Жаңалықтар
1 мин оқу 270
Жетімдерді жебейтін орталық
Өткен жылдың маусым айынан бастап Көкшетау қаласында "Ана үйі" аталатын балаларды асырап алу орталығы жұмыс істей бастаған болатын. Содан бергі уақытта аталған орталық балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген 14 жеткіншекке асырап алушы отбасын тауып берген.
Негізінен «Балаларды асырап алу орталығы» жобасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және БАҚ-тың қолдауымен қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан қолға алынған-ды. «Баланың толыққанды және әлеуметтік жақсы жағдайда дамуының басты шарты – отбасылық береке. Біздер үшін баланың отбасында тәрбиеленуі өте маңызды», дейді «Ана үйі» қызметкері Құралай Жұмабекова. Жоба шеңберінде облыс бойынша тұрақты негізде қабылдап алатын ата-аналар мектебі жұмыс істеуде. Онда асырап алушылар үшін Қазақстан жағдайына ыңғайланып алынған халықаралық тәжірибеге негізделген тренингтік бағдарламалар өткізіліп, психолог-тренерлер дәріс береді. Негізінен 12 модульден (әрқайсысы 3 сағаттан) тұратын бағдарлама асырап алушы ата-аналарға бүлдіршіндерді балалар үйінен алу кезінде салмақты да саналы шешім қабылдауға мүмкіндік туғызады. Болашақ асырап алушы ата-аналар медицина, құқық, педагогика және психология саласының базалық білігін игереді, яғни, баланың отбасылық жағдайды қабылдау ерекшелігін, тиімді тәрбиелеуді және бала күтуді үйренеді. Мектептің қысқа уақыт жұмыс істеуі кезеңінде 18 отбасы оқытудан өтіп, оның 11-і балаларды өз отбасыларына қабылдап алды. Реті келгенде айта кету керек, үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап «Патронаттық үй» отбасылық құрылым түрі жұмыс істей бастады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Бөлісу: