74 жылдан соң...
Жуырда Төлеби ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді орта мектебіне Алматы қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының консул-кеңесшісі С.А.Соколов келді. Ол Ресей Федерациясының Президенті В. Путиннің арнайы тапсырмасымен осы ауылдың тумасы, соғыс кезінде минометшілер взводының командирі болған Лаулан Ағабековтің «Қызыл Жұлдыз» орденінің кітапшасын тапсыруға келіпті. Бұдан 74 жыл бұрын берілмеген марапат Жеңіс жауынгерінің мұрагері – Лаулан Ағабековтің үлкен ұлы Керімбайға салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл ерліктің тарихы төмендегідей екен…

Сталинград түбінде 1943 жылы 15 қаңтарда болған кескілескен ұрыста Л.Ағабековтің минометшілер взводы жаудың кезекті қарсы шабуылын тойтарады. Олжа ретінде түсірген неміс пулеметімен гитлершілдердің автокөлігіне оқ атып, оны жойып жіберген. Жаудың 20 солдатын тұтқынға алған. Сондай батылдығы үшін взвод командирі «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған екен. Алайда, бұл награда белгісіз себептермен ержүрек командирге бұйырмапты.
Мұндай айтулы шараның өскелең ұрпаққа берері мол. Салтанатқа жиналғандар мектеп ауласында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арнап орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Әруақтарға Құран аяттары бағышталды. Аудан әкімінің орынбасары М.Пернебеков, мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев, Екпінді орта мек-
тебінің директоры Н.Ділдабеков сөз сөйлеп, тарихи сәтке куә болып отырғандарын, мұның өзі жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, елі мен жерін сүюге тәрбиелейтінін жеткізді.
1917 жылы бұрынғы Қызыл үңгір ауылдық кеңесіне қарасты Чапаев атындағы колхозда туған Лаулан Ағабеков Қызыл армия қатарына 1939 жылы алынған. Соғыс өрті бұрқ ете қалғанда ол тұрақты Қызыл Әскер Қарулы Күштерінің сапында болған екен. 1941 жылдың жаз айынан 170-атқыштар дивизиясының 198 атқыштар полкінің құрамында Великие Луки түбінде күші басым фашист жендеттерімен шайқасады. Жеңіл жарақаттанып, көп ұзамай қайта сапқа қосылыпты. Келесі жылы ол 20 ақпан мен мамыр айының аралығында Оңтүстік-Батыс майданындағы 199-атқыштар дивизиясына қарасты 617-атқыштар полкінде пулеметшілер бөлімшесін басқарып, талай әскери жорықтарды бастан кешіреді. Кейін Л.Ағабеков үш айлық қысқа мерзімді курсқа жіберіліп, кіші лейтенант шенін алып шығады. Көп ұзамай 204-атқыштар дивизиясының 700-атқыштар полкіндегі 82 милиметрлік минометшілер взводының командирі болып тағайындалады. Сталинград түбіндегі қиян-кескі шайқастарға қатысады. Содан кейін Жапон миллитаристерін талқандауға да атсалысып, 1946 жылы ғана туған жеріне оралады.
Бейбіт өмірде Л.Ағабеков ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге атсалысады. Әйелі Бейбіт екеуі 3 ұл, екі қыз тәрбилеп өсіріп, бертінде 72 жасында қайтыс болады. Майдангер қарт бұған дейін «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және ондаған медальдармен наградталған болатын. Ал осы мақаланың жазылуына түрткі болған орденнің кітапшасы ұрпақтарына табыс етілді. Мұндай майдангерлердің кешегі жорық жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы