация және су ша­руа­шылығы министрлігінің 1974 жылғы 19 сәуірдегі рұқсат хаты негізінде жар­ты­лай шөлейт даланың мыңдаған гектарын су­ландыру мақсатында Ақ­то­ба-Азғыр ка­на­лының жобасы жасалып, бекітілген бо­латын. 1979 жылы осы каналды қазу жұ­мы­сы басталды. Мәс­кеу­лік ғылыми институттар жасаған жоба бойынша канал Астрахань облы­сы­ның Ахтуба өзенінің Михаилов селосы тұрған жерінен Азғыр­дың Қоңыртерек ауылына дейін 91 шақы­рымдық бірінші кезегінің елу шақы­рым­дай жері қазыл­ған-ды. Ең қиыны делінген Астрахань-Волгоград қалалары аралы­ғын­­дағы При­волжье темір жолының ас­тынан құбыр өткізу мәселесі де жо­ғары­дағы бас­шы­лық­тың қызу және қуатты қолдау­лары арқасында уақытылы шешімін тауып, 1985 жылы аталған темір жолдың Михаилов селосының батыс іргесінен әр­қайсысының диаметрі бір метрлік үш қатар құбырлар екі метр тереңдікте ұзын­дығы 672 метрге тартылғаны сол кездегі ақпарат құралдарында жазыл­ды. Ақыры араға он бес жылдай мезгіл салып Ақ­тоба-Азғыр каналының суы аталған Қо­ңы­р­терек ауылының түстік шетіне жеткізілген еді. Бірақ Кеңес Одағы тарап, өміршең үлкен перспек­ти­васы бар Аз­ғыр­ды суландыру жұмы­сы тоқтатылды. Каналдың екінші кезегі жүзеге асырыл­ғанда ұзындығы 150 шақырымға жалға­сатын су арнасы Сүйіндік округінің Бестау теліміне дейін жеткізіліп, жаңадан екі совхоз ұйым­дастыруға болатыны, 50 гектардай жерде суармалы егіншілікті да­мыту мүмкіндіктері жасалатыны көр­се­тілген болатын. Көшкен елдің жұр­тындай күйге түскен каналдың әңгі­месі енді ұмыт болып барады. Азғырды суландырудың екінші жо­басы Қоянды суын пайдалануға ар­нал­ған болатын. Қоянды – Ресей мен Қазақ­станның шекарасында шалғайын кеңге жайған құйқалы ежелгі қоныс. Өткен ғасырдың ортасына дейін мұнда халық көп қоныстанды. Кейін совхоз құ­рылып, Қояндының тұрғындарын Жалғызапан ауылына – ферма орталы­ғына көшірді. Айнала шалғын шөбі қалың өсетін, қыс­та да отар-отар мал ұстауға болатын Қоян­ды қонысы қа­ңы­рап бос қалды. Оның тағы бір қа­зынасы 1960 жылдарда жерінің ас­тын­да мол су қоры барын анықтап, сегіз бірдей ұңғымадан тұщы су атқылатып бергені бар. Су көзі терең­де екен және қанша алынса да ортай­май­ды. Осы мол суды пайдалану жоба­сы жасал­ды. Ақыры 1998 жылы Қоян­ды­ның мөлдір суы Сүйіндік село­сы­на 40 шақы­рым­ға тартылған құ­быр арқылы жеткізілді. Орта жо­л­да­ғы Жалғызапан ауы­лын­да сол таза су­ды пайда­лану­дың нә­­ти­жесінде шұ­жық жа­­сайтын цех ашы­лып, жұ­мысын бас­та­ды. Бірақ көп ұза­ған жоқ, қолға алынған жұмыс­тар­дың бар­лығы аяқ­сыз қал­ды, құрғақ әңгі­мелер көп жыл­дар бойы айтылды. Қоян­ды ба­сына 12 ша­қы­рым­ға электр желісін тарту, Қоян­­ды-Бал­құдық-Аз­ғыр суландыру құ­быр­ларын жүргізу жұ­мыстары бастал­ды да, тасталды. Талай қиын­дық­тарды бастан кешкен азғырлық ақ­са­қалдар көп әң­гіме­нің тиянақты шешімі аудан орта­лы­ғы мен Азғырдың ауыл­дарына жеткізілетін 300 шақырымдық жол­ға бай­ланыс­ты еке­нін жылдар бо­йына айтумен келеді. Бұдан дәл 40 жылдай бұ­рын атал­ғ­ан жолдың жал­пы сұлбасы белгіленіп, ау­данның өз ішкі мүмкін­дік­тері не­гізінде топырақтан жасалған көтер­ме жол өмір­ге келген-тұғын. Бетінде қат­ты жа­бын­дысы жоқ ашық то­пы­рақтан жа­сал­ған жолдың қанша­лық­ты төзімді болатынын оймен шамалай аламыз ғой. Жел үр­леген бос топырақ бірден ұңғыл-шұң­ғыл ойықтарға ай­нал­ды, жауын мен қар суында бал­шы­ғы да аяқ бастыр­майтын жағдайға тіреді. Қыста қардың күртігі, жазда жел үрлеген шағыл үйін­дісі трактордан бас­қа техникалық құрал­дардың аяғына тұсау салады. Жеңіл ав­то­­көлік­тер жү­ре алмайды, жүк көлік­тері 8-9 сағат батып-шығып үлкен азаппен же­теді. Қысқасы, жолдың қазіргі жағ­дайы аудан мен Азғырдың арасына қа­тынасты қалыптастыра алмай келеді. Бі­рақ бұл жолдың жағдайы өте-мөте қа­жет мәсе­леге айналды. Бұрын Астрахань облы­сы­ның жерімен жүріп, Харабалинск қ­а­ласына жетіп, одан алпыс шақырым жер­дегі Балқұдық селосына бара сала­тын. Енді шекара күзеті тәр­тіпті тым қатай­тып тұр. Былайша айт­қан­да, Харабалинск қаласынан Қазақ­стан жеріне өту немесе одан кері шығу жүріс­тері тоқта­тылды. Енді тек Ресей ше­кара­сын­дағы Қараөзек кеденінен өтіп Құр­ман­ғазы ау­данының орталығына же­тіп, содан кейін Азғыр өңіріне қала­ған ауылдарға баруға болады. Сонда енді бұл өңірге қаты­насу­дың бір ғана жолы болып тұр. Ал ол жолдың жағ­дайын, дұрысы, қан­ша­лықты жарам­ды­лығын әлгінде айттық. Бұл жолдың азғырлықтардың әлеу­меттік жағдайларын жақсарту үшін де атқарар қызметі үлкен. Бұрын Азғыр тұр­ғындары азық-түліктің барлығын, басқа да тауарларын Ресейден алатын еді. Енді шекара бекеттері тікелей қа­ты­нас­ты жап­ты. Қысқасы, азғыр­лық­тар үшін керек-жарақтың барлығы Құрман­ғазы ауданы­ның орталығынан шығатын жарамсыз құм жолымен жеткізіледі. Азғырдағы мектептер мен ауруханалар, басқа да мекемелер қысты күндері көмір және сұйық отынды пайдаланады, тұр­ғын­дардың оған қол­дары жетпегені қой қораның қиы мен даланың жыңғы­лын жағады. Біз әзір­ге газ бен таза ауыз су сұрамаймыз, тек аудан, облыс орталық­тары­мен қатынаса­тын жағдайымыз жақ­сар­тылса, ата-баба­лары­мыз ғасырлар бо­йы қоныс­танған туған жерден бас ауған жаққа көшіп кетер жайымыз жоқ. Іргеде шекара, кең дала­мыз­ды иесіз қалдырсақ, қайдағы бір келімсектер мекендеп ала­ры айдан-анық. Азғырлық тұр­ғындар атажұрттан көш­пей­ді. Азғыр­дың экологиялық жағдайын сауық­ты­рып, қатынас жолымызды жасап берсе, елімізге мал шаруашылығы өнім­дерін тонналап-тонналап өткізіп тұрар едік деп азғырлықтар әңгіменің ақырғы тү­йінін айтады. Шұғыл түрде шешімін табатын басты проблема осы болып тұр. Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі. Атырау облысы. Құрманғазы ауданы.
Бөлісу: