Жаңалықтар
3 мин оқу 210
Көмескіні жаңғыртсақ жаңа болар
Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің ұжымы мен «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қарлығаш Балапанова бірлесіп, студент жастар арасында дәстүр-салт туралы байқау өткізді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Қостанайдағы жастар арасында дәстүр-салтты, өнерді насихаттайтын «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді байқаулар саябырсығандай болып жүр еді. Жастар әр сөз, әр қимыл жүректен өтетін ұлттық бояуға бай шараларға шөлдеп қалғандай екен. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының, Қостанай педагогика институты филология факультетінің, Гуманитарлық және педагогикалық колледждердің студенттері байқауға қызу атсалысты.
Жастар байқаудың жеті шартын орындауы керек болды. Алдымен өзін таныстырып, бойындағы өнерін көрерменге ұсынғаннан кейін, бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, келін түсіру дәстүрлерін көрсетті, викториналық сұрақтарға жауап берді. Бір қарағанда, халқымыздың салт-дәстүрі кімге де болса да белгілі секілді.
– Халқымыздың салт-дәстүрі өте бай ғой. Әрбір салтымыздың мазмұны да терең және барлығының тәрбиелік мәні бар. Көптен бері қазақтың қолөнерін, соған орай салт-дәстүрін насихаттап жүргендіктен, байқау өткізбес бұрын өз айналамдағы жастармен сөйлестім. Жастың аты жас, оларды бүгінгі интернет арқылы батыстың анайылау, ұлттық сипаты жұтаң мәдениетінің еліктіретіні рас. Дегенмен түп-тамырына тартпайтын ешкім жоқ. Жастар қазақтың дәстүр тарихын жете білмесе де, ұлттық киімдерді, әуендерді ұнататынын айтты. Облыстық кітапхана қызметкерлеріне менің бастамам ұнап, жастар арасында салт-дәстүр туралы байқау өткізу керек деп шештік, – дейді «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қарлығаш Балапанова.
Студенттер сәбиді бесікке салуды, баланың тұсаукесерін, қыз ұзату мен келін түсіруді әп-әдемі театрландырып қойып берді.
– Халқымызда ұмыт болып кеткен дәстүр, салт көп екен. Оларды студенттер кітаптардан тауып алып, көрсетті. Салт- дәстүрге күнделікті өмірде атүсті қарап кететініміз жасырын емес, – дейді облыстық әмбебап кітапхананың сектор меңгерушісі Зәріпгүл Смағұлова.
Расында, жастар байқау кезінде селтеткізер, ұйқыашар, көгентүп, қазан жарыс, жиенқұрық, ит көйлек деген секілді көптеген ғұрып-салттарды түсіндіріп беруде күмілжіді. Жастар тұрмақ орта жастағы кісілердің өзі мүдірері хақ. Өйткені, осы салттардың көпшілігін кітаптан оқимыз. Ал өмірде қолданбақ түгілі оларды құлағымыз шала бермейді. «Қазақ – қашан да қазақ» дегендей, сол ғұрыптар күнделікті өмірімізде кездескенімен, оларды ғасырлар бойы қалыптасып, сөз мәйегіндей болған әдемі атымен атауды ұмытқандаймыз. Қай жігіт мерекеде қызға ұнатқанын білдіріп, алғашқы сыйлығын ұсынбайды дейсіз. Алайда, оның «селтеткізер» екенін бойжеткен де, бозбала да елемейді, білмейді, өз атымен атамайды да. Нәрестені қырқынан шығарарда ит көйлегін иттің мойнына байлаған қандай мағыналы еді! Баланы қырқынан шығару ырымы қазір де сақталған. Бірақ ит көйлек туралы салттың көмескіленгені шындық. Әркім-ақ қыдыра келген туысының баласына малының төлін сыйлар, бірақ оны көгентүп деп жүрміз бе? Жиенінің нағашысынан ұнатқанын қалайтын сыйлық – жиенқұрық та солай. Өмірде бар, бірақ өз атымен атала бермейді. Аталмаған соң аты да, заты да көмескілене бермек.
Қостанайдағы студент жастардың халқымыздың салт-дәстүрі туралы байқауы осындай ойға түрткі болды.
– «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігін осы халықтық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында құрдым.Енді жыл бойы жастар арасында салт-дәстүрді насихаттайтын түрлі шаралар өткізуді қолға аламын, – деп Қарлығаш Әлиханқызы алақанына түкіріп отыр. – Жастардың зердесіне құя берсек, ол жүректе қалады, ұмытылмайды, бәрібір жаңғырады, жастар шөлдеп іздейтін болады!
Байқауда бас жүлдені Қостанай мемлекеттік институтының, бірінші орынды Қостанай мемлекеттік университетінің, екінші орын мен үшінші орынды Гуманитарлық және Педагогикалық колледждер студенттері бөлісті. Көп балалы ана, кәсіпкер, бірнеше жыл қатарынан Қостанай аудандық мәслихатының депутаты болған Қарлығаш Балапанованың бастамасы жастардың да, жалпы жұртшылықтың да көңілінен шыққандай. Облыстық кітапханада өткен студент жастардың байқауынан бір байқағанымыз – өзіміздің ұлттық бояуы қанық салт-дәстүріміз әр көңілге көктемнің күніндей шуақ себелейді екен.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Бөлісу: