Жас таланттар жарқылы
Жақында домбыра мен пианинода жұптасып өнер көрсететін Сәбит Абзалов пен Диляра Серік «Сәлем, Астана!» атты республикалық байқауға қатысқан 400 үміткердің арасынан суырылып шығып, бірінші орынды олжалап қайтты. 9-10 жастағы талантты балғындар халық әндерінен үзінділер орындап, қазылар алқасының ең жоғары бағасын алды. Мұның алдында «Манящие лики гор» халықаралық байқауында бағын сынаған Аружан Баранқұлова сәндік-қолданбалы өнер аталымы бойынша екінші орынды жеңіп алған болатын.

Бүгінде «Мерей» өнер мектебінде жұмыс істейтін 4 бөлімде 270 бала аспапта ойнау, хореография, сурет салу, вокал сыныптарында өз шеберліктерін жетілдіріп жүр. Оларға 20 тәжірибелі мұғалім сабақ береді.
– Оқушыларды 5 жастан қабылдаймыз. Якорь және Соколовка елді мекендерінде бөлімшелеріміз бар. Оларда балғындар хореография және фортепиано сыныптарында оқиды. Жақында «Балауса» жас домбырашы қыздар ансамблі құрылды, – дейді өнер мектебінің директоры Әлия Сеңкібаева.
Айтпақшы, «Gold accordion» байқауынан жүлделі екінші орынмен оралған Алена Ракова аргентиналық тангоны нақышына келтіре орындап, елордалық көрермендерді таң-тамаша етіпті. Бұған Алматыда ұйымдастырылған халықаралық байқауға үкілеп қосқан жас қылқалам шеберлерінің туындылары да ұсынылып, үздіктер қатарынан көрінгенін қоссақ, еркін елдің ертеңгі ізбасарларына деген сенім оты сөнбесі анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы