Жаңалықтар
2 мин оқу 491
Алаяқтық азаймай тұр
Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, әркімді алдап пайда табушылардың саны азаймай тұр. Біреудің мүлкін заңсыз иемденіп, алаяқтықпен ақша тауып, көзбояушылықпен кекіре тойып жүргендердің жолын кесу мақсатында Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті нақты шараларды қолға алды. Аз күндік жұмыстың нәтижесінде алаяқтық қылмыспен айналысқан екі адам құрықталған.
Осы наурыз айының басында полицияға қала тұрғыны шағымданады. Жәбірленуші өзінің танысы жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастырамын деп 150 000 теңгесін алып, сол бойы ізім-қайым жоғалғанын айтады. Осы іске қатысы бар деген күдікпен полицейлер 30 жастағы азаматты қолға түсірді. Бүгінде оған қатысты Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Сонымен қатар, соңғы уақыттарда құндыз тондарды сату, сатып алуға қатысты алаяқтық фактілері де көбеюде. Мәселен, ақпан айының соңында әлдебір азаматша 50 жастағы қала тұрғынының құндыз тонын сатып алуға келісіп, отбасымен ақылдасу үшін тонды үйіне алып кетеді. Алайда, жәбірленушінің сенімін теріс пайдаланып, 250 000 теңге тұратын құндыз тонын да, ақшасын да қайтармайды. Наурыз айында жәбірленуші ішкі істер басқармасына арызданады. Сол күні сезікті азаматшаның үстінен тағы 2 арыз келіп түседі. Барлық қылмыс бір жүйемен жасалғаны, яғни екі жәбірленушінің де құндыз тондарын сатып алатынына сендіріп, бөтеннің меншігін заңсыз иемденіп кеткендігі анықталады. Біріне 200 000 теңге, енді біріне 250 000 теңге материалдық шығын келтірілген. 3 факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ішкі істер басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетерлік жайт, осы жылдың 2 айында облыс көлемінде 168 алаяқтық қылмыс тіркелгенімен, ол өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 20,4 пайызға азайған.
Енді тіркелген алаяқтық қылмыстарды аз-кем талдасақ. Қарызға ақша немесе зат алып қайтармағандар – 34, несие алуға көмектесемін дегендер – 127, кезексіз жер алып беремін дегендер – 131, кезектен тыс үй алуға көмектесемін дегендер – 124, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есепшотына ақша салдырғандар саны 71 қылмысты құрап отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Бөлісу: